​«Аяғы ауыр әйелін ажал құштырған»: төрт баланың анасы күйеуінің көрсеткен қорлығын айтып берді

0
1 010

«Қызғаншақ еркектен қашу керек пе?»


​«Аяғы ауыр әйелін ажал құштырған»: төрт баланың анасы күйеуінің көрсеткен қорлығын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Ерлі-зайыпты болғасын кейде ұрыс-керіс, жанжал болып тұрады ғой. Отасқанымызға 17 жыл болса да ара-тұра шарт-пұрт кетіп, керісіп, кейде күйеуімнің маған қол жұмсайтыны бар. Бәрі де қу арақтың кесірі ғой. Ішпесе одан жақсы адам жоқ. Ал ішіп келген күні жеті атамнан сыбап, түгімді қалдырмайды. Ата-анама нәлет айтып отырған соң шыдап тұрам ба, мен де тіліммен түйреймін. Нәтижесінде төбелесіп, үйіміздің берекесі қашады», - дейді Манзура есімді әйел.


Төрт баланың анасы күйеуінен көрген қорлығын және танысының басынан өткен жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Қазақтың әйелдері өте шыдамдымыз ғой, негізі. Он жеті жыл өмірімде неше мәрте таяқ жегенім есімде жоқ. «Ажырасқанда қайда барам, кім мені күліп қарсы алар дейсің», «Балаларым тірі жетім болмасын», «Балалар өскен соң өзі-ақ қояды ғой» деген түрлі сылтауды өзіме тауып алып, көніп-төзіп өмір сүріп келем.


Өзім бір мейрамханада салат әзірлейтін аспаз боп істеймін. Әйтеуір бала-шағаны асыраудың қамы, әйтпесе бір минут отыру жоқ, таңнан түнге дейін тіке тұрып қызмет істейсің. Оңай жерде нан жоқ. Күйеуім әр жұмыстың басын бір шалады. Тұрақты табыс кірмегесін өте қиын. Сол себепті кейде қасымдағы аспаз келіншекпен бірігіп той, құдалық, гәп сияқты тапсырыстарды алып, клиенттің үйінде қызмет көрсетеміз. Сондай кездері күйеуім қызғанып, менің келетін уақытыма ішетін арағын ішіп, ұрып-соғуға дайын отырады.


Екеуміз үйленген алғашқы төрт жыл бала көтере алмай, ата-енеміз «жер аударсаңдар жақсы боп кетер» деп, еншімізді беріп, біздер қалаға кеткенбіз. Тұра қоятын дайын үй жоқ, бір ерлі-зайыпты иранның үйін паналап, бір бөлмесін жалға алып тұрғанбыз. Енді көшіп келген кезіміз ғой, күйеуім жұмыс іздеп қалаға шығып кетеді, мен әлгі бөлмеге қамалып, ешқайда шықпаймын, қаланы дұрыстап білмеймін. Сөйтіп жүрген күндердің бірінде әлгі пәтердің қожайыны маған қырындап, әйелі жоқ кезде келіп, мені зорламақ болған. Орта жасқа келіп қалған еркекпен жалғыз өзім алысып жатқанда күйеуім үстімізден түсіп, мені арашалап алған еді.


Сол оқиғаға он жылдан асса да есінде сақталып қалған. Ішіп келген күндері «мен сені еркетің астынан суырып алғам» деп тиісе жөнеледі. Тапсырыс алып, түнге дейін қызмет көрсеткен күндері де айтатыны сол, «қай жерде, кіммен болдың» деп бала-шағамның көзінше намысыма тиеді. Осы уаққа дейін әлгі оқиғаны да, күйеуімнің мені аптасына бір мәрте жүйелі түрде соққыға жығатынын да туыстарыма, төркініме айтпағам. Олардың менсіз де проблемалары жетіп артылады. Айтқанмен ажыраса салатын ойым болмағасын жеккөрінішті боп қайтем деп ойлайтынмын.


Өткенде күйеуім ұрып, жағымды шығарып жіберді. Өлесі мас боп келгенде үйде болмай қалғам. Кіріп келгенде жуан жұдырығыммен бетімнен сылқ еткізді. Әдетте алдымен әңгімесін айтып, сосын ұратын. Бұл жолы күтпеген соққы алып, есімнен танып қалдым. Үлкенім он үшке келіп, есін біліп қалған ғой, жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жатып шықтым.


