​НЕКЕДЕГІ ТӘУЕЛДІЛІК: Ерлі-зайыптылар бір-біріне БАҒЫНЫШТЫ БОЛМАУ керек

0
1 661

Көбінесе, әйелдер күйеуге тәуелді болады. Өз еркіндігіңді сақтау үшін не істеу керек?


​НЕКЕДЕГІ ТӘУЕЛДІЛІК: Ерлі-зайыптылар бір-біріне БАҒЫНЫШТЫ БОЛМАУ керек

Екі адам отбасын құрған соң бір үйде тұратыны, бір жастыққа бас қойып, бір мақсатты көздеп, арманға бірге ұмтылатыны түсінікті. Жалпы, ендігі жерде көп нәрсе екеуіне ортақ және біраз дүниені бірге жасауға тиіс болады. Алайда, осы ортада жұтылып кетпей, әрқайсысы өзіндік тұлғалық еркіндігін сақтап қалуы – шарт. Олай болмаған жағдайда, міндетті түрде екеуі де жапа шегеді.


Некедегі тәуелділік деген не?

Ерлі-зайыптылардың арасындағы тәуелділік оларды байлап-матап тастайды. Тәуелді адам «иесінің» рұқсатынсыз ешқайда бара алмауынан, ештеңе істей алмауынан, өзін жоғалтуынан бөлек, жұбайына да тыныштық бермейді. «Мен онсыз өмір сүре алмаймын» деп ойлайды және жұбайынан да өзінсіз өмір сүре алмауды талап етеді. Орынсыз қызғанады. Тәуліктің тең жартысынан көбін жұбайының қасында өткізгісі келеді, одан да соны үздіксіз сұрай береді. Тек отбасын, жарын ғана ойлайды, жанұясы үшін көп нәрсесін құрбан етеді, серігін бірінші орынға қойып, өзін кейінге ысырып тастайды, оған жағу үшін бәрін жасайды. Соңында осы еңбегі үшін лайықты қайтарымын күтеді. Екінші жартысының жауабы көңілінен шықпаса, өкпе-реніш, ұрыс-керіс, дау-жанжалға ұласады. «Кешірдім» деп қайта жақсы адам болып жүреді де, біраз уақыттан соң тағы да қайтарым талап ете бастайды. Осындай үздіксіз арлы-берлі теңселіп тұратын «сезімдер мен эмоциялардың әткеншегі» екі адамды да қажытатыны анық.


Сүйіспеншілік пен тәуелділіктің айырмасы қандай?

Арасында нағыз сүйіспеншілігі бар ерлі-зайыптылар бір-бірінің жанында өздерін жайлы сезінеді. Сондай-ақ олар сүйіктісі қасында болмаған кезде де өзін жақсы сезіне алады.

Ал тәуелділік орнаған ортада ерлі-зайыптылардың бірге өткізген уақыты кейде жайлы, кейде жайсыз. Бір-бірінен қол үзген жағдайда нағыз таргедия басталады, екінші жартысынсыз өмірін елестете алмайды, «онсыз өмір сүре алмаймын» деп ойлайды. Оған сүйіктісі жоқ жердің бәрі қызықсыз. Достарымен, отбасымен, қоғаммен араласуды тоқтатады.

Қарым-қатынаста тәуелділік болса, тәуелді жан өмірлік серігінің іс-әрекеттерін адекватты түрде бағалай алмайды. Оның тек артықшылығын көріп, кемшіліктерін байқамайды. Отбасылық өмірі қайғы мен азапқа толы болса да, оны қалыпты санайды.


Тәуелділіктен қалай құтылуға болады?

Егер адам некеде тәуелділікке тап болса, осыны түсінген сәттен бастап мүмкіндігінше тезірек арылуға тырысып, осы күйден шығудың жолын табуы керек.

  • Бірге өткізетін уақытты азайту

Жұбайыңызбен барынша көп уақытты бірге өткізгіңіз келетіні белгілі. Бірақ осыны азайту керек. Өзіңіз үшін уақыт пен ереже бекітіп алыңыз. Мәселен, кешкі уақытта бір-екі сағат қана сөйлесіп, сырласу. Немесе тек сенбі-жексенбіде Басқа уақыттарда тек жағдай сұрасып, маңызды шаруаларға қатысты срақтар қоюға болады. Тек «Маған көңіл бөл. Мен сені күтіп отырмын. Мені ғана ойла» деп мазасын алып қоймау керек.


  • Өзіңізге бөлетін уақытты көбейту

Некеде тәуелді адам өзін ойламайды, арман-мақсаттарын, хоббиін, достарын, т.б. ұмытады. Жаңа нәрсе үйреніп, өзін дамыту жайлы мүлде айтпай-ақ қояйық. Осы олқылықтың орнын толтыруға күш салыңыз. Өз қызығушылықтарығызға, хоббиіңізге өзіңізді дамытуға бет бұрсаңыз, жұбайыңыздың басқан ізін аңдуға, мазасын алуға уақытыңыз да қалмайды. Бұл өзіңіз үшін өте пайдалы тәжірибе болары анық.


  • Әлеуметтік ортаны ұлғайтыңыз

Елеусіз қалып қойған ескі достармен қарымқатынасты қайта орнатуға тырысыңыз. Жаңа орталарға да барып жаңа таныстықтар құрыңыз. Айналаңызды позитивті және табысты адамдармен қоршаңыз. Неғұрлым көп адаммен аралассаңыз, соғұрлым көбірек пайдалы ақпарат пен позитив аласыз.


  • Жалғыздықтан қорықпаңыз

Жұбайыңыз жоқ жерде де өзіңізді жақсы, бақытты сезіне алуыңыз керек, осыны түсініңіз, үйреніңіз. Жалғыз болудың еш жамандығы жоқ. Қайта өзіңізбен жалғыз қалғанда әртүрлі жағдайларды тереңінен талдай аласыз, өзіңізді жақсы тани түсесіз. Кейбір мәселелердің шешімін, сұрақтардың жауабын табу үшін жалғыз болу маңызды.


  • Өкпе-ренішті сақтамаңыз

Ерлі-зайыптылар – екі түрлі адам. Екеуінің ойы үнемі бір жерден шыға беруі шарт та емес, мүмкін де емес. Сондықтан кейде жұбыңыздың сөзі, ісі ойыңыздан шықпай қалуы – заңдылық. Ол үшін ренжіп, кек сақтап жүрудің қажеті жоқ. Өзіңіздің де барлық іс-әрекет, сөзіңіз оның ойынан шығуына күш салып, қиналу – бекер әурешілік.

Осы санаулы ғана әрекеттерді жасап үйрене отырып, әдетке, өмір салтына айналдырсаңыз, өзіңізге де, жұбайыңызға да үлкен жеңілдік сыйлайсыз.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

«Жұмыс істемейсің, өзім асыраймын» деген ЖІГІТТЕН АУЛАҚ БОЛҒАН ДҰРЫС па?