ШЫМКЕНТ: Алимент өндіру ісімен айналысатын арнайы кеңсе ашылды

0
712

Алименттік өндірістердің көбісі қазіргі таңда осы кеңседе жүргізілуде.


ШЫМКЕНТ: Алимент өндіру ісімен айналысатын арнайы кеңсе ашылды

Шымкент қаласында алименттік өндірістер санатындағы істермен айналысатын 5 жеке сот орындаушыларынан құралған арнайы кеңсе ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Исабекова Айнур брифинг барысында мәлімдеді.
Спикердің сөзінше, өткен жылы алимент өндіру талаптары бойынша сот орындаушыларда 15 493 іс орындауда болып, 2 717-сі бойынша өндірістер аяқталған. Биылғы жылға 12 776 құжат өткен.
Осы санаттағы істермен айналысатын 5 жеке сот орындаушыларынан құралған арнайы кеңсе ашылған. Алименттік өндірістердің көбісі қазіргі таңда осы кеңседе жүргізілуде.
Орындау барысындағы істердің ішінен 50 пайызы яғни, 6 375 құжат бойынша алимент борышкерлердің айлық жалақысынан ұсталып жатыр.
Сонымен қатар, алимент бойынша әрекетсіздік танытып, заңнамамен белгіленген мәжбүрлеп өндіру амалдарын уақытылы қолданбайтын сот орындаушыларына қатысты да жауапкершілік күшейтілгендігін ескеру қажет. Егер жеке сот орындаушысы бір ай ішінде заңда белгіленген тәртіппен істердің әлеуметтік маңызы бар санаты (оның ішінде алимент өндіру санаты) бойынша мәжбүрлеп орындату шараларын қабылдамаған жағдайда әділет органдарының талап арызы негізінде лицензиясынан айырылуға жатады. Осы негіздермен сотқа енгізілген талап қою арыздары бойынша өткен жылы 2 жеке сот орындаушысы лицензияларынан айырылған.

Айта кетейік, сот орындаушылардың қаулыларына сәйкес 430 алимент борышкерлеріне қатысты іздеу жарияланып, істер уақытша тоқатылған. Сонымен қатар, жалпы сот орындаушыларының істері бойынша 735 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Одан бөлек, алимент бойынша 93 борышкерге қатысты 5 тәулікке дейін қамаққа алу, 146 борышкерге 5 АЕК мөлшерінде (15 315 теңге) айппұл салынды.