Ауруханада өзімнен бес жас үлкен бір әпкемен таныстым. Машинаға мініп жатқанда көлік жүріп кетіп, аяғын сындырып алған екен. Екеуміз бір палатада әңгіме айтып, шер тарқаттық. «Күйеуім қызғаншақ, ұрады, табыс таппайды, ішеді» деп алғаш рет бейтаныс адамға сырымды айтып, ағыл-тегіл жылап алдым. «Сен одан ажырас! Әлі жап-жассың ғой, төрт балаңа тірідей керексің. Есің бар болса қашып құтыл, аман-сау тұрғанда басыңды ажыратып ал!» деді палаталас әпкем салған жерден. Ол кісі «Ішетін, ұратын адам өзгермейді, Манзура. Онымен бірге тұрсаң балаларың да бақытты болмайды» деп көршісінің басынан өткен жағдайды баяндап берді.


«Менің жақсы араласатын көршім де тура сен сияқты, «ажырасқанда қайда барам, өзі-ақ қояды» деп жүріп өмірден өтті. Күйеуі өлтіріп тынды, - деп бастады әңгімесін танысым. – Обалы не керек, екеуінің материалдық жағдайы жақсы болды. Күйеуі әжептеуір бір компанияда істейтін, табыскер еді. Әйелі үй шаруасымен, балаларының тәрбиесімен ауласынан қадам аттап баспайтын. Бір қарағанда бақытты отбасы сияқты. Бірақ күйеуінің қызғаншақтығын естігенде жағамды ұстадым. Әйелі төрт қабырғада қамаулы отырса да үйіне келе телефонын тексеріп, киім-кешегін тіміскілеп, тіпті қыстың күндері аулаға жауған қардың ізіне дейін аңдиды екен.


Байғұс әйел күйеуінің дөрекі мінезін ешкімге айтпай, құпия сақтап жүретін. Бір жолы орнынан тұра алмай, әжетханаға жете алмайтын халде жатқанда маған хабарласып, көмекке шақырған. Өзің сияқты әп-демі, аққұба келіншек еді, бет-аузының сау тамтығы қалмаған, көргенде шошып кеттім. «Әй, сорлы-ау, мұның не? Сөзіңді сөйлейтін ешкімің жоқ па? Біреуін шақырып, мынаны құтырта бермей, бір басып қоймайсың ба?» деп ақыл айттым. «Әпке, үйреншікті жағдай ғой, анда-санда болмаса былайғы уақытта зәбірі жоқ. Оның үстіне біздің жағдайымызды жасап, асырап отыр ғой, табыс таппаса бір жөн еді» деп күйеуінің айыбын жуып-шайып еді.


Бір күні жұмысқа кетіп бара жатып көршімнің балаларының шыңғырған дауысынан кілт бұрылдым. Шар ете қалды, әлгі жағдайды көзіммен көрген соң жай өтіп кете алмадым. Дереу үйлеріне кіріп бардым. Үш бала үш жақта, жылап-еңіреп отыр. Көрші еркек әйелін көтеріп, көлігіне салып жатыр екен. Мені көрсе де көрмегендей кейіп танытты да, көлігін оталдырып жүріп кетті. Балаларынан жағдайды сұрап едім, есейіп қалған үлкен қызы «Папам мамамды ұрды, сосын басын ұстап алып есіктің алдындағы цементке соқты. Бізді үйдің ішіне қамап қойды. Бір уақытта мамам үйге кіріп, біздің қасымызға жатқан. Азанда тұрсақ қиналып жатыр екен. Папам ұйқысынан тұрып, көлігімен әкетіп қалды» деп көрген-білгенін айтып берді.


Сол күні түстен кейін жан тапсырыпты. Байғұс екіқабат еді, төртіншісін босанайын деп отырған. Іштегі баланы да аман алып қала алмапты. Күйеуі сол тірлікті ақшамен жауып тастады-ау, алты айдан кейін үйлерін сатып, басқа жаққа көшіп кетті. Сорлы әйел жарық дүниенің есігін ашпаған сәбиімен бірге ажал құшып кете барды. Сондықтан мен ішетін, әйелін қызғанып ұратын еркектен күдерімді үзіп тастағам. Сен де абайлашы әйтеуір».


Ауруханадағы әпкенің сөзінен кейін мен аздап ойланып қалдым. Емделіп, үйге шыққан соң күйеуім бір айдай тыныш жүрді. Үйімізге енді береке кіріп, жылылық орнап, жақсылықтан үміт күте бастағанда тағы да таяқ жеп отырмын. Не істемек керек, ажырасқаным дұрыс па?»