​«Қайынатамның қылығына шыдамадым»: шымкенттік әйел бақытсыздығын өзінің мінезінен көреді

0
11 111

«Ата-ананың мейіріміне тоймағаным тағдырыма әсер еткен сияқты»


​«Қайынатамның қылығына шыдамадым»: шымкенттік әйел бақытсыздығын өзінің мінезінен көреді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Жас күніңде көп нәрсенің байыбына бара бермейсің ғой. Енді, жасым қырыққа таяған шақта Шәкәрім атамыздың «Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады, әдетің мінезіңе айналады, ал мінезің – сенің тағдырың» деген өсиетінің мәнін түсініп отырмын. Мен өз өмірімдегі орны толмас өкінішімді мінезімнен таптым», - дейді Жұлдыз есімді әйел.


Бүгінде үлкен бір мекемеде басшының орынбасары боп қызмет ететін оқырманымыз «бақыттың дәмін сезіне алмадым» деп өткеніне өкініп отыр. Оқиғаның жай-жапсарын ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Сегіз баланың ортаншысы боп өстім. Біздің заманымызда адамдардың тұрмыс жағдайы қазіргідей керемет емес еді ғой. Әпкелерімнен қалған киімді қанағат тұтып, ата-ананың мейіріміне шөлдеп өстік. Ол кісілер бізді асырау үшін егін егіп, мақта шауып, тыным таппайтын. Біз де ала жаздай егістіктің басында жүретінбіз. Сол тірлік менің жыныма тиетін. Кейде үйде болмашыға шу шығарып, өзімнен кейінгі бауырларымды жөн-жосықсыз сабап, шаңын қағып алатынмын. Сонда кәрі әжем «ой, көксоққан, осы ит мінезіңмен ертең кімнің есігіне сыямын деп отырсың» деп ұрысып тастайтын.


Ес біліп, бойжете бастағанда үйден кеткенше асықтым. «Сені ақылы оқытатын шамамыз жоқ» деген әке-шешемді тыңдамай, қалада тұратын әпкемнің үйіне кетіп қалдым. «Оқуға түсем, түсе алмасам базарда сатушы болам» дедім. Бар ойым үйден, егістіктен қашу еді.


Оқуға түсе алмағасын әпкемнің танысына сатушы боп базарға жұмысқа тұрдым.Рахат өмір басталды. Бостандық, күнде қолыңа тиын-тебен түседі, айналамда өзім сияқты жастар көп. Қалағанымды киіп, ұнатқанымды жеп, ендігі өмірім тек қуанышқа, бақытқа толы болатындай сезіндім.


Сөйтіп жүргенде базарда сауда істейтін бір жігітпен көңіліміз жарасты. Ол менің ауыр заттарымды көтерісіп, үйіме дейін шығарып салып, қалағанымды әперіп, ата-анамнан көрмеген ықылас, мейірімді үйіп-төкті. Өзім жылу аңсап жүргенде жігітімдің осы әрекеті жібітіп салды да, ойланбастан өзімді алып қашуға рұқсат бердім. Ол кезде небәрі 19 жастағы қызбын, алды-артымды ойламай, бір әулетке топ етіп келін бола салдым.


Ер мінезді боп өскенім бар, әпкелерімнен тірлік артылмай, үйде тіке жүріп-тұрып қалған адамға келіндік шаруаны атқару оңай тимеді. Онымды енем түсініп, барынқа қолдау білдірді. Бірақ атам келген күнімнен жақтырмады. «Мына тамағың дәмсіз, татымы жоқ», «Неменеге шаба бересің, отыр, бәрін келін істесін» деп енеме ұрысып тастайтын. Қысқасы, күннен күнге атам екеуміздің жағдайымыз шиеленісіп, өмір сүру қиындап кетті.


Оңаша қалғанда күйеуім «әкемнің тіке мінезін көңіліңе алма» деп ескертіп қоятын. Бірақ менің де оңып тұрған мінезім жоқ қой, бір күні дастархан басында «келін, тамақ істеп үйренетін кезің болды ғой, не мынау, жуынды ма» деп кесе толы сорпаны алдыма қарай итеріп жіберді. Өзімнің аяғым ауырлап, күні бойы жүрегім айнып, әлгі тамақты әрең дайындағам. Ызам келіп, кесе толы сорпаны атамның өзіне қарай ақтарып жібердім. Енем ойбайлады да қалды. Ал күйеуім отырған жерімде мені тепкілеп, үйден шығып кетті.


Ішім бүріп, бөлмеме кіріп бүк түсіп жатып қалдым. Жылап-жылап ұйықтап қалыппын. Бір уақта енем бақырып жылап, үйдің іші абыр-сабыр боп кетіпті. Сыртқа шықсам есіктің алдында атам мен енем үйді басына көтере жылап отыр. Күйеуім ашумен шығып, машинасына отырған да, аварияға түсіп, тіл тартпай кетіпті. «Сен менің баламның басын жалмадың, жалмауыз!» деп атам мені сол жерде ұрып, үйден қуып шықты.


Түн жарымы ғой, көшеде қайда барарымды білмей тұрғанда күйеуімнің досы келіп, мені әпкемнің үйіне жеткізіп салды. Ертеңіне әке-шешем, бауырларым, бәріміз жаназаға барып едік, атам тағы да қарғап, ит-масқарамды шығарды. «Сол жерде енеме ішімдегі баланы алдырып тастаймын, мынандай қақпас шалдың ұрпағын ертең сүйіп жүре алмаймын» деп айтып, оның жалынғанына қарамай іштегі баланы алдырып тастадым. Ақымақ басым-ай десейші...


Содан он жыл өткенде өте жақсы бір азаматты жолықтырдым. Кәсіпкер, табысты, бір рет үйленіп, екі қызымен ажырасқан адам екен. «Маған бір ұл туып берсең болды» деп өзінің компаниясына жұмысқа алды. Қазір біргеміз. Бірақ балалы бола алмай жүрмін. Дәрігерлер бәленің бәрі бірінші баланы алдырғаннан деп отыр. Оны күйеуім білмейді, білген күні мені тастап кететін шығар. Себебі оған ізін жалғайтын ұрпақ керек. Күні-түні перзент тілеп отыр.


Қазір ақыл тоқтатып, ойым кемелденген шағымда өткен өмірімдегі сәтсіздіктердің барлығы қырсық мінезімнен болғанын түсіндім. Үлкен кісінің әр сөзінен мін іздемей, «сіздікі дұрыс» дей салсам, бірінші күйеуім де, балам да аман-есен болар еді. Олардың қарғысы, наласы қазіргі бақытсыздығыма себеп болғандай. Кішіпейіл адамның ісі оңды, жолы ашық болады екен, осыны қазіргі жастар түсінсе деген ниетпен айтып отырмын».