​«Қайын атам жөргекпұлымды күтіп отыр»: түркістандық жас келін қайынатасының іс-әрекетін жайып салды

0
2 207

«Қайынатама күйеуге тиген сияқтымын...»


​«Қайын атам жөргекпұлымды күтіп отыр»: түркістандық жас келін қайынатасының іс-әрекетін жайып салды

иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың «келін мен қайын атаның сөзі бір, себебі екеуі де бір әйелден қысым көріп отыр» деп әзілдейтіні бар ғой. Расында да мамамыз да, әпкелерім де еш уақытта қайын атасын жамандаған емес. Сондай қиялмен бойдақ кезімде қайын атамды басқаша елестеткем. Бірақ, өкінішке қарай, мүлдем кереғар адам бұйырды. Қытымыр қайын атаның келінімін» дейді Жасмин есімді жас келін.


Жасминнің айтуынша, Түркістан облысындағы ауылдардың біріне келін боп түскен екен. Содан бері күйеуі екеуіне қайын атасы мен енесі тыныштық бермейтін көрінеді. Оның себебін Жасминнің өзі ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Жасым 24-те, былтыр өзім танысып, ұнатқан жігітке тұрмысқа шықтым. Мен қаланың қызы, ол ауылдың баласы, басында «қалай болар екен» деп аздап уайымдаған едім. Жігітім «біз қалада тұрамыз, ауылда тұратын келін бар, ол жағына бас қатырма» деп күпті көңілімді сейілтіп қойды.


Содан екеуміздің ата-аналарымыз кездесіп, танысып, той-жиынды өткізіп, отбасылық өмірді бастап жібердік. Көктемде отау құрғанбыз, екі ай ауылда өмір сүрдік. Атам да, енем де жап-жас әлі, алпысқа енді аяқ басқан кісілер. Бірақ екеуі де жұмыс істемейді, азаннан кешке дейін кімнің үйінде Құдайы тамақ, кімнің үйінде құдалық, соларды аралап жүреді. Қол босай қалса екеуі екі диванға жайғасып алып телесериал көреді. Ал жастары одан үлкен менің әке-шешем әлі қызметте, «денсаулық барда еңбек ету керек» деп балаларына болысып жүр.


Мені біреулер бара сала ата-енесінің бойынан мін іздепті деп сөгетін шығар. Мұның бәрін кейін саралап, көңілге түйдім ғой. Басында оларды өз ата-анамдай көріп, ізетімді жасап жүрдім. Екі ай тату-тәтті өмір сүрдік. Күз келіп, менің оқуым басталарда қалаға кеттік. «Қаладағы үйде тұра беріңдер» деп атамыз көшіріп әкеліп, үйге орналастырып кетті.


Үшінші курста оқимын, бір күні туыс әпкем өзіне жұмысқа шақырды. «Жұмыс кестесі сенің сабағыңа кедергі келтірмейді, компьютерде отырасың аса ауыр емес» дегесін қуана-қуана келісімімді бердім. Сол жұмысқа кіргенім енді өзіме сор боп тұр. «Келіндеріңіз сабаққа да, жұмысқа да үлгеріп жатыр» деп күйеуімнің айтқаны сол еді, «Дұрыс бопты, айлғы қанша екен?» деді атам. Дені дұрыс адам алдымен құттықтап, «сабағыңнан қиналып қалмайсың ба» деп сұраушы еді, біртүрлі боп қалдым. Айлығымызды жақсылап сұрап алды, күйеуімдікін де қайталап сұрап, пысықтап алды.


Арада көп өтпей күйеуімнің басы салбырап келіп тұр. «Мен айлығымның жартысын үйдегілерге салып тұратын болдым. «Екеуің де табыс тауып жатсыңдар, тұратын үйлерің тегін, артық ақшаны бізге жіберіңдер, мал алып байлаймыз» деп айтыпты. Басында «Мейлі, мал басы көбейсе қосымша ақша болады ғой, ертең жинап-жинап жақсы бір көлік сатып аларсың» деп қуанып қалғам.


Сөйтіп ауылға бір миллиондай ақша жөнелтіп қойдық. Олар жіберген ақшаны жинақтап, бірнеше бұқа, алып бағып жатқан. Бір күні күйеуімнің жұмысындағы жігіт мініп жүрген машинасын арзан бағаға сататын боп, үйге қуанып келді. «Ертең ауылға барып, бұқаларды сатайық» деп көңілденіп қалған. Ауылға барып аң-таң боп қайттық. Біздің ақшаға алған малдың бәрін сатып, атамыз үлкен қайынағамыздың үйін ремонттауға беріп жіберіпті. «Неғыласыңдар машинаны, ағаң ертең қызын ұзатайын деп отыр, үйін жөндеп алсын» деп дүңк етті. Менің күйеуім де жуас екен, бір ауыз қарсы сөз айтпай, басымыз салбырап қайттық.


