ШЫМКЕНТ: 2024 жылы қала аумағында ауқымды 46 іс-шара ұйымдастырып өткізу жоспарланып отыр

0
331

Биыл қаланың рухани мәдени құндылықтарының ордасы - мәдениет мекемелерінің мерейтойлары аталып өтпек.


ШЫМКЕНТ: 2024 жылы қала аумағында ауқымды 46 іс-шара ұйымдастырып өткізу жоспарланып отыр

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысының «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатына сәйкес, Шымкентте 2024 жылы атаулы даталар бойынша бірқатар іс-шараларды кең көлемде атап өту жоспарлануда.

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Шымкент қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағаттар басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаев айтты.

Оның айтуынша, 2024 жылы қала аумағында ауқымды 46 іс-шара ұйымдастырып өткізу жоспарланып отыр.
Оның ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне берілген сұқбатына сәйкес, атаулы даталар бойынша бірқатар іс-шараларды кең көлемде атап өту жоспарға енгізілді. Атап айтсақ, Жошы ұлысы іргесінің қаланғанына 800 жыл, қазақтың әйгілі халық ақыны, жырау, композитор Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығы, көрнекті ақын Бейімбет Маилиннің 130 жылдығы, әйгілі ғалым Қаныш Сәтпаевтың 125 жылдығы, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салаушылардың бірі суретші Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығы, қазақ ақыны сықақшы Шона Смаханұлының, халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың және қазақ балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл, т.б. атаулы даталар бойынша іс-шаралар өткізілетін болады.

Сонымен қатар, биылғы жылы қаламыздың рухани мәдени құндылықтарының ордасы - мәдениет мекемелерінің мерейтойлары аталып өтпек. Атап айтар болсақ, А. Пушкин атындағы әмбебап кітапханасының 125 жылдығы, Жұмат Шанин атындағы қазақ академиялық драма театрының 90 жылдығы, Көпшілік орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің 70 жылығы, Көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының 55 жылдығы, Халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы «Қазына» би ансамблінің құрылғанына 35 жыл, Әл-Фараби ғылыми әмбебап кітапханасының 10 жылдығы және Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының 10 жылық мерейтойы аталып өтеді.