​«Мектепке 9 жасымнан бардым»: Жас суретші Рауаж Жарылқасыновпен сыр-сұхбат

0
383

«Тик-токта» миллион оқырманым бар»


​«Мектепке 9 жасымнан бардым»: Жас суретші Рауаж Жарылқасыновпен сыр-сұхбат

Ол – шығармашылығын енді бастап жатқан жас суретші. Соған қарамастан «Тик-ток», «Инстаграм» сияқты әлеуметтік желілерде миллиондаған оқырманы бар, жастар арасында танымал жан. Басқа суретшілер сияқты қылқалам мен, майлы бояуды ғана емес, керексіз боп қалған картон қораптарды да кәдеге жаратып, ерекше туындыларды ойлап тапқан. Ол суретті кез келген нәрсеге сала береді, жерде жатқан үлкендеу тасқа да әдемі пейзаж түсіріп, әп-сәтте естелік сыйлыққа айналдыра салады. Таныс болыңыздар, ол – Рауаж Жарылқасынов. Желіде «Алдаров» деген атпен танылған талантпен ERNUR.KZ тілшісі сұхбаттасты.


- Рауаж, есімің ерекше екен, өз басым мұндай атты бірінші рет естідім. Не мағына береді, кім қойды?

- Туғанда ернімнің үстінде тыртық болды. Қазақта оны «қоянжырық» деп атайды. Сол тыртықты көрген нағашы әжем маған Рауаж деген есімді қойыпты. «Рауажланып кетсін, дамысын, ерніндегі тыртығы өсіп, өніп кетсін» деген ырымға сүйенген ғой. Сосын табиғатта рауаж деген шипалы гүл бар, өте сирек кездесетін өсімдік түрі.


- Жақсы екен. Ал енді отбасың, ата-ана, бауырларың жайлы айта отырсаң...

- Алматы облысы, Қарасай ауданы, Ұлан деген ауылда дүниеге келгем. Үш ағайындымыз, үйдің ортаншысымын. Жиырма екіге толдым. Ернімдегі жырыққа байланысты мектепке кеш барғам, жиырма жасымда бітіріп шықтым. Әкем жанармай бекетінде жұмыс істейді, анам мекемеде еден жуушы болып жүр.

Мен мектепті бітірген соң «Қолөнер» мамандығы бойынша колледжге оқуға түскем. Бір жыл оқып, келесі жылы, екінші курстан университетке ауыстым. Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеттің кескіндеме (живопись) факультетінде білім алып жүрмін. Грантқа түскем, ай сайын шәкіртақы алып тұрам. Қуантатыны – сол.


- Суретке деген қызығушылық қалай басталды? Үйде өзіңнен басқа суретке қызығатын адам бар ма?

- Анам жас кезінде қызығып, суретті көп салған екен. Сол кісі арқылы дарыған шығар деп ойлаймын. Өзім денсаулығыма байланысты мектепке 9 жастан бардым. Жеті жасқа барғанда мені қабылдамай қойды. Сонда үйде отырып, ішім пысты. Ол кезде қазіргідей итнернет, телефон деген жоқ. Отыра қалып теледидардан көрген мультфильм кейіпкерлерін ойымда сақтап алып, кейін қағаз бетіне түсіріп, салатынмын. Сол, бала кезде салған суреттерім әлі күнге дейін сақтаулы.


- Өз туыңдыларыңның ішінен ең қымбат, ешкімге сатпайтын картина бар ма?

- Ондай дүние бар. Ол менің қазіргі үйімнің картинасы. Кейін, келешекте үлкен, екі қабатты үй салып, дәулет бітіп, басқа қонысқа көшіп жатсақ, осы үйімнің бейнесін төріме іліп қоям деген ниетпен салғам. Өзіме ерекше ыстық, қатты ұнайды.


- Әлеуметтік желіде картоннан адамдардың бейнесін жасап, оны сәуленің көмегімен көрсетіп, халықты таң-тамаша еттің, бұл өнер не деп аталады? Әлемдік практикада мұндай туынды жасап жүргендер бар ма, жалпы?

- Картоннан жасап жүрген дүниенің не деп аталатынын өзім де білмеймін. Ғаламтор арқылы мұндайды бұрын біреу-міреу істеген бе екен деп іздеп едім, таппадым. Ал жалпы, өзіме картоннан бірдеңелерді жасаған ұнайтын. Көшеден таза коробка көрсем, пайдалану үшін өзіммен алып кетем. Ең алғаш жасаған бейнем – футболист Килиан Мбаппе. Оны «Тик-токқа» салған едім, көбісі қызығып, «ананы жасашы, мынаны жасашы» деп кетті. Содан басталды бәрі. Негізі сурет салудың әдіс-тәсілдері көп қой. Бұл да сурет өнерінің бір түрі, қыры деп ойлаймын.


