Шымкенттің бас полицейі тәртіпсіздіктер кезінде жараланған сақшылардың халін білді

0
445

Жаппай тәртіпсіздік кезінде 45 полиция қызметкері әртүрлі дене жарақаттарын алған.


Шымкенттің бас полицейі тәртіпсіздіктер кезінде жараланған сақшылардың халін білді

Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жумаханбетов қаладағы жаппай тәртіпсіздік кезінде жарақат алған полицейлердің халін білу үшін ауруханаға арнайы барды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қаланың бас полицейі тәртіп сақшыларына бейбітшілік пен келісімді бұзуға оқталған бүлікшілерге төтеп беріп, көрсеткен батылдығы үшін алғысын білдірді.

Сын сағатта теріс ойдағы лаңкестермен күресіп, азаматтардың тыныштығын қорғауда алдыңғы сапта тұрып, өмірлеріңізге төнген қауіп-қатерге қарамай, күн-түн демей, азаматтарымыздың өмірін сақтауда жанкештілік танытқандарыңыз үшін сіздерге алғысымыз шексіз. Антқа адал полицейлер – елдің қорғаны. Сондықтан тезірек сауығып, қызметке қайта оралуларыңызды тілеймін. Осындай ержүрек, патриот ұл тәрбиелеген ата-аналарыңызға да рақмет, – деді департамент бастығы.

Айта кетейік, қызметін атқару барысында 45 полиция қызметкері әртүрлі дене жарақаттарын алған. Оның ішінде екі қызметкер аурухананың жансақтау бөлімінде болып, қазіргі уақытта арнайы бақылаудағы палатаға ауысып отыр.