​Шымкенттік жедел-жәрдем станциясы республикалық спартакиадада үздік атанды

0
405

Аталған сайысқа барлық өңірден 18 команда қатысты.


​Шымкенттік жедел-жәрдем станциясы республикалық спартакиадада үздік атанды

Шымкент қаласының жедел-жәрдем станциясы елімізде үздік атанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Медициналық ұйым өкілдері жедел медициналық жәрдем қызметінің республикалық спартакиадасында біліктіліктерін дәлелдеп, бірінші орынға ие болды.

Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы Қазақстан Республикасының Жедел медициналық көмек қауымдастығымен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен жедел медициналық жәрдем қызметі бригадаларының спартакиадасы екі күнге созылды. Оған барлық өңірден 18 команда қатысып, біліктіліктерімен сынасты.

Командалар манекендер мен стандартталған пациенттерді пайдалана отырып, шынайы жағдайға барынша жақын клиникалық станциялардан өтіп, жол-көлік оқиғасында зардап шеккендерге көмек көрсетуде, босануды қабылдауда, суға батқан кезде зардап шегушіні құтқаруда, балалар реанимациясын жүргізуде және жіті коронарлық синдромы бар ер адамды қиын жағдайдан шығаруда өз шеберліктерін көрсетті.

Бүкіл кезеңдер медицина саласындағы танымал мамандардан тұратын құзыретті қазылар алқасының жіті назарында және бағалауында болды.

Спартакиада қорытындысы бойынша 159,5 балл жинаған Шымкент қаласының командасы үздік бригада болып танылды.

Екінші орынды елордалық – Астана қаласының командасы (159 балл) иеленді. Жүлделі үшінші орынды – 143 балл жинаған Абай облысының қомандасы қанжығасына байлады.

Айта кетейік, Шымкент қаласында ауыр жағдайда жедел жәрдем шақырған науқастарды сәтті реанимациялау көрсеткіші өте жоғары. Салыстырмалы түрде қарасақ, республика бойынша сәтті жансақтаудың орташа көрсеткіші 46 пайызды құрайтын болса, Шымкентте ауыр жағдайда жедел жәрдем шақырған 100 адамның 59-ы сәтті реанимацияланған. Мұны денсаулық сақтау саласындағы өте маңызды жетістік деуге болады.