​«Сүйіктім үшін шашымды саттым»: шымкенттік әйел күйеуі үшін "құрбандық" жасағанын айтып берді

0
1 242

«Әпкемнің ақылы отбасымды сақтап қалды»


​«Сүйіктім үшін шашымды саттым»: шымкенттік әйел күйеуі үшін
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қазір еңбек еткен, ерінбеген адамға ақша табу да, сүйіктісіне сыйлықтың түр-түрін сыйлай салу да түк қиын болмай қалды. Ал біздің кезімізде мида идея ұрып тұр, бірақ соны орындауға қаржы жетпей, «бірі кем дүниені» бастан кешіретін едік», - дейді Айсара есімді шымкенттік келіншек.


Күйеуімен отасқанына биыл он сегіз жыл толған оқырманымыз үйленген кездегі қызықтарын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Біз үйлене сала бөлек шығып кеттік. Ата-енеміз ауылда қалды, күйеуімнің жұмысы қалада болғасын еншімізді алып, пәтер жалдап тұруға бел будық. Мен оқуды енді бітіргенмін, ары-бері іздеп көріп ем, қолайлы жұмыс табылмады. Оның үстіне келін боп түскеннен-ақ аяғым ауырлаған, тамаққа тәбетім тартпай, мазам кетіп, жиі ауырып қалушы едім.


Сол себепті жоқшылықтың зардабын бір адамдай тарттық. Жолдасымның айлығы бір айдан екіншісіне әзер жетіп жығылады. Келесі айға жету үшін басы артық киім-кешек, майда-шүйде заттар алуға мүмкіндік жоқ. Алда-жалда үйде кір жуатын сабын, шампунь таусылып қалса, бетіңнің моншағын бес төгіп жақын жердегі дүкеннің қожайынынан қарыз сұрайсың. Меніңше, біраз адам сол заманда осылай өмір сүрген шығар.


Үлкен қызымыз өмірге келді, күні-түні ұйқы жоқ, күйеудің де көңілін ауламай, екеуміздің ортақ әңгімеміз қалмай бара жатты. Ара-тұра әйелдігіме басып, «қашан жарып тамақ ішіп, жылтыратып көйлек киер екенбіз. Мына өмір мені шаршата бастады» деп жылап алам. Оны қазіргілер «босанғаннан кейінгі депрессия» деп атап жүр ғой. Қысқасы, «күйеуге тию деген осы ғана ма» деп ішімнен өкіне бастадым.


Бір күні үйге әпкем қыдырып келе қалды. Отыра қалып шағымымды ақтарып салдым.

«Мына өмір маған дым қызық емес, қызыммен ешқайда шықпаймын, Мараттың айлығы шайлығына әзер жетеді, ел қатарлы туған күн тойлау, қыдыру дегенді білмей қалдық. Күйеуім боп жарытып бірдеңе әперген емес...» деп ойдағы-қырдағыны қозғап келе жатыр ем, әпкем «Стоп!» деп тоқтатып тастады.

«Романтиканы күтпе, оны өзің жаса! Кім жетісіп жүр дейсің, жаман байымызды алдап-сулап, "сен жақсы" күн көріп жүрміз, айналайын. Так что бәрін өз қолыңа ал! Күйеуің тәп-тәуір адам, тек әйелін еркелетсе, айтқанын істесе қатынжанды боп қалам ба деп қорқады. Сол үшін бірінші өзің әрекет етіп, икемдеп ал. Жақында қандай мереке бар еді, күйеуінің туған күні келе жатыр ма?» деп сұрады. Бір ай бұрын өтіп кеткен-тұғын, «екі аптадан кейін үйленген күніміз келе жатыр» дедім.


Қысқасы, әпкем менің қолыма 700 теңге ұстатты. Ол заманда ол ақшаның құны әжептеуір еді ғой. Бір қойды 3500 теңгеге алатын еді. «Еркектің көңіліне асқазаны арқылы жол табасың, сол күні манты істеп, бауырсағыңды пісіріп, күйеуіңді жақсылап күтіп ал, жақсы сөзіңмен көңілін көтеріп қой» деп ескертіп, кетіп қалды.


Екі аптадан кейін әпкем берген ақшаны алып, базарға шықтым. Еттің килосы 200 теңге, бір килосын алып, фарш тартқызып алдым. Қалғанына торт, шырын, алма-салма алып, үйге қайтып келе жатырмын. Екі айдан бері жағдайды айтып, қарызын төлемей жүрген дүкеннің алдынан өтуге ұялып, келесі көшемен айналып келе жатқам.

Бір кезде шаштараздың есігінде жабыстырулы тұрған «Шаш сатып аламыз» деген жазу көзіме оттай басылды. Ондайды бұрын оқып көрмегем, ішім қылп ете қалды. Екі ойлы боп әлгі жерде біраз тұрдым. Шашым ұзын-тұғын, баламен оны күтіп-баптауға уақыт та жоқ. Оның үстіне күнде бас жуатын күйеуімнен шампунь артылмайды. Соған жетсінші, мен үйдемін ғой деп аптасына бір жуып жүре беретінмін.

«Қиып, сата салсам ба» деген арам ой ішімді тырмалап, әлгі жерден кете алмай қалдым. «Шаштан түскен ақшаға Маратқа сағат әперсем бе, нәскиі де тесіліп жүр, артыла екі нәски әперейін, қуанып қалсын. Аман болса басымыз, тағы шығар шашымыз» деп тәуекел еттім де, шаштаразға кіріп кеттім.«Шашыңыз бұйра екен, қалың емес, бағасы көп болмайды» деп ескертті.


Сомен үйге келе сала өмірі тартпайтын орамалды шырмап тұрып байлап алдым да, кешкі астың қамына кірістім. Күйеуімнің бір көтерілетін ашуы шығып кетпесе екен деп қорқып қоям. Бірақ шегінерге жол жоқ, бояуы сіңіп қойды. Кешкі дастарханымды жайып, күйеуімді тағатсыздана күтіп отырдым. Бір кезде келді-ау...


Қолында кішкентай бір пакеті бар. «Сенің армандап жүрген затыңды сатып алдым» деп мәз. Ашып қарасам... шашқа тағатын резина мен заколка ғой.

«Бір ретте ұрысқанымызда шашымды буатын резинам да жоқ деп жылап едің ғой. Енді осыны басыңа жарқыратып тағып жүрші» деп ыржалаңдайды. Ананы көргенде айтарға сөз таппай қалдым ғой. Қорыққаннан тілім күрмеліп, «мен шампуньға эконом болсын әрі баламен әбіржіп кеттім деп бүгін ғана қырқып тастап едім...» деп көзіне әрең қарадым. «Саған сыйлық алу үшін» десем сол жерде соғыс басталатын еді.


Осылайша бірде қызық, бірде шыжық көріп жүріп үйлі-баранды боп кеттік қой. Қазір сол күндерді күліп еске аламыз, көрген түстей өте шықты. Айтпақшы, содан кейін шаш өсірмей кеттім, қысқа шаш ұнап қалды. Ал күйеуімнің берген заколкасын әлі күнге сақтап қойғам. Ол менің ең алғашқы сыйлығым».