ШЫМКЕНТ: қала әкімі ардагерлерді жаңа жыл мерекесімен құттықтады

0
408

Кездесуде қала басшысы ардагерлерге қоғамдағы алар орны ерекше екенін жеткізіп, ізгі тілегін білдірді.


ШЫМКЕНТ: қала әкімі ардагерлерді жаңа жыл мерекесімен құттықтады

ERNUR.KZ. Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Кездесуде қала басшысы ардагерлерге қоғамдағы алар орны ерекше екенін жеткізіп, ізгі тілегін білдірді.

Өздеріңізбен мереке қарсаңында қауышып отырғаныма қуаныштымын. Сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақ – қашанда қариясын қазынам деп танып, үлкенін сыйлай білген халық. Бүгінгі мерекелік шараға өзінің ізгілікті ісі, ақыл-парасаты, адамгершілік қасиеттерімен елге танылған беделді ардагерлеріміз, ағаларымыз және әпкелеріміз қатысып отыр. Сіздер Тәуелсіз еліміздің қалыптасуына, дамуына, қоғамдағы бірлік пен тұрақтылықтың сақталуына, жастар тәрбиесіне барынша үлес қосып келесіздер. Әлі де берерлеріңіз мол екендігіне сенімдімін, – деді Ғабит Әбдімәжитұлы.

Сонымен қатар, қала әкімі: «Құрметті ардагерлер! Шымкент қаласы жылдан жылға көркейіп, үлкен мегаполиске айналуда. Алдағы уақытта қаланы дамыту бағытында Мемлекет басшысы қойған жоспарлы меженің барлығын өздеріңізбен ақылдаса отырып, жүзеге асырамыз. Сіздердің әрбір игі істер мен жаңа бастамаларыңызға сәттілік, отбасыларыңызға баянды бақыт пен бақ-береке тілеймін!» – деп, ыстық ықыласын жеткізді.

Шымкент қаласының құрметті азаматы Әбілқасым Үсіпбайұлының ұйымдастыруымен өткен мерекелік басқосуға Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Ардагерлер кеңесінің төрағалары мен Аналар алқасының төрайымдары және мүшелері қатысты.