​«Айфонды алып, тайып тұрыпты»: қызылордалық әйел ұлының несиесін төлеуге мәжбүр екенін айтты

0
1 087

«Жалғыз ұл жүректі ауыртып жатыр»


​«Айфонды алып, тайып тұрыпты»: қызылордалық әйел ұлының несиесін төлеуге мәжбүр екенін айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Балаң жақсы болса, бір бақыт, келінің жақсы болса, мың бақыт» деген сөз қалай құп айтылған десейші. Кім өсірген перзентінің жаман болғанын қалайды дейсің, шама-шарқынша тәрбие беріп, тура жолмен жүрсе деп армандадық. Бірақ баламыз сорлатып жатыр, қайтейік», - дейді Ануза есімді қызылордалық әйел.


Үш қыздың ішіндегі жалғызым деп бетінен қақпай өсірген ұлына күйінген ана ішіндегі сырын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Жақсылық баламыз үш қыздың ең кішкентайы. Кішкентайынан тынымсыз, мінезі ашық, көпшілікпен тез тіл табысып кететін елгезек бала болды. Әзір де сондай. Араласатын достары көп, үйде тұрмайды. Ол үйшен шығып кеткен сайын «бірдеңеге ұрынып қалмаса екен» деп елеңдеймін де отырам.


Оның себебі де жоқ емес. Баламыз мектеп бітірген жылы досының көлігін өзара келісіп, айдап, қарсы бетте келе жатқан көлікке соқтығысып қалған. Әкесі вахтада еді. Естігенде давлением көтеріліп, абдырап қалдым. «Балаңыз әлі кәмелет жасқа толмаған, көлік жүргізуге куәлігі жоқ, бөтен біреудің машинасын айдаған. Бағы бар екен, қарсы келе жатқан машинадағы адамдарға ештеңе болмапты. Бірақ арызданып отыр, көлігін жөндеп беру керек» деп полиция келді. Қысқасы, миллион теңгеге түстік. Досының да көлігін жөндеп бердік.


Әкесі әбден сілкілеп, ақылын айтып, біраз уақытқа дейін аптығы басылып қалған сияқты еді. Кейін ақша сұрауы жиілей бастады. «Оқуға керек боп жатыр», «сессияға жинап жатырмыз» десе сұрағанын ұстатып, бекер қылған екем. Оқуына барып жолыға салмағаныма әлі өкінем. Баламыз сабақты сылтауратып алған ақшасын спорттық ұтыс ойындарына сала бастапты. Үйге кіші қызым қыдырып келіп, киім-кешегімізді жууға шығарған да, інісінің шалбарын ала бергенде қалтасынан ұтысқа тіккен ақшаның түбіртектері шығыпты.


Әкесі екеуміз жабылып жүріп, әлгі бәледен әрең арашалап алдық. Бір минут уақытын бос қоймайтын болдық. «Сабақтан шыққасын жұмыс істейсің» деп күйеуім досының мекемесіне «тығып» қойды. Сенімді адамның жанында ғой деп көңіліміз тыншып, алаңсыз күн кешіп жүрдік.


Негізі араласатын ортасы адамға қатты әсер етеді екен. Тура жолда жүрген адамды адастыра салу кейбіреулерге тым оңай сияқты. Себебі баламды жұмысындағы біреу дінге үгіттей бастаған. Алып-ұшып тұрған шағы ғой, намаз оқығанның бәрі аппақ, адал деп ойлайтын кезі, бірден мешітке барып, өзі секілді жастармен аралас-құралас боп, бір күні сақал қойып шыға келді.

Әкесінің жұмысы түзде ғой, бір ай үй бетін көрмейді. Бір өзімнің шамам қайдан келсін, «балам сенің мынауың дұрыс емес, бұлай кете берсең мешітке түнейтін сияқтысың ғой, аптасына бір мәрте жұма намазға барсаң жетер, ақылға кел» деп айтып қоям.


