​«Кемпір іздеймін деп алданып қалдым»: қарағандылық қария басынан өткен жағдайды баяндап берді

0
1 780

«Бес жүз мың теңге ұстатып едім»


​«Кемпір іздеймін деп алданып қалдым»: қарағандылық қария басынан өткен жағдайды баяндап берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қартайғанда жарыңнан айырылып, жалғыздықтың қамытын кигеннен артық қорлық жоқ екен», - дейді қарағандылық Жұмабек қария. – Мен осыдан біраз уақыт бұрын өзіме жар болатын жақсы кемпір іздеймін деп әлеуметтік желіге жарнама беріп едім. Сонда болған оқиғаны өздеріңе баяндап берейін деп отырмын».


Жұмабек Мәшбеков жар таңдауда бір оқиғаға тап болыпты. Оны ERNUR.KZ тілшісіне жасырмай айтып берді.


«Мен 1947-жылы желтоқсан айында дүниеге келгенмін. Зейнеткерлікке шыққанша шахтада еңбек еттім. Кемпірім екеуміз 2 ұл, 1 қызды өсіріп, үйлі-жайлы еттік. Өзіміздің жеке шаруа қожалығымыз болды. Зенйтеке шыққан соң кемпірім екеуміз сол қожалықтың басында, таза ауада өмір сүрдік.


Осыдан 9 жыл бұрын ол өмірден өтті де, мен өзім жапада жалғыз қалғандай күй кештім. Сөйтіп бар шаруашылықты бір ұлыма табыстап, Сәтбаев қаласынан 3 бөлмелі пәтер сатып алып, сонда көшіп келдім. Күні кешеге дейін үлкен немереммен бірге тұратынмын. Ол жақында үйленіп, жұмыс бабымен Атырауға қоныс аударып кетті. Содан кейін мен қатты жалғызсырадым. Шүкір, келін де, бала да бар ғой. Бірақ олар қашанғы менімен бірге тұрады. Өз тірліктері бар. Аптасына бір келіп, ас-ауқатымды әзірлегені болмаса, басқасына бас қатырған емес. Ал маған сөйлесетін, сырласатын адам керек болды.


Қош, сонымен мен «Фейсбук» желісіне тіркеліп алып, «Елуден асқандар» деген танысуға арналған топтан өзіме жар іздемек болдым.

«Үй-жайым бар, астымда көлігім бар. Зейнетақым екеумізге де жетеді. Адал ниетті, жаман әдеттерден аулақ, мінезі жақсы келіншектермен таныссам деймін» деп жазып едім. Әлгі группаның егесі менің нөмірімді сұрап, дереу «ватсаптағы» группасына қосып қойды.


Әлгі чатта мен секілді әйел іздеген кісілер көп екен. Күйеуге тисем деген әйелдер де бар. Бір-бірімен танысып, суреттерін жіберіп, жекеде хат алмасады екен. Мен де Нағима деген әйелмен жеке сөйлестім.


Нағиманың жалғыз ұлы бар екен. Келіні нашар адам болып шығыпты да, енесіне күн көрсетпейді екен. Байғұс әйел «кей күндері келінім тамақ та бермей қояды. Балам вахтада істейді, үйдегі жағдайдан хабарсыз» деп хабарлама жібергенде, жүрегім сыздап қоя берді.


Мен оған «Сәтбаевқа кел, өзім вокзалдан күтіп аламын. Жолкіреңді де берейін. Жақынырақ танысайық. «Екі жарты – бір бүтін» болайық» дедім. Нағима көп ойланбады. Ертеңіне «Мен сізге қарай жолға шығатын болдым» деді. Сосын оның «каспи голдына» жолкіре салып жібердім. Белгіленген уақытта алдынан күтіп алып, үйге алып келдім.


Келінім мен балама болған жағдайды айтқанмын. «Папа, өзіңізге ыңғайлы болса, көре беріңіз. Бір қарсы емеспіз» деп, келінім түшпара түйып, дастарханды дайындап кеткен. Нағиманы үйге әкелген соң тамақты дайындап, ішіп алдық. Екеуміздің әңгімеміз ә дегеннен жараса кетті. Нағима сөзге шешен, суреттегіден де реңді келіншек екен. Басынан өткен жағдайдың бәрін бүкпесіз баяндап берді. Мен де ағымнан жарылып, екеуміз таңға дейін шер тарқаттық.


«Жұмеке, мен осында келе жатқанда жиен інімнің қайтыс болғанын естідім. Сіңліме барып, көңіл айтпасам болмайды. Оның үстіне келінім алтындарымды ломбардқа өткізіп тастап еді. Соны алдыруым керек. Маған бір апта уақыт берсеңіз, онша-мұнша тірліктерімді реттеп, біржола көшіп келейін» деді. Маған да керегі осы еді. «Онда мен сенімен бірге барып, балаңның алдынан өтейін. Олардың рұқсатын алып, ағайын-туғанға көрініп қайтайын» деп едім. «Ойбай, Жұмеке, атай көрмеңіз. Жұрт естісе «Қартайғанда Нағима құтырайын депті» деп келеке етер. Алдымен келіп, біраз уақыт бірге тұрып көрейік. Сосын хабарлаймыз» деді.


Мен оның бұл сөзіне имандай сендім. Сіңліңе ұзатарсың деп елу мың, алтындарыңды аларсың деп екі жүз мың, өзіңе керек болар деп тағы екі жүз мың, жолкірең деп тағы елу мың ұстаттым. Ертеңіне келін мен бала келіп, бәріміз танысып, тамақтанып, түске қарай вокзалға шығарып салдым.


Содан бері бір ай өтті, бір аптада келем деген Нағима көзден бал-бұл ұшты. Телефонын көтермей, хабар-ошарсыз кетсе, онда күдерімді үзер ме едім. Ол әлі күнге дейін уәдесін берумен келеді. «Жұмеке, мен қашып кеткен жоқпын. Барамын деп отырмын. Тек балам ауырып, немерем ауырып, солардан шыға алмай қалдым» деп отыр. Оның күнде бір сылтау айтқанына қарап, алаяқ па деп жүрмін. Мен секілді жалғызбасты еркектердің аяушылығын тудырып, ақшасын алып кететін құныққан біреу ме деп қалдым. Әйтпесе есі-басы дұрыс, дап-дардай әйелдің бір ай бойы алдаумен жүруі мүмкін бе?


Қартайғанда қатын аламын деп осылайша опық жеп қалдым. Маған керегі көңіл еді. Шынайы қарым-қатынас құрғым келген. Бірақ ол мүмкін емес сияқты. Менің басымдағы бұл жағдай өзгелерге де сабақ болса екен».