​«Мамамның бізді тастап кеткеніне қуанамын»: алматылық азамат әйелдерге өзін қорғау керегін айтты

0
2 022

«Таяққа көніп, мерт болғанша, өсектің астында тірі жүрген артық»


​«Мамамның бізді тастап кеткеніне қуанамын»: алматылық азамат әйелдерге өзін қорғау керегін айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Қазақ қоғамында, менталитетінде ерлі-зайыптылар ажырасса, көбіне-көп ажырасуға арыз берген немесе күйеуін тастап, төркініне кеткен әйелді кінәлі ету қалыпты жағдайға айналып кеткен. «Бір еркектің тілін таба алмады», «таяқ жегеннен ешкім өлмейді, балалары үшін шыдауы тиіс еді» деген сөздермен «жанашырлық» танытып жатады.


Алайда біздің бүгінгі кейіпкеріміз бұл пікірмен келіспейді. Заты еркек болса да отбасылық өмірде тұрмыстық зорлық-зомбылықты қолдамайтынын айтып отыр. Өйткені ол әкесінің әйелдерге жасаған озбырлығын көріп өскен. Өзін Нұрболат деп таныстырған жігіт отбасылық өмірінің көпшілік білмейтін құпия-сырын ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Жасым 29-да, отбасылымын, жұбайым екеуміз екі ұл тәрбиелеп отырмыз. Әр адамның ішінде біреуге айтқысы келмейтін сыры, өкініші, мұңы болады ғой. Ондай менде де бар. Осы уаққа дейін «біреуге айтқаннан не пайда» деп ішімде сақтап жүргем. Бірақ қоғамды дүр сілкіндірген соттан кейін ақтарылып, басымнан өткізген, көзіммен көрген осы бір жағдаймен бөліскім келді. Бұл жағдай басқа да әйелдерге сабақ болса екен.


Үйдің үлкенімін, өзімнен кейін інім бар. Әкем мен анамның қалай танысып, қалай үйленгенінен хабарым жоқ. Әйтеуір олар мен есімді білгелі көп жанжалдасатын. Мен бірінші сыныпқа барғалы үйде тыныш отырып, мамыражай күйде шай ішкеніміз есімде жоқ екен. Құдайдың құтты күні әкем анама сөзбен тиісіп, қызғанып, сұрақтың астына алып, ақырында ұрып тынатын. Қалада тұрамыз, анам бір ауруханада мейірбике боп істейтін. Ара-тұра түнгі ауысымға түсіп қалады. Сондайда әкем қызғанып, ертеңіне міндетті түрде ұрып, тепкілеп тастайтын.


Мен жетіге, інім төртке толған жылы мамам шыдамады, ата-әжемді, өзінің төркінін шақырып «Мен енді бұлай өмір сүре алмаймын, Бекенмен ажырасам» деп бәріне өз шешімін жария етті. Бала болсам да сол күнгі көрініс әлі көз алдымда. Әкемнің күйеуден қайтып келген әпкесі бар-тұғын. Сол кісі «Бәленің бәрі өзіңнен! Інім сені қызғанса, демек оған бір себеп болған. Менің байым сияқты күнде ішіп, әр жерде аунап жатқан жоқ. Тәп-тәуір, тап-таза жігіт, осындай еркекті бағалай алмай, басыңдағы бағыңды теуіп отырсың. Екі баланың тағдыры не болады?» деп мамама бірталай ауыр сөздер айтқан.


«Екі баланы алып кетем, өзім бағып-қағам» деп мамам сөйлеп бастап еді, әкем мен ата-әжем тоқтатып тастады. «Кетем десең өзің кет, балалар біздің тұқымымыз, өзіміз өсіріп жеткіземіз» деп бізді мамаммен жібермей қойды. Бізге жаутаңдап қарай-қарай мамам киім-кешегін жинап, әке-шешесімен бірге төркініне кетіп қалды.


Сол күннен бастап мамама қатты ренжіп қалдым. Апам да «Шешелерің көкек ана болды. Сендерді бір сәтке ойлаған жоқ, аяушылық сезімі, аналық мейірімі жоқ тасжүрек екен» деп күн сайын құлағымызға құя берді. Төрт жастағы інім «мамам қашан келеді» деп жылаған сайын мамама деген ренішім ішімді қыз-қыз қайнататын...


Бір жылдан соң папамыз екінші мәрте үйленді. Обалы не керек, ол кісі де жақсы адам болатын. Бұрын тұрмысқа шығып, бала туа алмауы себепті ажырасқан сияқты. Бізді өз балаларындай қабылдап, барынша мейірім танытты. Бірақ оны да әкем бағалаған жоқ. Күні бойы үйде отырған өгей шешемізді кешкісін тағы да мамамызға тиіскендей тиісіп, жөн-жосықсыз ұрып, тепкілеп тастайтын. Кейін келе «тумайсың, бедеусің» деп намысына тиетін сөздерді айтып, байғұсты қорлаушы еді.