Әкесі келгесін «мына баланы үйлендірмесек, тыншитын түрі жоқ, сұра, дені дұрыс қызы бар болса, құда түсейік, түбінде бір үйленеді ғой, әкеле салсын» деп қоймадым. «Балаң әлі жас қой, отбасын қалай асырайды, ол деген үлкен жауапкершілік» деп күйеуім көнбей, біраз тулады. Әйелден айла артылған ба, үйтіп-бүйтіп дегеніме жеттім. «Сен өзің сұрап көр, қызы бар болса құдағимен кездесіп, танысып көр. Қандай жерден екен, әке-шешесі кім, бәрін тексеріп, біліп ал, арғы жағын сосын көреміз» деп қысқа қайырды.


Маған да керегі осы еді, әңгіменің шет-жағасын балама айтып ем, «қызым бар, тек сол қызға үйлленем деп шешіп қойғам, міне...» деп суретін көрсетті. Әп-әдемі қыз екен. Өзімен бір университетте, басқа факультетте оқитынын айтты. «Сен қызды ашық әңгімеге тартып, тұрмысқа шығатын ниеті бар ма, соны біліп ал. Үйлетін ниетіңнің барын білдір. Қыз көнсе, әке-шешесімен танысып, тәтті шай ішейік. Сосын көктемге қарай үйлендіреміз» деп желпіндіріп қойдым.


Екі күннен кейін «қыз қарсы емес, құдағиыңыздың нөмірі міне, сөйлесіп, кездесе беріңіздер» деп балам мәз боп келді. Келінді алар-алмасымыз нақты белгісіз болғасын жаныма ағайын-туыстан ешкімді қоспадым, тек сырласым болған құрбым Бануды жаныма алып, құдағимен танысуға бардық. Екі сағаттай танысып, әңгіме айтып, болашақ жоспарыммен бөлісіп, кафеден жап-жақсы тарқасқанбыз.


Үш күннен кейін әлгі «құдағи» хабарласып тұр. «Кешіріңіз, біздің қыз әлі жас, қазір күйеуге бере қоятын ниетіміз жоқ. Балаңыз күдерін үзе берсін» дейді. «Жас болса тағы бір жыл таныс-біліс боп жүре тұрсын, екі жас бірін-бірі ұнатып тұр, кедергі келтірмейік» деп әңгіменің тігісін жатқызып, «құдағидың» көңілін аулап қойғам.


Арада төрт-бес ай өтті ме, өтпеді ме, «Мен Саяға үйленбейтін болдым, екеуміз айырылысып кеттік» деп балам келді. Айтуынша, әке-шешесі біздің баланы жақтырмапты, шамасы мен де ұнамағам-ау. «Мейлі, балам, басың әлі жас қой, жолыңда әлі талай қыз кездеседі, шертіп жүріп таңдайсың» деп жұбатып, бұл тақырыпты жылы жауып қоя салғанбыз.


Енді кеше банктен біреу телефон соғып тұр, «балаңыздың несиесі бойынша, ол бізден бөліп төлеуге тауар алған» деп. Кейін анықтап, білсем, балам әлгі Сая деген қыздың туған күніне 650 мыңға «Айфон 14 про макс» деген телефон сыйлапты. Несиеге рәсімдеп алған. Үйтіп-бүйтіп үш айын төлепті, кейінгісіне шамасы жетпей қалған.

«Сорың құрығыр, сыйлықты да шамаңа қарап алмайсың ба, қай жеріңе сеніп алдың» деп күйіп кетіп жылап алдым. «Анау қызыңнан телефонды қайтарып ал да, сатып, несиеңді жап» деп айқайладым. Сөйтсем балам «мен еркекпін, сыйлаған нәрсені қайта сұрауға намысым жібермейді» деп күйдіреді. Ақыры көндіре алмадық, осының кесірінен үйде күнде ұрыс боп кетті. Бұл масқараны әкесіне айтуға дәтім бармады. Мұны естісе баласын оңдырмайтын шығар.


Амал жоқ, баламның несиесін өзім төлейін деп отырмын. Әлде ұялмай-ақ қыздың шешесіне хабарласып, телефонды сұратып алсам ба екен. Не ақыл қосасыздар маған, көпшіліктің кеңесі керек боп тұр...»