Шымкентте 200-ден астам көпбалалы ана жеке кәсіппен айналысып жүр

0
711

Олар “Бақытты жанұя” орталығында оқу курсын аяқтаған соң, үй жағдайында түрлі кәсіппен айналысып табыс табуда.


Шымкентте 200-ден астам көпбалалы ана жеке кәсіппен айналысып жүр

Шымкент қаласында оқу курсын аяқтаған 200-ден астам көпбалалы ана жеке кәсіппен айналысуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Бүгінде түрлі кәсіпті дөңгелетіп отырған 200-ден астам көпбалалы ана осыған дейін аз қамтылған отбасылар санатында атаулы әлеуметтік көмек алып келген. Қалалық жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Бақытты жанұя» орталығында оқу курсын аяқтаған соң үй жағдайында түрлі кәсіппен айналысып, табыс табуда. Тіпті курстан өткен 60-тан астам қыз-келіншек сұлулық салонын, тігін шеберханасын, массаж кабинетін ашып, бүгінде тұрмыстарын түзеген.
«Бақытты жанұя» орталығында 14 тегін курс ұйымдастырылған. Бағдарлама қатысушылары дефектолог, логопед, массаж, киім пішу, тігу, құрақ құрау, кондитерлік, шаштараз, маникюр-педикюр, компьютерлік, SMM курстарынан өтуде. Оқу курстарынан кейін сертификат иелері жұмыспен қамту шараларына қатыстырылады. Сондай-ақ, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету мақсатында орталықта ақпараттық, психологиялық, медиаторлық, құқықтық қызметтер де көрсетіледі. Мұнда Еqov.kz порталы арқылы көрсетілетін электронды қызмет түрлерін меңгеруге де жағдай жасалған.
Орталық мамандары қалалық тұрғын үй басқармасы және «Отбасы банк» АҚ қызметкерлерімен бірлесе 200-ден астам азаматшаның арнайы санаттар бойынша пәтер кезегіне тіркелуіне, 30-ға жуық отбасының мемлекеттік бағдарламалар аясында баспаналы болуына ұйытқы болған. Сондай-ақ, орталықта жыл басынан бері өмірлік қиын жағдайға тап болған 800-ден астам азаматшаға психологиялық-құқықтық көмек көрсетілген.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы өңірлерде 10 мың халыққа 100 жаңа жұмыс орнын құруды тапсырған болатын. Бұл бағытта қазір қалада тиісті кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Халықты жұмыспен қамту шараларына биыл 57 мың адам жоспарланып, оның 42 мыңын тұрақты жұмыспен қамту жоспарлануда. Жыл басынан мегаполисте 14 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Соңғы жылдары қалада жұмыспен қамту шаралары күшейтіліп отыр. Осының нәтижесінде әлеуметтік көмек алушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға азайып, 10 794 отбасын құрады. Биылғы жылы қалада өңдеу өнеркәсібінде 300-ге жуық жаңа жұмыс орнын құрумен 14 жоба іске асырылып, 14 миллиард теңге инвестиция тартылатын болады. Атап айтатын болсақ, «Shymkent Temir» ЖШС – болат блум өндірісін кеңейту жобасы. Құны – 5,0 миллиард теңге, қуаттылығы – жылына 250 мың тоннаны құрайды. Кәсіпорында 50-ге жуық жұмыс орны ашылатын болады. Ал, «Юг PLASTIC KZ» ЖШС – ПВХ-дан ішкі және сыртқы кәріз жүйелерін және үйлерге арналған жаңбыр суағарлары жүйесін өндіру жобасы. Құны – 1,5 миллиард теңге, қуаттылығы – жылына 150 мың тонна, құрылатын жұмыс орындарының саны – 20. Сонымен бірге, «HYDROGEN ENERGY» ЖШС-нің сутегі асқын тотығын өндіру жобасы (производство пероксида водорода). Құны – 4,0 миллиард теңге, қуаттылығы – жылына 8 мың тонна. Бұл жерде 25 жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.