«Отбасылы еркекпен жүрме»: алматылық келіншек анасын тыңдамағанына өкінеді

0
8 155

​Ол қателігінен бойжеткендер сабақ алса екен дейді.


«Отбасылы еркекпен жүрме»: алматылық келіншек анасын тыңдамағанына өкінеді

Орыс халқында «Бәрі болады, бірақ бірден емес» деген терең мағыналы сөз бар. Дегенмен бәріне жылдам ие болғысы келетіндер көп.

Әсіресе, жас қыздар арасында осындай түсінікпен отбасылы еркекке тоқал болудың жолын іздейді. Тіпті көңілдес болуға да келісетін қыз-келіншектер аз емес. Тек тез-тез баспана мен көлікке, жақсы қызметке қолы жетсе болғаны, бәріне дайын.

- Бірақ та бұл өкініш жолы, - дейді алматылық Диана есімді келіншек. – Өзіңді ұрлық жасағандай қуыстанып жүру азап. Сонымен қатар ерте ме, кеш пе оның әйелімен бетпе-бет жолыққанда жамандыққа ұрынып қалуың әбден мүмкін. Мен осы жамандықтан сақтандырғым келеді.


Диана өмірін әп-сәтте өзгертіп жіберген қайғылы оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді:

«Әкем мен екі айлық кезде қайтыс боп кеткен екен. Одан кейін анам екінші рет тұрмысқа шықпады. Анамның мені қатарымнан қалдырмау үшін, мамандық алуым үшін екі жерде жұмыс істегенін көріп өстім. Ес білгелі жатақханада тұрамыз. Ақша жетпегендіктен, есейгенше анамның шектеулерін естіп өстім. Сондықтан да жоқшылықты мен ең басты жауым деп санадым.

Анам демалыссыз жұмыс істесе де, мен әрқашан қатарластарыма ілесе алмадым. Олардан өзімді кем санадым. Студент кезімде өзімді қор санаған бір күні «Балабақша жасында мен әкемнің жоқ болғаны үшін өзімді кем санадым. Оқушы кезімде баспанамыздың болмағаны үшін құрбыларымды үйге ертіп келуге ұялдым. Студент болғалы да мейрамханаларға бара алмай, топтағы қыздардан бөлектеніп қала берем. Өмір бойы осылай жұрттың соңында жүрем бе?» деп, жыладым. Ешнәрсеге жарымай жүрсем, оның несі өмір?

Осылай деген сайын анам ұрсып беретін. «Он екі мүшең сау, ешкімнен кем емессің. Жақсылық әсте-әсте болады, ал жамандық бір пәсте. Жамандықтан сақ болшы, қызым» дейтін. Бірақ мен анамның бұл сөзін ол кезде тыңдамадым. Жұрт қызығатындай әдемі өмірді қаладым.

Бірақ ондай өмірге қалай жетуге болады? Құрбым екеуміз үнемі осы сұраққа жауап іздеп, әңгімелесетінбіз. Құрбым бірде «Әрекет керек қой. Ақыры өз қолыңнан келемйді екен, армандарыңды орындайтын адам іздеу қажет» деп, ой салды. Сол күні екеуміз түнгі клубқа бардық. Мен 40 жастағы бір жігітпен таныстым. Шарап іштік, биледік. Таңертең қонақүйде ояндым. Қонақүйге қалай барғанымды білмеймін. Жігітім жастығымның қасына ақша тастап кетіпті.

Бір аптадан соң оны тағы да түнгі клубта жолықтырдым. Осылай мен ақша қажет кезде оны өзім іздейтін болдым. Мен оның отбасылы екенін білем, бірақ бұл мен үшін маңызды емес еді. Қымбат көлікке мінгеніме, күнде мейрамханалардан дәм татқаныма, құрбыларымнан қалмай кинотеатрға барғаныма мәзбін. Насыр әр кездесуден соң қолыма ақша ұстатып кетеді.

Маған бұл өмір ұнады. Бірақ менің түнделетіп жүрісім анама ұнамады. Ол отбасылы еркекпен кездесіп жүргенімді естігенде, төбе шашы тік тұрды.

«Ұя бұзғанның оңғанын көрмеппін. Отбасылыға жолама, бойдақ жігіт толып жүр ғой» деп ұрысты. «Мен оны ажыратайын деп жатқан жоқпын. Тым болмаса оқуымды бітіріп алғанша ақшасын пайдалана тұрайын» деп едім, анам еңіреп жылады. Бүкіл өмірін маған арнағанын, ал мен жүзін төмен қаратқанымды айтып қарғанды.

Не керек, мен үйден шығып кетіп қалдым. Насыр бір бөлмелі пәтер жалдап берді. Алаңсыз өмір сүріп жатқанмын. Бір күні кешке беймезгіл уақытта есік қоңырауы безілдеп қоя берді. Есікті ашқаным сол, бөтен әйел аяқ киімін шешпестен төрге озды. Насырдың әйелі екен. Үш баласы бар. Маған айтпаған сөзі қалмады. Кінәлі болған соң үндемей тұрмын. Бір уақытта шашымды жұла бастады. Мен жай қорғанбақ болып, оны итеріп жібердім. Толық әйел бар екпінімен құлады. Басы үстелдің қырлы бұрышына тиді. Қимылсыз еденде жатыр. Бетіне су шашып есін жинатпақ болдым. Қорыққанымнан дереу «жедел жәрдем» шақырдым.

Бірақ ол өліп қалыпты. Медқызметкердің бірі полиция шақырды. Насыр да хабардар болды. Ол келе салып, «Саған не жетпеді? Неге әйелімді өлтіресің?» деп, айыптады, сыбады.

Өзі келіп, жазмыштан өлгенін айтқаныммен, ешкім сенбеді. Бес-ақ минутта өмірімнің күл талқаны шығады деп ойламаған едім, әйтпесе анам қаншама рет ескертті ғой. Ақымақтығым-ай, неге тыңдамадым десеңізші?!

8 жылға бас бостандығымнан айырылдым. Жазамды 30 жасымда өтеп шықтым. Қайран жастық шағым-ай, қор болған, босқа кеткен сегіз жылым-ай... Жастығымнан, денсаулығымнан айырылдым, өміріме «қылмыскер» деген таңба басылды.

«Отырып шықты» деген аты бар әйел түгілі жұмысшы да ешкімге керек емес екенін түсініп жатырмын. «Бәріне бірден жетем» деп, керісінше барымнан айырылғаныма ішім ашиды. Анам айтпақшы, майда-майда қадам жасап, тура жолмен алға қарай жүре берсем, өз күшіммен-ақ 8 жылда талай нәрсеге жетер едім-ау. Бәрінен де анамның мені уайымдап, жүрек дертінен қайтыс болғаны жанымды ауыртады...»

Диана қателігіне өкінеді. Ол қаракөз сіңлілеріне «Отбасылы еркекке жолама!» деп ақылын айтады.


Ұқсас оқиғалар:


«Көлік соқты, полицейге ұсталды»: Алғашқы кездесуде болған жайттардан шымкенттік қыз әлі ұялып жүр

«Тоңазытқыш аламын деп сотталып кете жаздадым»: шымкенттік жігіт қалай алданып қалғанын айтып берді