Биыл Шымкентте 10-ға жуық көпқабатты тұрғын үйдің жеделсатылары жаңартылады

0
486

Жалпы, Шымкент қаласында 639 лифт бар.


Биыл Шымкентте 10-ға жуық көпқабатты тұрғын үйдің жеделсатылары жаңартылады

Биыл Шымкент қаласы бойынша «2020-2025» жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасы аясында 9 көпқабатты тұрғын үйдің жеделсатылары жаңартылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Сонымен қатар жыл басынан бері 70-ке жуық лифтте қауіпсіздік сапасын бақылау мақсатында Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы тарапынан сынақ жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 9 жеделсаты тіркеуге алынып, қалғандарында талапқа сәйкестендіру жүзеге асырылуда.
Басқарма тарапынан сондай-ақ, жеделсатылардың техникалық жағдайын тексеру шаралары қарқынды жүргізілуде. Мамандар қауіпсіздік талаптарын қадағалау мақсатында Тұран-2 шағын ауданы №55 А және Нұрсат шағын ауданындағы №219 үй тұрғындары мен аудан әкімдігі және қызмет көрсетуші мекеме өкілдерімен бірлесе лифттердің жағдайын бақылады. Бұған аталған мекенжайлар бойынша IKomek 109 бірыңғай байланыс орталығына тұрғындардан өтініштердің жиі түсетіндігі негіз болған. Кездесу қорытындысы бойынша басқарма басшысы Нұрдәулет Құрбанбекұлы кемшіліктерді жоюға қатысты тиісті мамандарға бірқатар тапсырмаларды жүктеді.
Жалпы, Шымкент қаласында 639 лифт бар. Оның ішінде 515 жеделсаты көпқабатты тұрғын үйлерде орнатылған. Жүк көтергіштер істен шығып немесе оқыс оқиға орын алған жағдайда «IKOMEK» орталығына 109 қысқа нөмірі арқылы хабарласу қажет. Байланыс орталығында тұрғын үйлердің тізімі мен жауапты мекеме қызметкерлері бекітілген.

Айта кетейік, Шымкент қаласында құрылыс қарқын алып, көп қабатты нысандардағы лифтілер саны көбеюде. Осыған байланысты көтергіш құралдары тексерілуде. Бұл жұмыстармен Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына жүктелген. Басқарма мамандарының мәліметінше, Шымкентте лифтілерге қызмет көрсететін 11 компания бар.