Менің айлығым аса көп емес, дипломы жоқ адамға кім көп төлесін, әйтеуір күйеуімнің бір жағына шығысайын, қалада өмір сүру оңай емес қой деп таңнан кешке дейін тынбай еңбек етіп жүрсем, атамыздың істеп отырғаны мынау, кәдімгідей ашуланып қалдым. Бірақ күйеуіме ештеңе демедім, көңілін қалдырғым келмеді.


Сөйтіп жүргенде менің аяғым ауырлады. Заңды түрде декретке шығып, оған мемлекеттен бөлінетін жәрдемақыны күтіп жүрмін. Енді жас отбасы болған соң онымұны жоспарлап жүргеніміз тағы бар.


Енді сонымды біліп алған атамыз күнара баласына хабарласады. «Келін декретный ақшасын қашан алады, мұртын бұзбай менің қолыма әкеп салыңдар. Бәрі осы отбасымыздың игілігі үшін, майда-шүйдемен құртып қоясыңдар» деп айта береді. Басында бұл әңгімені абысындардың арасында талқылауға ыңғайсызданып жүргем. Бір күні шыдай алмай сұрадым. Сөйтсем үлкен абысыным үйі бітіп бөлек кеткенше айлығының бір тиынын алмай атамыздың қолына салып берген екен. Қара шаңырақтағы абысыным әлі күнге дейін сөйтетінін айтты. «Сендер қайта жарты айлықтарыңды өздеріңе жұмсап отырсыңдар ғой» деп қызғаныштарын жеткізді. Мен аң-таң болдым.

Айтпақшы, әлі біздің дүниеге келмеген баламыздың жасына толғанға дейінгі жәрдемақысын да беруіміз керек екен. Оны да әңгіме арасында айтып қалғанда тіптен таң-тамаша болдым.


О заман да, бұ заман, келінінің жөргекпұлына жармасатын еркекті бірінші көруім. Құдай баланы береді, оны сен тоғыз ай қиналып жүріп жүріп табасың. Мемлекет ана мен бала үшін, солардың қажетіне жаратсын деп ақша береді екен де, оған айдаладағы қайын ата иемдене сала ма сонда? Мейлі, алған ақшамызды ұқыптап жинап, өзіміздің жеке баспанамызды алуға жұмсаса дейсің ғой, ал ол кісі «қара шаңыраққа ремонт жасаймыз» деп отыр екен...


Ол ғана емес, ауылда отырып менің барған-келген жерімді, құрбы-құрдас, ұжым мен төркінімде болатын той-жиынның біріне қатыстырмайтын жағдайға жетті. "Не бар, қайтыңдар! Бармайсыңдар, әлі жассыңдар, той не теңдерің?" деп алдын ала ескертіп отырады.

Қазір апта сайын демалыс күндері ауылға қатынаймыз. Босанатын уақытым жақын, жол жүре беру маған да қиын. Бірақ оны түсініп жатқан ешкім жоқ.

Бір жағынан үлкендердің айтқаны ғой деп сыйлаймын, қоя саламын. Бірақ барған сайын баласын емес, мені қайынатамның қатты қадағалауға алғаны шошытады. Осындайда күйеуімнің жуастығына жыным келеді. Сәл бірдеңе десең «қоя берші, әкеміздің үйінде тұрып жатырмыз» ғой деп шығады. Ал біз ай сайын сол үйде тегін тұрғанымыз үшін айлығымыздың жартысын уақытынан кешіктірмей жіберіп отырмыз. Пәтерде тұрмағанда несі қалды?...


Біздегі жағдайды менің ата-анам естіді, олар да аң-таң. Бірақ бірдеңе деуге ұялып, «сен енді сол әулеттің адамысың ғой, біз не дей аламыз оларға» деп отыр. Кейде күйеуіме емес, қайын атама күйеуге тигендей сезініп кетем. Мені сыртымнан бақылап, күйеуім арқылы бұйрық беріп отырады. Айтпақшы, "келін биыл дипломын алса, екеуің де ауылға келіп, бізбен бірге тұрасыңдар, қаладағы үйді жалға береміз" деп айтыпты. Жыным шығып отыр...».