VIII ғасырдан бері САУДАСЫ ҮЗІЛМЕГЕН базарды білесіз бе?

0
5 881

900-дей дүкеннен тұрады.


VIII ғасырдан бері САУДАСЫ ҮЗІЛМЕГЕН базарды білесіз бе?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Базар – бұл бір нәрсе сатып алуға ғана арналған орын деп түсінуге болмайды. Өйткені, ол орналасқан елдің мәдениеті мен тарихының ажырамас бөлігі, қаланың атмосферасы мен көңіл-күйін көрсететін орын. Кез келген турист ондай тарихи орындарға міндетті түрде баратындықтан, әлемдегі ең үздік базарлардың топтамасын ұсынып отырмыз.

Бокерия базары, Барселона, Испания

Сан-Жузеп деген атпен танымал базардың тарихы 1200-ші жылдары басталған. Алғашқыда Бокерия қаласының маңында орналасқан бұл орында ет саудасы жүргізілген. Ұзақ жылдар бойы ашық алаңдағы базарда кішігірім дүкендер жұмыс жасаған және ресми мәртебе ала алмай, қарапайым сауда орталығы болған. Біраз жылдардан кейін базар бөлініп, 1853 жылы Бокерия базары үшін бөлек ғимарат салынады. Содан бастап аты әлемге әйгілі Испаниядағы ең үлкен Бокерия жабық базары елге келген қонақтар да бір соқпай кетпейтін орынға айналған.


Орталық базар, Валенсия, Испания

1920 жылдары салынған Art Nouveau базарының ғимараты Еуропадағы ең үлкен және ең әдемі нысандардың бірі. Базар күмбезін безендірген керемет витраждар мен әшекейлер тап бір ғажайып ғимаратта жүргендей әсер қалдырады. Бұл нағыз мерелі де берекелі сауда орталығы. Себебі, базардағы мыңнан астам дүкендер қонақтарға ең құнарлы, ең дәмді, ең пайдалы маусымдық азық-түлікті ұсынады.


Үлкен базар, Стамбул, Түркия

Әлемдегі ең үлкен және ең көне жабық базарлардың бірі – түріктердің Гранд базары. Оның ішіндегі шексіз бұрылыстарда адасып қалу түк емес және қай бұрыштан қандай ғажайып күтіп тұратыны бәріне беймәлім. Мұндағы әрбір шаршы метр саудагер мен тұтынушыға арналған. Дүкендер қалай болса солай орналасса да әдемі. Бұл базардан кез келген қажетті затты сатып алуға және жәй ғана тамашалап шығуға болады. Сондай-ақ, базардың шатыры да өте әдемі безендірілген.


Камден базары, Лондон, Ұлыбритания

Camden Town метро станциясының солтүстігіндегі Ridgents каналы мен Roundhouse концерт залы арасында орналасқан ерекше Камден базары студенттер мен жас туристер арасында өте танымал. Өйткені, бұл сауда орталығынан бәрін табуға болады – металл әшекейлермен безендірілген жейделер, сөмкелер, велосипедтер, ерекше зергерлік бұйымдар, ескі жазбалар, винтаждық киімдер және т.б. Сондай-ақ, көптеген адамдар бұл жерге демалуға келеді. Себебі, мұнда дүкендерден басқа, әлемнің әртүрлі асханаларының тағамдары дайындалатын шәйхана, мейрамханалар да баршылық.


Сент-Лоренс базары, Торонто, Канада

Бұл Канададағы ең үздік азық-түлік базары. Үлкен қоймаға ұқсас ғимараттың ішінде 120 азық-түлік дүкені орналасқан. Сондай-ақ, дайын тағам ұсынатын асханалар және түрлі-түрлі тамақ істеуден мастер-класс өткізетін азпаздар бар. Бұл базардың тарихы 1803 жылдан басталады. Бұрын мұнда сенбі күні азық-түлік өнімдері, ал жексенбіде кеңсе заттары мен кәдесыйлар сатылған. Сонымен қатар, ірімшіктің жүздеген түрі сөреге қойылатын болған.


Плас Монж базары, Париж, Франция

Парижде 80-нен астам ашық азық-түлік базарлары бар болса, Плас Монж базары жергілікті тұрғындар мен туристер арасында өте танымалы. Әсіресе, бұл орталықтағы сау жексенбі күні қайнайды. Өйткені, базар дүңгіршектерінен Иль-де-Франс және Пикардия тарихи аймақтарының, Францияның негізгі бау-бақшаларынан келген өнімдерді сатып ала аласыз. Оның ішінде: салаттар, көкөністер, алма және картоп, сонымен қатар керемет дәмді ірімшік, балық, қуырылған тауықтар, шұжықтар және т.б. Қысқасы, саяхат барысында қажет болатын заттың бәрі табылады.


Гар-ду-Миди базары, Брюссель, Бельгия

Брюссельдегі ең үлкен базар әр жексенбінің таңғы сағат 6-сынан кешкі сағат 6-сына дейін Гар-Ду-Миди станциясының жанында ұйымдастырылады. Онда сапалы мата түрлері, киім-кешек, ойыншықтар, көкөністер мен жемістер – жалпы Еуропа мен Солтүстік Африканың түкпір-түкпірінен көптеген ұлттар әкелетін тауарлар сауда сөресіне қойылады.


Хан Әл-Халил базары, Каир, Египет

8 ғасырлық тарихы бар, 900-дей дүкеннен тұратын бұл базардан шыны және мыс бұйымдарын, парфюмерия, зергерлік бұйымдар, қолөнер бұйымдарын, сапалы маталар мен түрлі-түсті киімдер, ыдыс-аяқ, былғары бұйымдар, түйе жүнінен жасалған кілемшелер, мүсіндер, папирустар, дәмдеуіштер және басқа да қажетті заттарды сатып ала аласыз. Бұл Таяу Шығыстағы ең көне базарлардың бірі. Ол XIV ғасырда бірінші Каир зиратының орнында құрылған.


Нашмаркт базары, Вена, Австрия

Нашмаркт Вена қаласының орталығында орналасқан және азық-түлік қатары және бүрге базары болып 2 бөлікке бөлінеді. Азық–түлік бөлігінде асқабақ, картоп, аскөк пен салаттар, саңырауқұлақтар, алма, экзотикалық жемістер және т.б. саудаланады. Сонымен қатар, тамақ пен шараптың түр-түрі табылатын көптеген шағын мейрамханалар бар. Ал, барахолка бөлігінде ыдыс-аяқ, киім, ойыншықтар, керек-жарақтар, суреттер мен қажетті заттың барлығы сатылады.

Жалпы, қай елге саяхаттасаңыз да мүмкіндік тауып, ең жақсы базарларына барып көрген дұрыс. Өйткені, саяхаттың өзі көру, білу, танудан тұрады емес пе?

Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

Тағы оқыңыз:


Саяхатқа шыққанда АҚША ҮНЕМДЕУдің ең тиімді жолдары


Ғарышта жүргендей боласыз: жер бетіндегі ТЫЛСЫМ орындар