Әлі есімде, мектептен келіп, тып-тыныш сабағымды оқып отырғам. Өгей шешеміз кешкісін туыстарымыздың тойына баратын боп, папамның жейдесін кілемнің үстіне жаялық төсеп, үтіктеп отырған. Тура осы сәтте інім пышақпен нан турап жатып қолын оңдырмай кесіп алды, сөйтіп бақырып жылады. Өгей шешеміз шошып кеткен болуы керек, қосулы тұрған үтікті тастай сала ініме жүгірген ғой. Байқаусызда әлгі үтік жерге құлап, бөлменің кілемі күйіп, ойылып қалды. Бала болсам да кешкісін үйде тағы бір ұрыстың болатынын сездім. Өгей шешемнің жаны қалмады, маған «папаңа айтпай-ақ қояйықшы, тойдан келген соң өзім түсіндірем» деп маған жаутаңдап қарады.


Бірақ сол күні кешкісін інім бәрін папама жеткізіп қойды. Бала ғой, оны да кінәлай алмайсың. Тозығы жеткен кілемді күйдіріп алғаны үшін өгей шешемді өлімші етіп сабап тастады. Бұрын соққы алса да тұрып, тірлігін істеп жүре беретін адам бұл жолы екі күн басын көтере алмай қалды. Мен қорқып, көрші апаны көмекке шақырдым. Ол кісі өгей шешемнің туыстарына хабар беріп, айқай-шумен өгей шешемізді алып кетті.


Осы кезде мен мамамның папамыздан не үшін кеткенін жақсы түсіндім. «Байғұс мамам папамның қасында одан әрі қалса, өлеп кететінін сезген екен ғой. Күйеуінің тиран, абьюзер екенін біліп, басы аман кезде кетіп қалғанын кейін түсіндім, бірақ сол кезде алғаш рет іштей сездім. Және бізге мамамды жамандап, әлемдегі ең жаман адам қылып көрсеткен апама қатты ренжідім. Есімді біліп қалғам ғой, «Мамамды жамандағанша баласына неге қой демеді, неге оның осындай адам боп шығуына жол берді. Менің мамамды жамандағанша неге өз баласына дұрыс тәрбие бермеді» деп апама өкпеледім.


Екінші әйелі де кетіп қалған соң папамыз ішкілікке салынып кетті. Ішкенде ешкімді тыңдамайтын. Жұмысынан шығып қалды, аузы арақтан босамайтын болған соң ата-апамыз бізді өздерінің үйіне көшіріп алды. Ал папам ішіп, әр жерде бір жүріп өмірден өтті. Өлген адамның артынан жаман сөз айтуға болмайды дейді ғой, дегенмен оның өмірінің осылай құрдымға кетуіне жалғыз өзі кінәлі деп білемін.


Мектепті бітіріп, университетке түскен соң мен нағашыларымды іздеп бардым. Мамамды көргім келген. Ол кісі де бірнеше мәрте бізді іздеп келген. Бірақ ата-апамыз баяғы өкпесін ұмыта алмай, бізді жақындастырмай қойған. Кәмелеттік жасқа толған соң саналы түрде мамаммен табысқым келді. Әкеммен ажырасқан соң жақсы бір азаматқа тұрмысқа шығыпты. Оған бір ұл, бір қыз сыйлапты. Інім екеумізді тамаққа шақырып, үйінде қонақ етті. Неше жылдық үзіліс, бала кездегі көрген қиындық, бәрін айтып, шер тарқатып, қайта табыстық. Қазір біз бақыттымыз. Мамамның екінші күйеуі де өмірден өткен. Емін-еркін араласамыз. Апта сайын немерелерін көруге біздің үйге келіп тұрады.


Қазір мен мамамның сол кездері папамнан кетіп қалғанына қатты қуанам. Өйкені дені сау, тірі боп қазір қасымызда отыр. Ал әкеммен бірге өмір сүре бергенде, «Балаларым үшін көнем, адам боп кететін шығар» деген үмітпен таяғына көнгенде баяғыда өліп немесе мүгедек боп қалар еді.


Сондықтан, құрметті қыз-келіншектер, егер сіз күйеуіңізден таяқ жеп жүрсеңіз, онда ол еркектен аман-сау тұрғанда қашу керек. Сіз балаңызға деніңіз сау күйде керексіз. Балаға да тиран әке керек емес, одан оған ешқандай тәрбие жоқ. Болып жатқан атышулы соттағы қаза болған қыз сияқты құрбан боп кеткенше «Күйеуін тастап кетіпті» деген өсекпен тірі жүрген артық дегім келеді...»