- Қонаев атамыздан бастап көптеген танымал адамдарды картоннан бейнелеп, оны желіге жарияладың. Солардың арасынан өзін танып, «Саған рахмет, мынауыңды маған сыйлашы» деп хабарласқандар болды ма? Жасаған дүниелеріңді кейін не істейсің?

- Біразына өзім жаздым. Парақшамның сілтемесін тастадым, өздері кіріп көрсін деп. Бірақ олар желідегі парақшаларын ашып қарамайды-ау, менің жолдаған хатымды ешкім оқымады. ННН Нұрдәулет деген блогер жігіт бар. Сол жігіттің бейнесін жасап едім, видеосәлемдеме жолдап, алғысын айтты. Қолдау білдірді. Сосын Сәнді Бексырға деген танымал визажист апай картинамды мың теңгеге осыдан екі жыл бұрын сатып алды.

Жалпы, мен олардың бейнесін жасағанда соларға сатайын, өзімді көрсетейін деген ой болмайды. Көпшілік «Пәленшені салшы» деп өтінеді, орындаймын. Дегенмен сондай кезде ол кісілер елеп, көріп, «рахмет» деп айтса әжептеуір көңілің көтеріліп қалады ғой. Осы күнге дейін жасаған дүниелерім өзімде тұр, жинап қойғам бәрін. Бірақ сыйғызу мүмкін емес боп барады.


- Табыс көзі бар ма, суретшілікпен байып кетуге бола ма? Әлеуметтік желіден де қомақты қаражат алатын шығарсың?

- «Тик-токта» танымалмын. Миллионнан астам оқырманым бар. Суретке тапсырыс беретіндер де сол жақтан келеді. Енді «Инстаграмды» қолға алып жатырмын. Көбіне портетке тапсырыс түседі, салып, ақысын алам. Үйлерінің қабырғасына сурет салғызатын адамдар бар, қолым бос кезде оған да барам. Анда-санда тойханада даяшы боп еңбек етіп, нәпақамды тауып жүрмін. Болады, бұйырғаны енді.


- Ақын, суретші, жазушылардың өз Музасы болады дейді. Сені не шабыттандырады?

- Жақсы музыка тыңдасам, кітап оқып, содан әсерленсем, өнер адамдарына сүйсіне қарап, қызықсам, шабытты содан алам. Ең бірінші шабыт беруші адамдарым – ата-анам. Олардың маған деген сенімдері мені алға жетелейді. Әкем үнемі көмектесіп, анау-мынау заттарымды әкеп беріп тұрады. Көшеден коробка көрсе, қалдырмай, «балама керек» деп әкеп береді. Ол кісінің ниеті, ықыласының өзі маған үлкен күш береді.


- Рауаж, шығармашылық адамға қолдау, әсіресе, материалдық көмек болмаса, онда өнерді дамыту оңай емес. Оны біз жақсы түсінеміз. Сенде бұл жағынан проблема жоқ па?

- Әлі студентпін ғой. Бірақ кейде отбасыма жәрдем беріп, қосымша жұмыс істеймін. Бәріне өз күшіммен жеткім келеді. Десе де кейде өз шеберханам болса, болашақта жеке көрмемді ұйымдастырсам деп армандап қоям. Денсаулығым бар, шүкір. Ата-анам аман-есен, сондықтан жап-жас боп «жағдайым нашар» деп жылау ұят. Бірақ өнерімді қолдағысы келетін жомарт жандар болса, қолын қайтармаймын.


-Аты-жөнің басқаша, бірақ әлеуметтік желіде «Алдаров» деген атпен танылғасың. Мұны қалай түсінеміз?

- Маған еш қатысы жоқ оның. Біздің ата-бабамызда Алдар деген кісі болмаған. Мен оны өз ойымнан шығарып, қоя салғам, лақап атым ғой. Қазір мені көбісі Рауаж Алдаров деп те айтып жатыр. Оған да құлағым үйреніп кетті.


- Сұхбат бергеніңе рахмет! Шығармашылығың ары қарай дами берсін!


Сұхбаттасқан – С.МАҚҰЛБЕК.