​81 жастағы қариялар 80 КҮНДЕ 18 ЕЛДІ аралап шыққан

0
1 684

Қартайған жасында жер шарын аралау ерлік пе, ессіздік пе?


​81 жастағы қариялар 80 КҮНДЕ 18 ЕЛДІ аралап шыққан

Қос құрбы Элли Хэмби мен Сэнди Хэйслип 80 күн бойы жер шарын айнала саяхат жасаған. Дәл сол сәтте екеуінің де жасы 81-де болыпты.


Фотограф Элли мен дәрігер Сэнди көп жыл бұрын Африка саяхаты барысында танысқан екен. Өмірге көзқарастары бір нүктеде тоғысатынын түсінген сәттен бастап жан құрбыға айналған. Сэндидің жер шарын айнала саяхаттау идеясын Элли бірден қолдай кетеді де, екеуі «80 жаста 80 күндік саяхат» атты жоспар жасайды. Әлемді жайлаған пандемияның кесірінен жоспарлары уақытынан сәл өтіп жүзеге асты. Дәлірек айтсақ, қос құрбы 2023 жылдың 11 қаңтарында ғана көптен армандаған сапарға аттануға мүмкіндік алды.


Қос қарияның бұл сапарға белгілеген межелерінен бөлек, бірқатар ережелері де болған. Айталық, бизнес-класс тасымалын қолданбау, қымбат қонақүйге қонбау, басы артық затсыз, бір ғана қолсөмке ұстау, қоғамдық көлікпен жүру, турагенттік қызметіне жүгінбеу сынды тыйымдары бар. Мұндай ережелердің мәнін «Біздің мақсатымыз – демалыс емес, қызық пен шыжыққа, хикаяларға толы саяхат» деп түсіндіріпті өздері.

Саяхаттың бірінші аялдамасының өзі таңдай қақтырарлық – адамдар тұрақтамаған, табиғат жағдайы қаталдығымен танымал Антарктида. Оған жету үшін Оңтүстік Америкадағы Дрейк бұғазын кесіп жүзуге тура келген. Мұнда мезгіл мен уақытқа қарамастан, үнемі дауылды жел тұрып, ағысы буырқанып, толқыны аспанға атылып жататыны белгілі. Осыған қарап-ақ «ақ құрлыққа» жетудің оңай болмағанын ұғу қиын емес.

Қос құрбының келесі көздегені Пасха аралы, одан кейін Перуге табан тіреп, таудағы тастанды мекен – Мачу-Пикчуді араламақшы болған. Алайда саяси жағдайларға байланысты ол жаққа жол жабылып, саяхат бағыты Аргентинаға қарай бұрылады. Бұған еш көңілі түспеген қариялардың сапары Пасха аралы – Мадрид – Финляндия – Хельсинки – Лапландия болып жалғасып кете береді.

Заполярьеде ит жеккен шанамен серуендеп, Солтүстік шұғыласын тамашалайды.

Лондон мен Римнен кейін Африкаға аттанып, Занзибарды аралаған, Мысырға барып, пирамидаларды тамашалап, түйемен серуендеген, Үндістанға барып, Тәж-Махалдың сұлулығына тамсанған қариялар алған әсерлерін айтып жеткізе алмайтындай күйде.

Келесі аялдама Жапония болды. Үндістан мен Непалдан кейін осындай дамыған елге топ ете қалу қарама-қайшы екі әлемнің текетіресін ғана емес, кейіпкерлердің ішкі әлемінде де біраз ыңғайсыздықтар туғызыпты. Жапондардың қарыштап дамыған жаңа технологияларын қолдану, қиын схемалы кестелерін түсіну бастапқыда қиынға түскенмен, кейін келе бойлары үйренген.

Одан кейінгі Бали аралы шын мәнінде жан тыныштық тауып, тән тыншитын, ой да, ми да демалатын сәттер сыйлайды.

Индонезия, Аустралия елдері де тыс қалмаған саяхат барысында қариялар әлеуметтік желідегі парақшаларында бастарынан өткен көптеген қызықты оқиғаларымен бөлісуді ұмытпады. Нәтижесінде бүкіл әлем бойынша өз қолдаушылары мен табынушыларын тапты. Тіпті, 87 жастағы қария олардан үлгі алып, өзі үшін «90 жаста 90 күндік жер шарын айнала саяхаттау» жоспары пайда болғанын айтса, қос құрбы оған «Алға! Іске сәт!» деп қолдау білдірген.

«Адамардың көп сұрайтыны – тілдік қиындықтар жайлы. Сэнди екеуміз айтамыз, біз үшін бір ғана тіл бар, ол – күлімсіреу. Тіпті, ағылшын тілі мүлде қолданылмайтын елдерде де адамдарға жай ғана күліп қарау қаншама кедергіні жоятынын ұқтық. Жылы жүзді, күлімсіреуді бәрі түсінеді» дейді Элли Хэмби.

Қартайған жасында осындай саяхатқа бел буып, басын қауіп-қатерге тігу ерлік пе, ессіздік пе, оны өзіңіз шешерсіз. Әйткенмен қос құрбы өмірдің тәтті дәмін сезінуге қай жаста да кеш болмайтынының бір дәлелі болып тарихта қалатыны сөзсіз.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Мұндай жерлерде ӨМІР СҮРУ МҮМКІН емес сияқты