​«Бәйбішенің өзі құлағыма сырға салып, күйеуіне тоқал етті»: түркістандық әйел ерекше өмірі жайлы сыр шертті

0
1 702

«Балтекеңнің кенже ұлын өзім үйлендіріп, үйіме келін түсірдім»


​«Бәйбішенің өзі құлағыма сырға салып, күйеуіне тоқал етті»: түркістандық әйел ерекше өмірі жайлы сыр шертті
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден салынды


Қазіргі заманның бөлінбес бөлшегіне айналған қарым-қатынастың өзектісі – ол бәйбіше мен тоқалдың сыйластығы. Екі әйел азаматының қамқорлығы мен көңіліне бола тартысады. Оның бос уақытын бөлісе алмай таласады. Бірақ бұл жағдай түркістандық Әлия мен Алтынай ханымға мүлде жат. Балтабай есімді кісінің бәйбішесі мен тоқалы тіпті бір кездері бір шаңырақ астында тұрған.


Ерекше оқиғаны ERNUR.KZ тілшісіне Балтекеңнің екінші әйелі Алтынай айтып берді.


«Ешкім күйеуге тигенде «мен ертең ажырасып кететін шығармын» деген оймен тимейді. Мен де студенттік шақта өз сүйгеніме қосылып, бақыттан бал-бұл жайнағам. Өмір бақи сонымен бірге тұратыныма сеніп, болашаққа небір мықты жоспарлар құрып, қиялға беріліп кетуші едім.


Бірақ ол орысша тәрбиеленген, Қарағандының жігіті еді. Ата-анасының түсінігі басқаша, оңтүстіктен барған мені жатырқай қабылдады. Әр тірлігімнен «ауылбайка, мамбетская» деп мін тауып, баласына шағыстырып отыратын. Ауылдың қызы болсам да әжемнің ерке қызы болғам, бір үндемей, екі үндемей, ақырында сөз қайтаратын болдым. Соңында шарт-пұрт кетіп, бір күнде киім-кешегімді жинап, оқуға да, басқаға да қарамай, ауылға тартып отырдым.


Әкем менің жағдайымды түсінгесін Қарағандыға арнайы барып, оқуымды Алматыға ауыстырып берді. Тұңғышымды оқып жүріп босандым. Осы кезде ата-анамның қолдауы ерекше сезілді. Анам артымнан келіп, қызыма менен артық қарап, өсіріп берді.


Оқуды бітіргесін елге келіп, жергілікті емханалардың біріне жұмысқа тұрдым. Үш жылда бөлім меңгерушісі, жеті жылда бас дәрігер боп көтерілдім. Қазір университетте дәріс берем, қосымша үш жерде қызмет етем. Мамандығым – невролог.


Айтайын дегенім, қызым алты жастан асқанда Балтекеңмен әңгімеміз жарасып кетті. Ол кісі біздің ауруханада дәрігер боп істейтін. «Алтынай, біздің үйдегі жеңгеңді көріп берші» деп әйелін ертіп әкелетін. Қан қысымымен, талма ауруымен есепте тұратын кісі екен. Жиі келіп, қаралып тұратын. Әпкемдей боп кеткен кісіге қолымнан келгенше көмегімді беріп, емдедім. Бірақ үш ұйықтасам да ол кісімен күндес болам деп ойламаппын.


Екі жыл дегенде Балтекең маған көңілін білдірді. «Алтынай, менің екінші әйелім бол, бар жағдайыңды жасаймын. Маған сенің ықылас-пейіліңнен артық ештеңе керек емес» деп қыр-соңымнан қалмай қойды. Біраз уақыт сырт көзден жасырын кездесіп жүрдік. Бірақ оның әйеліне опасыздық жасағаным жаныма қатты бататын. Бір күні менің қабылдауыма келген Әлекеңе бар шындықты жасырмай айтып бердім. «Сіздің күйеуіңіз маған ұсыныс білдіріп жатыр. Оны сізден жасырып қалуға арым жібермейді, қала – кішкентай, бір күні өсек боп, жұрттан естігенше, өзім айтайын. Не десеңіз де сіздікі дұрыс. «Күйеуімнен аулақ жүр» десеңіз, оған да көндім» деп алдында жылап қалдым.


Әлекең текті кісі ғой. Айтқанымды еш ашуланбай тыңдады. Басқа біреу болса тап сол жерде шашымнан жұлып, ит терімді басыма қаптар еді. Ал ол кісі «Мен не дейін, күйеуім сендей жанды таңдаса, мен тек қуаныштымын. Қазақтың бір қызы бақытқа лайықты болса, ол сенсің, Алтыным! Бірақ сендердің жасырын кездескендеріңе мен қарсымын, әке-шешеңнің алдынан өтіп, солардың батасын алайық» деп арқамнан қақты.


Сол уәдесінде тұрып, бір айдан кейін енемізді, қайынәпкемізді ертіп менің ата-анама барып, өзі сырғамды салып, үйіне келін етіп түсірді. Балтекеңнің ол кісіден бір қызы, үш ұлы бар. Балаларымен де бірден әңгімеміз жарасып кетті. Қызымды өз қарындастарындай көріп, кеңпейілділік танытты. Білмеймін, мүмкін маған дейін өзара қызғаныш, әкелеріне деген өкпе-реніш болған шығар. Бірақ оның тігісін Әлекеңнің өзі жатқызып, арамызда мықты елші бола білді.


Бәйбіше әлі күнге дейін менің емделушім. Аптасына бір келіп, шай ішіп, өсек соғып аламыз. Балтекең сенбі-жексенбі күндері қара шаңыраққа барып, балаларымен немерелерімен ойнап-күліп келеді. Ол кісіден Сәния деген бір қыз тапқам. Қазір менің жолымды қуып, Алматыда оқып жатыр.


Осыдан үш жыл алдын тұрып жатқан үйімізді сатып, қала сыртынан жер алдық. Салып бітіреміз дегенше бірталай уақыт, пәтер жалдаймыз ба деп ойладық. Сонда Әлекең «үй кең, осында келіп тұрыңдар. Балтекеңе пәтер жалдап тұру ұят» деп қояр да қоймай көшіріп әкетті. Жеті ай бір шаңырақта тұрдық. «Алтош, келгенің жақсы болды, күнде давлениемді өлшеп, денсаулығымды қадағалайтын адам бар» деп ағынан жарылды.


Бәйбішенің талма ауруына шалдыққанын айттым ғой. Кенже ұл үйленетін кезде Әлекең қатты ауырып, ауруханаға жатып қалды. Сонда ғой, мені арнайы шақырып «Менің жатысым – мынау, баланың тойына баратын шамам жоқ. Сен де бір анасысың ғой, баланың көңілін жарым етпей, орныма барып, келінге сырғаны өзің салып қайт» деп аманаттады. Ондай бақыт күнде бұйыра ма, жиған тергенімді баламның тойына шашып, құдалықтың бар жасауын өзім жасап, бұл міндетті абыроймен алып шықтым. Қазір сол кенже бала менің қолымда. Жап-жас боп келін жұмсап, немере сүйіп отырмын.


«Бәйбішенің көңілін қалай таптың» деп сұрайтындар көп. О баста бәйбішеден Балтекең екеуміздің қарым-қатынасымызды жасырып, астыртын кездесе берсем мұның бірі де болмас па еді. Батылдық танытып, шындықты айтқаныма қазір қуанам...»