​«Қайнағасы келініне үйленген»: күйеуіне ренжіген әйел отбасындағы жағдайды жайып салды

0
1 293

«Өз бала-шағам білсе не болады? Екі баласын маған бақтырып қойып, қалада сауық-сайран салып жүрген екен»


​«Қайнағасы келініне үйленген»: күйеуіне ренжіген әйел отбасындағы жағдайды жайып салды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Құрдастардың, дос-жарандардың арасында бәйбіше, тоқал туралы тақырып қозғалса, бұл мәселе мені өмір бақи теріс айналып өтердей беймарал отыра беруші едім. Бірақ, ойламаған жерден басыңа түскенде не жыларыңды, не күлеріңді білмей қалады екенсің», - дейді Дариға есімді әйел.


Төрт қыз, бір ұлдың анасы күйеуінің тосын әрекетін ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Бізді өзімнің туыс әпкем таныстырған. Өзі тұрмысқа шыққан әулеттің жиені боп келеді екен, «Жақсы жер, барсаң қор болмайсың» деп арамызға түсіп, мені жиен қайнысына келіншек етті.


Үй болған соң анау да, мынау да болады ғой, бастысы бәріне сабырмен қарап, бес баланы өз үйінен алыстатпай өсірдім. Обалы не керек, күйеуім малтабар адам. Мектепте сабақ береді, одан қалса мал бордақылайды, көктемде жер жыртқызып егін ектіреді. Әйтеуір қарап жүрмейді. Соның арқасында ата-енемнің үйі, біздің үй ас-ауқаттан қысылмаған. Балаларды да бейпіл өсірдік.


Тұңғышымыз – ұл, одан кейін төрт қыз таптым. «Ұл тусам екен» деп жүріп, төртеуі де қыз болғанына іштей қынжылғаным рас. Себебі күйеуім үш ағайынды, бірдеңе болса бір-біріне септесіп, көмектесіп, мәселені демде шешіп тастайтын. Бірақ алтыншы рет құрсақ көтеруге менің денсаулығым жарамады, дәрігерлер тууға үзілді-кесілді тыйым салды. Оған күйеуім қапаланған жоқ, «Құдайдың осы көрсеткеніне де шүкір, мен саған ризамын» деп қолдау көрсетті.


Күйеуімнің ортаншы інісі бізден кейін бес жылдан соң үйленген. Ол келіншек әкелген соң ауылдан үй салып, бөлек шыққанбыз. Менен кейінгі келіннің мінезі нашар боп шықты. Оның үстіне қайным ішімдікке жақындау еді, сонысын көтере алмай, қайта-қайта төркініне кетіп, қайта келіп жүріп екі бала тапты. Оны марқұм енем бауырына басып, өз баласындай етіп өсірді.


Бірақ сол күйі қайным мен келіннің арасы жақсы болмады, келін екі баласын қалдырып төркініне біржолата кетті. «Алқаш байыммен өмір сүре алмаймын» деген сылтау тапты. Мейлі деп қалдық. Қолымыздан басқа не келеді, бірақ бұл жағдай онсыз да ішімдікке үйір қайныма оңай тимеді. Арағын ерегісіп ішіп, достарымен күні-түні «қуып», ақырында суға ағып қайтыс болды. Денесін әрең тауып, жерледік.

Сол күйіктен кейін енемнің де беті бері қарамады. Екі немересінің тағдыры, баласының өлімі, келіннің күйігі екі жылдан соң оны да алып тынды. Марқұм, өте жақсы кісі болатын. Қазір қара шаңырақта кіші бала тұрып жатыр, үйлендіріп, той-жоралғысын күйеуім екеуміз өткізіп бергенбіз. Қайын атамыз солардың қолында.


Айтайын деген мәселем, қайнымыз, артынан енеміз қайтыс болған соң кеткен келін екі баласын алып, төркініне әкетіп қалған-тұғын. Бірақ ол жаққа да сыймаған-ау, осыдан үш жыл бұрын қалаға келіп, пәтер жалдап тұрып жатқанын естідім. Мерекелерде өзім хабарласып, екі баланың хал-жағдайын сұрап тұратынмын. «Женше, жағдайымыз нашар, тапқан табысым екі баланың қажетіне жетпейді» деп мұңын шағып, жылап қалғанда шыдай алмай, жағдайды күйеуіме айтқанмын. «Бауырыңның балалары ғой, көмектесейік» деп келініне өкпелеп қалған жерінен мейірімін оятқан өзім едім.


Арада бірнеше ай өткенде әлгі келін екі баласын алып, ауылға келді. «Балалар демалысқа шықты, үш ай осында жүріп, айран-сүт ішсін» деп тастап кетті. Екі бала есейіп қалған, олардың келгеніне қатты қуанып, өз баламнан кем көрмей асырадым. Менің беріп отырған мейіріміме күйеуім де ерекше еміреніп кетті ме, «Сенің ақылың бар екен, бауырымның балаларына көмектескелі менің де берекем кіріп қалды. Осыларды өзіміздің балаларымыздай қолымызға алайық, бұған келін қарсы болмас» деп ақылдасты. Сөйтіп екі ұлды ауылға көшіріп, оқыта бастадық.


Бұл шешімге келінім де қуанып кетті. «Емін-еркін жұмыс істер едім, әйтпесе осылар сабақтан келді ме, кетті ме деп алаңдап жүруші едім» деп бізге екеуін бере салды. Дегенмен әр аптаның соңында күйеуім екі баланы салып, қалаға, шешелерін көрсетіп келуге апарып тұратын.


Сөйтіп жүргенде күйеуім мен келіннің арасында жақындап кетіпті. Бір жыл бойы маған білдірмей, қалада жасырын кездесіп жүрген. Оны қайнымның кіші баласы көріп қалып, әңгіме арасында байқаусызда маған айтпағанда ақымақ боп жүре берер екем. «Атам мен мамам үйленген адамдардай, қалада қол ұстасып жүреді» дегенде үстімнен біреу мұздай су құйып жібергендей болдым. Ең сорақысы, бұл әңгімені күйеуім теріске шығармады.


«Қайтем, Дариға, бауырымның әйелін бөтенге қия алмадым. Бұл біздің қазақтың салтында бар әмеңгерлік қой» деп міңгірледі. Менің аузым ашылып жүргенде қаладан бір бөлмелі пәтер сатып алып, келіннің атына жазып беріп үлгеріпті. Соншалықты аңқау, ақкөңіл болғаныма ішім ашыды. Күйеуім айына қанша табыс тауып жатыр, оны қайда жаратып жатыр, ештеңемен жұмысым болмапты.


Әзірге бұл жаңалықты атам, қайным, келінім ғана біледі. Ағайын-жұртқа естіртпедік. «Мен одан бас тарта алмаймын, екі бала ортада тұрғанда осы шешімім дұрыс» деп күйеуім айтқанынан қайтпай отыр. Ал келін құйрығын бұтына қысып алған бұралқы иттей, менен қашып, телефонын көтермей отыр. Үйіме келіп, асымды ішіп, көрпемді тіліп отырғанына қаным қарайып жүр. Мұндайда не істеген жөн, басым қатып кетті. Ажырасып кете салатындай жастан да өтіп кеттік. Өз бала-шағам білсе не болады?»