​«Енем қып-қызыл «әртіс»: ақтөбелік келіншек енесінің қылығын түсінбей жүргенін айтады

0
2 460

«Той десе ауруын ұмытып кетеді»


​«Енем қып-қызыл «әртіс»: ақтөбелік келіншек енесінің қылығын түсінбей жүргенін айтады

иллююстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Неше түрлі ене бар. Келінді отырса опақ, тұрса сопақ қылатын кісілер жайлы жиі естиміз. Ал менің енем қып-қызыл әртіс. Дипломы жоқ демесең, анау-мынау театр әртістерін жолда қалдырады», - дейді Дидар есімді келіншек.


Үш баланың анасы отбасындағы жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


"Мені енемнің өзі қалап, баласына әперген. Бәріміз бір ауылдың адамдарымыз. Бірақ біз ертеректе аудан орталығына көшіп кеткенбіз. Баласы әскерден келіп, оқуын аяқтаған соң «Пәленшенің қызын көрмейсің бе, ауданға барғанда көрдім, әп-әдемі қыз боп бойжетіпті» деп құлаққағыс еткен. Шешесіне ұнаған қыздан есі дұрыс жігіт құр қала ма, араға менің құрбыларымды салып жүріп, ақыры құрығына түсірді. Құда түсіп, ырғалып-жырғалып ұзатылдық.


Былай қарағанда енем өте жақсы адам. Беймаза емес. Мақтайтын жерінде мақтайды, ұрысатын кезде ұрысып алады. Оған еш өкпелеген емеспін. Қайта үлкен әулетке келін болғаныма қуанып, барынша енемнің, үлкен әжеміздің тәлімін алуға тырыстым. Бес жыл бір шаңырақ астында тұрдық. Екі ененің бабын жасап, баланы да тауып, алтыншы жылға аяқ басқанда жігітімнің жұмыс бабымен қалаға көшіп кеттік. Қайным үйленіп, қолда кіші келін қалды.


Анда-санда ауылға қыдырып барсам келін «енешка таза әртіс» деп онша-мұнша тірліктерін айтып беретін. «Қойшы, қайдағыны айтпай, тым әсірелеп жатқан жоқсың ба?» деп сенбейтінмін. Сөйтсем мен бөлек шығып, талай нәрседен хабарсыз қалған екем.


Біз қалаға көшіп келгенде басымызда баспана болмады. Бір бөлмелі пәтер жалдап тұрдық. Содан ба үйімізге ата-енем көп келе бермейтін. Кейін жер сатып алып, ата-енемнің көмегімен үй тұрғыздық. Содан бастап енем біздің үйден шықпайтын болды. Мейлі ғой, баласының үйі, көшіп келсе де үндемеймін. Тек біртүрлі қылықтары шаршатып жіберді.


Таяуда қайынәпкем қызын ұзататын боп, тойдың қамына кірісіп кеттік. Сол аралықта енемнің ыстығы көтеріліп, ауырды да қалды. Ауылда еді. Уайымдап қалдық. «Тәуірмін, укол салдырып жатырмын» деген. Той күні шашын сәндетіп, бетін боятып, түк болмағандай қалаға, тойға келді.

«Енешка жазылып қалыпты ғой, тәуір бопты» деп келінге айтып ем, «Әртіс қой ол, той десе барлық ауруын ұмытып кетеді» деп күлді. Тойда құдалармен билеп, тілекті әдемілеп айтып, ішіп-жеп, ауылға кеткен. Бара сала «ауырып жатырмын» деп төсекке жатып қалыпты. «Мамам қатты ауырып жатыр екен» деп күйеуім уайымдап кетті. «Кеше ғана тәуір еді ғой. Ауырып жатса қалаға алдырайық, емдетейік, қалалық ауруханада таныс дәрігер бар, бір ауыз айтсақ жатқызар» деп шыр-пыр болдым. Күйеуім шешесін әкелу үшін ауылға аттанды. «Қалаға барам, бірақ мемлекеттік ауруханаға жатпаймын, олар түк те білмейді, жекеменшік клиникаларға көрсетіңдер» деп шарт қойыпты. Шын ауырған адам дәрігер таңдай ма?


Қош, сонымен қаладағы ең мықты деген клиниканың дәрігерлерімен сөйлесіп, күндігіне 17 мың теңге төлейтін ақылы палатаға жатқыздық. Одан бөлек бірталай дәрісін әперу керек екен. Күйеуім бастығынан бір айлық жалақысын алдын ала алып, анасын қаратты. «Маған мына дәрілері мүлдем ұнамады, жақпайды екен. Басқасына ауыстырсыншы» деп алып қойған бір пакет дәріні жаратпай тастады. Не керек, бір апта әлгі жерде емделіп шықты. «Қалада біраз болам, әжетханасы ішінде ғой, күтінейін» деп біздің үйге келіп жатқан.


Күндіз енем төсектен тұрмай жатып алады. Сол кісінің бабын жасайын деп неше түрлі нәрселерді пісіріп берем. Тәбетім жоқ, басым ауырып тұр деп ештеңе жемейді. Ал кешке, баласы келгенде көзі бал-бұл жайнап, ойдағы-қырдағы өсектерді, әңгімелерді айтып, түннің бір уағына дейін сериал көріп отырғанда еріксіз таңғалады екенсің. Ертеңіне тағы да сол нәрсе қайталанады. Келінімнің «енеміз әртіс» дегеніне сене бастадым.


Бір әпкеміз Алматыда тұратын. «Мен Алматыға қыдырып, қызымның үйіне барып қайтамын. Інім сол жаққа жол жүріп бара жатыр екен, мені ала кететін болды» деп бір күнде киім-кешегін жинады да, Алматыға жол жүріп кете барды. «Мама, кеше ғана емделіп шықтыңыз, қыс ауасы қиын ғой, сәл күтінсеңізші» дегенімізді тыңдаған да жоқ. Қызының үйіне, одан құдалардың үйіне қыдырып, түк ауырмағандай жайраңдап барып келді.


Келді де баяғы әдетіне қайта басты. «Ойбай, басым сығып ауырып барады. Түнімен ұйықтай алмадым, жүректен-ау осы, жақсы кардиолог болса мені соған қаратыңдар» деп ызбайланып отыр. «Жақын арада той-томалақ жоқ па еді, енемізді тағы бір қыдыртып аламыз-ау» деп келініміз екеуміз күліп алдық. Сыртым күлгенімен, енемнің осындай қылықтары жүйкеме әсер етіп жатыр. Ертерек күн жылынып, ауылына қайтса болар еді...»