Вакцина салдырмағандар ковидпен ауырып, инфекцияны таратуы мүмкін – дәрігер

0
5 740

"18 жасқа дейінгі балалар, жүкті және емізулі әйелдер және 65 жастан асқан адамдарға вакцина салуға болмайды. Себебі вакцина толық зерттелмеген. Сол үшін оларға шектеу қойылған."


Вакцина салдырмағандар ковидпен ауырып, инфекцияны таратуы мүмкін – дәрігер

фото: pronedra.ru

Өздеріңіз білетіндей, елімізде короновирусқа қарсы жаппай вакцинациялау басталған болатын. Халықтың біраз бөлігін әлемге жайылған дерттен сақтау үшін вакцинаның екі компонентін егуге шешім шығарған. Десе де, вакцинадан қорқып жүргендер де баршылық. Осы орайда, халықтың көкейінде жүрген сан түрлі сауалдарды Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасына жолдаған болатынбыз.

Көңілді күпті еткен сұрақтарға №5 қалалық емхананың Жалпы тәжірибелі дәрігерлерінің бөлім меңгерушісі Муратова Замира Нұрпапақызы жауап берді.


Сұрақ:

- Ерікті түрде салдыратын вакцинаның пайдасы мен зияны туралы толық әрі нақты айтып өтсеңіз...

Жауап:

- Вакцина Қазақстан Республикасында ерікті түрде салынады. Вакцина ағзаны белгілі бір инфекциялық қоздырғышымен – белгілі бір вируспен немесе бактериялармен күресуге дайындайды. Бұл біздің иммундық жүйемізді нығайтады. Ағзаға енген вирусты тануға ықпал етеді. Екіншіден еріксіз антиденелер олармен күресуді үйренеді. Жалпы, вакцина салған соң адам ауырмайды, тек ағзада реакция пайда болуы мүмкін. Сондықтан вакциналар әртүрлі аурулармен күресудің осындай күшті тәсілі болып табылады. Вакцина ауруларды емдемейді, бірақ оның дамуына жол бермейді. Бір сөзбен айтқанда, вакцинаның ағзаға тигізетін пайдасы мол, ешқандай зияны жоқ.


Сұрақ:

- Вакцина короновируспен күресетін бірден-бір жол болса, неге ең әлсіз адамдардан (жүкті, емізулі, 65 жастан асқандарға, 18-ге толмағандарға, созылмалы аурумен ауыратын науқастарға) бастамаймыз? Неге олар босатылады?

Жауап:

- 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті және емізулі әйелдер және 65 жастан асқан адамдарға вакцина салуға болмайды. Себебі вакцина толық зерттелмеген. Сол үшін оларға шектеу қойылған.


Сұрақ:

- Вакцинаны әр ағза әртүрлі қабылдай ма?

Жауап:

- Иә, әр ағза әртүрлі қабылдайды.


Сұрақ:

- Неге вакцина салдырған адамның денесі қалтырап, бүйрек, бел, буындары ауырады? Әлде аурудың бәрін қозғай ма?

Жауап:

- Өйткені вакцина енгізгеннен кейін ағзада 3 күнге дейін иммундық реакция болып антиденелер пайда болады. Соның әсерінен кейбір ағзалар ауырсынады.

Кейбір ағзада ауырсыну пайда болады. Бас ауруы, әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, бұлшық еттің құрысуы, қалтырауы болады. Бұл вакцина салынғаннан кейін ағзада болатын қалыпты жағдай. Мұндай белгілер байқалса, керісінше қуану керек, өйткені ағзада Код-19 қарсы антиденелер пайда болады.


Сұрақ:

- Жалпы, ковид ауруынан қорғайтын вакцина қайсы ағзаның ауруын қозғайды?

Жауап:

- Бұл вакцина ешбір ағзаның ауруын қоздырмайды. Халық бұл вакцинаны дұрыс түсініп, өзі және отбасы, әріптестері үшін қабылдауы керек.


Сұрақ:

- Вакцинаның күші қанша уақытқа жетеді?

Жауап:

- Ол әр адамның иммунитетіне байланысты. Негізі 6 айдан 1 жылға дейін жетеді.


Сұрақ:

- Вакцина короновирусқа қарсы күресе ала ма?

Жауап:

- Күресе алады, өйткені адамның ағзасында иммундық реакция болудың әсерінен ковид-19 қарсы антиденелер пайда болады.


Сұрақ:

- Вакцина кімдерге әсер етпеуі мүмкін?

Жауап:

- Вакцина салдырған адамның барлығына әсер етеді.


Сұрақ:

- Вакцинаның біріншісін салдырып, екіншісін салдырмай қойса, қандай қауіп болу мүмкін?

Жауап:

- Вакцина екі дозамен салынады. Арасы 21 күн. Бір айда екі рет алған адам аурудан жақсы қорғанады.

фото: cnn24.ru

Сұрақ:

- Вакцинаның бірінші және екінші компоненттерін енгізу аралығы 45 күннен 90 күнге ауыстырылды. Екінші компонентін салдыру уақытын одан да ұзартуға бола ма?

Жауап:

- Болмайды. Әр елдің вакцина өндірушілерінің қабылдау ережелеріне байланысты қазіргі таңда вакциналардың түрлері көп. Соңғы мәліметтер бойынша 30.04.21 жылы шыққан №17 қаулысына сәйкес өзгерістер енгізілді. Кейбір жағдайларда интервалды ұзарту адамның иммундық реакциясының күші мен ұзақтығының артуына әкеледі.


Сұрақ:

- Вакцина алмаған қызметкерлер қашықтан жұмыс істейді дейді. Сонда вакцина салдырмағандар қандай қауіп туғызуы мүмкін?

Жауап:

- Вакцина салдырмағандар Ковид-19 ауруымен ауырып, инфекцияның таралуына қауіп тудыруы мүмкін. Бұл індетті тоқтату үшін, ұжымдарда жұмысшылар ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін 100 % қызметкерлер вакцина алу керек.


Л.АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Балаңыздың ІШІ қатса БАЛ қосылған СҮТ ішкізіңіз


Бұл БЕЛГІЛЕР ағзаның ШЛАКҚА толғанын білдіреді


Өкпені ВИРУСТАН қорғайтын дәрілік АЛТЫ өсімдік