Әлемнің ЕҢ ҚОРҚЫНЫШТЫ 6 жеріне саяхаттауға БАТЫЛЫҢЫЗ ЖЕТЕ МЕ?

0
654

Олардың суретінің өзі зәре-құтыңды қашырады


Әлемнің ЕҢ ҚОРҚЫНЫШТЫ 6 жеріне саяхаттауға БАТЫЛЫҢЫЗ ЖЕТЕ МЕ?

Кейде өмірімізге экстремалды енгізгіміз келетіні бар. Оған соңғы уақыттары квест орталықтарының көптеп ашылуы дәлел. Әсіресе түрлі жағдайлар мен тосын оқиғаларды жақсы көретін саяхатшылар эмоция жарылысын, адреналин, экстримді жиі іздейді. Және олар квест ішіндегі жасанды жағдайларды місе тұтпайтыны анық.

Егер сіз де сондай экстремалдар қатарынан болсаңыз, Жер шарындағы ең қорқынышты орындар туралы білуге тиіссіз. Алдымен жай ғана суреттен көріп алыңыз, барып көзбен көру – өз ықтиярыңызда.


Өзін өлтірушілер орманы, Жапония


Хонсю аралындағы Фудзи тауының етегінде орналасқан ну орман – қатерлі орын. Мұндағы мүлгіген тыныштық, саңырау үнсіздік, қою қараңғылық зәре-құтыңды қашырады. Ол аз болғандай, орман аумағында компас, сағат пен телефондар жұмыс істемейді.

Жапондықтар бұл орманда юрей елестері – ашаршылық кезінде сол жерде өлуге қалдырылған әлсіз қарттар мен балалардың жаны өмір сүреді деп санайды. Аокигахара – күндіз демалыс пен серуендеу орны, ал түнде суицидтердің баспанасы деп те айтады. Себебі елестер орманда қалған адамдарды орманның тереңіне тартып, өзін-өзі өлтіруге мәжбүр ететін көрінеді. Оған қоса, орман ішінде өсімдіктерден байқалмай жататын терең ор, жерасты үңгірлері де біршама. Сол үшін арнайы еріктілер жасақтары құрылған. Олар күн сайын кешқұрым орманды аралап, адамдарды қайтарып, өмірден түңілгендерді шалыс қадам жасаудан айнытып, шығаруға тырысады екен.


Қуыршақтар аралы, Мексика


Мексика астанасынан алыс емес жерде орналасқанымен, қорқынышты атағы бар арал. Аңыз бойынша, аралдың жалғыз тұрғыны Джулиан Сантана 1950 жылы қыздың айғайын естіген, бірақ оны құтқаруға үлгермеген, ол суға батып кеткен. Судан қыздың қуыршағын тауып алып, марқұмды еске алып жүру үшін ойыншығын ағашқа іліп қойған.

Содан кейін Сантана кішкентай қыздың жылаған, айғайлаған дауысын үнемі еститін болады. Оған қыздың елесі жаңа ойыншықтар сұрап тұрғандай болады да, келесі 50 жыл бойы ер адам қуыршақтар әкеліп ағаштарға іле беріпті. Сонда да дауыс жоғалып кетпей, құлағына естіле берген соң, басы қатқан Санатана қуыршақтарды сындырып, біреулерінің бастарын жұлып, шаштарын кесе бастайды. Ақыры соңында 2001 жылы қызды құтқара алмай қалған жерге жақын маңда қайтыс болыпты.

Қазіргі күні аралда мыңға жуық қуыршақ бар. Оған тек қайықпен жүзіп қана баруға болады. Алайда, қайықшылар онда қарай бағыт алуға құлықсыз, саяхатшылар қанша ақша ұсынса да, басым бөлігі бас тартатын көрінеді, келісетіндер санаулы.


Чаучилла қорымы, Перу


Чаучилла немесе Чаучилья – бұл Перудегі үлкен аумақты алып жатқан қорым. Бірақ ондағы зираттар біз көріп үйренген төмпешік емес, үлкен-үлкен шұңқырлар. Ең қорқыныштысы, зираттарда өлген адамның денелерінің отырғанын көруге болады. Тіпті білеулері саған қарап жымиып отырғандай көрініп, арқаны мұздататыны бар.

