Ұлттық домбыра күні: Шымкентте бір мезетте 300-ден астам домбырашы күй орындады

0
1 043

Концерттік бағдарлама аясында «Көңілашар», «Ерке сылқым», «Кеңес», «Сарыарқа» «Балбырауын» және өзге де халық арасында кеңінен танымал күйлер орындалып, ән мен биден шашу шашылды.


 Ұлттық домбыра күні: Шымкентте бір мезетте 300-ден астам домбырашы күй орындады

Шымкенттің көгінде домбыраның қоңыр үні қалықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қасиетті домбыраның қоңыр үні Шымкент қаласының көгінде күмбірлеп, шаһар тұрғындары мен қонақтарының құлағының құрышын қандырып, көңіліне қуаныш ұялатты.
Елімізде жыл сайын шілде айының алғашқы жексенбісінде бүкіл елімізде Ұлттық домбыра күні мерекесі тойланады. Осыған орай Шымкент қаласындағы Астана алаңында «Ұлы дала мұрасы» атты мерекелік шара өтті.
Домбыра жәй музыкалық аспап қана емес, мыңжылдықтарға ұласқан тарихымыздың қилы кезеңдерінде халқымыздың жан сырын, мұң-шері мен арман-мұратын жеткізіп, бойымызға рух дарытқан жан серігіміз. Қазақтың өнері мен мәдениетін домбырасыз елестету мүмкін емес. Осынау рухани мұраны ұрпақтан ұрпаққа жеткізу мақсатында төрт жылдан бері Ұлттық домбыра күні атап өтілуде. Ендеше баршаңызды осынау тамаша мерекемен құттықтаймын, — деді Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бөлім басшысы Бауыржан Орынтаев.

Мерекелік шара барысында Шымкент қалалық мәдениет үйінің әртістері мен artsport.kz порталы арқылы жұмыс істеп жатқан шығармашылық үйірмелердің жас өнерпаздары, барлығы 300-ден астам домбырашы өнер көрсетті. Концерттік бағдарлама аясында «Көңілашар», «Ерке сылқым», «Кеңес», «Сарыарқа» «Балбырауын» және өзге де халық арасында кеңінен танымал күйлер орындалып, ән мен биден шашу шашылды.

Айта кетейік, аталған мереке ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 2018 жылдан бері елімізде кеңінен аталып өтеді. 2018 жылдың 13 маусымында қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында шілденің бірінші жексенбісін Ұлттық домбыра күні ретінде белгілеу туралы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы жарық көрді. Сол жылы шілдедегі алғашқы жексенбі 1-і күніне дөп келіп, сол күні елорданың «Қазақ Елі» монументі алдындағы алаңға жиналған 2 мыңнан астам музыканттан құралған домбырашылар оркестрі «Көңіл ашар», «Адай», «Балбырауын», «Ерке сылқым», «Сарыарқа» күйлерін орындаған еді.