ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: акцияға 4500-нан астам шымкенттік атсалысты

0
950

10,6 шақырым аяқ жол тазаланып, 5500 дана ағаш әктеліп, қырқу жұмыстары жүргізілді.


 ТАЗА ҚАЗАҚСТАН: акцияға 4500-нан астам шымкенттік атсалысты

ERNUR.KZ. Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы қарқынды жалғасуда.

Үшінші мегаполистің әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындармен бірге Әл-Фараби ауданындағы тазалық шараларына қатысты. Жалпықалалық акцияға атсалысқан белсенді жастар мен еріктілер, жергілікті азаматтар «Ордабасы» алаңы мен «Тәуелсіздік» саябағының аумағы, «Қошқар ата» өзенінің жағалауы, алаңдағы жол үсті көпірі, «Жер Ана» монументі маңына тазалық жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, жасыл желекті күтіп-баптау, аялдамаларды жуу,шөп ору, абаттандыру шаралары да жалғасып жатыр.

Ғабит Әбдімәжитұлы қаламызға деген жанашырлықты, ауызбіршілік пен ынтымақты көрсететін тазалық шараларының маңыздылығына тоқталып, барша тұрғындарды тазалық жұмыстарында белсенділік танытуға шақырды.
Айта кетейік, қала аумағындағы бұл бағыттағы жұмыстарға 4 жарым мыңнан астам адам қатысып, 56 арнайы техника жұмылдырылды. 10,6 шақырым аяқ жол тазаланып, 5500 дана ағаш әктеліп, қырқу жұмыстары жүргізілді. 85 текше метр қоқыс шығарылып, 4365 м ирригациялық жүйелер, 18 658 шаршы метрді құрайтын көше бойы тазаланды.

Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берді. Оның ішінде cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырды. Сонымен қатар жолдарды ретке келтіру міндеті жүктелді.

Осыған орай елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын. Науқан 5 аптаға созылады. Айта кететін жайт әр аптаның тақырыбы және мақсаты бар.