Жергілікті тайпалар қайтыс болған тайпаластарын қыш кірпіштен қаланған ашық бейіттерге жерлеген. Мәйіттерді алдымен терең емес құдықтарға салып, арнайы шайыр сұйықтығы сіңдірілген шүберекке орап, күнге қалдырған. Шайыр сіңген матамен оралғандықтан, бактериялар етті жоя алмайды, ал кейбір қалдықтарда тіпті тері бөліктері де сақталған екен.

Бұл қорымға кіру үшін археолог болудың қажеті жоқ, саяхатшы болсаң жеткілікті.


Стэнли қонақүйі, Колорадо, АҚШ


Бұл қонақүй де басқа мыңдаған қонақүйлер секілді қалыпты түрде жұмыс істеуде. Қонақтар мен туристерді қуана қабылдайды. Тек басқалардан үлкен бір айырмашылығы – онда елестер жүреді және осы ерекшелігі қонақтарды қашырмай, керісінше, өзіне шақырып тұрады екен. Ғимараттың өзі уақытша тұрғын-жай болумен қатар, бір саяхат орнына айналған. Онда күн сайын рухтармен байланыстыратын, қайтыс болған адаммен тілдестіретін мистикалық рәсімдер өткізіледі, экстрасенстер жұмыс істейді. Тіпті, қабырғаларда «Елес көрген жағдайда не істеу керек?» дегендей тақырыптарда нұсқаулықтар ілініп тұрады екен.

Қонақүй нөмірлері өзгелердегідей стандарт, вип дегендей болып емес, «қарапайым нөмір» және «қарғыс атқан нөмір» болып жіктеледі екен. «Қарғыс атқан» 401, 407, 428 және 217-бөлмелерді ерте бастан брондап қоймаса, мүлде босамайтын көрінеді.


Париж катакомбасы, Франция


Парижді махаббат қаласы, онда барсаң айнала толы тек романтика деп ойлаймыз. Алайда ол жер бетіндегі көрінісі ғана. Жерасты үңгірлері жайлы білген не өз көзімен көрген адам үшін Париж махаббат қаласы болудан қалатын шығар. Себебі, аяқ астындағы жүздеген шақырымдық үңгір жол миллиондаған өлген адамдардың сүйегіне толы.

18 ғасырда қаладағы қорымдарда орын жетіспей, бір зиратқа 10-15 мүрде қойылып кетеді. Сол кезде қала әкімшілігі зираттағы сүйектерді бұрынғы тасжарғы үңгірлеріне көшіруге шешім қабылдайды. Солайша жерасты үңгірінде Париждің бұрынғы тұрғындарының қанша ғасырлар бойғы жиналған сүйектері жуылып, дезинфекция жасалып, тасжарғы қабырғаларына тізіліп қаланады.

Қазір онда саяхатшыларды кіргізеді, алайда белгіленген маршруттан ауытқымау қатаң қадағаланады. Ауытқып, рұқсат етілмеген жолға түсіп кеткендер үлкен көлемде айыппұл төлейді.


Капуциндер катакомбасы, Италия


Париждегі жерасты үңгірінен тек сүйектерді көрсек, Италиядағы Палермо катакомбасынан ет-терісін, бет-жүзін, тіпті жүзіндегі эмоциясын көруге болады. Себебі мұнда тірі кезінде атақты болған адамдардың, ақсүйектердің, дін қызметкері, мүсінші, дәрігер мен әскери қызметкерлердің денелері сақталған. Жалпы саны сегіз мыңға жуық мүрденің бірі аузы ашық табытта жатса, бірі жай ғана сөреге қойылған, енді бірі қуысқа қыстырылған. Тіпті біреулерінің салбырап тұрғанын да көруге болады.

Экстрим, ерекше эмоцияны қатты іздесеңіз, бұл қажеттілікті де қанағаттандыру керек шығар. Алайда, жүйкеңіз мықты болып, психикаңыз шыдайтынына сенімді болсаңыз ғана барыңыз бұл қадамға. Көп жағдайда денсаулықты, жан мен мидың тыныштығын бірінші кезекке қойған абзал.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Демалыс күндерін ҚАЛАЙ ӨТКІЗГЕН дұрыс?