​Баланың ҚОРЫЛДАУЫ қандай ДЕРТТЕН дерек береді?

0
15 293

Бұл туралы дәрігер толық айтып береді.


​Баланың ҚОРЫЛДАУЫ қандай ДЕРТТЕН дерек береді?

фото: uk.news.yahoo.com

Балалар ауруының түрі өте көп. Оның ішінде көңіл бөлмейтін аурулары да кездеседі. Соның бірі – қорылдау. Қорылдау ауру емес, бірақ қандай бір аурудың белгісі екені анық. Оны нақты білу Шымкент қалалық №7 емхананың педиатр дәрігері Мусаева Роза Наурызқызынан (суретте) сұраған едік.


Аллергиялық ринит, май басу, неврологиялық, эндокриндік аурулармен ауыратын болса бала жиі қорылдауы ғажап емес дейді дәрігер. Түні бойы қорылдаған баланың күндіз мазасы болмайды, үнемі шаршап жүреді. Ұйқысы бұзылып, ақыл-ой дамуы да кешеуілдеуі мүмкін екен.

Көп жағдайда ата-аналар қорылды ешбір аурудың себебі деп білмей, дәрігерге кеш қаралып жатады. Жалпы баланың тыныс алуының бұзылуы 3-7 жас аралығында білінеді. Ер балаларды бұл ауру ертерек мазалайтын көрінеді. Қорылдаудың денсаулыққа ешбір зияны жоқ. Бірақ ол белгілі бір аурудың нышаны болуы мүмкін.


Мектеп жасындағы және кішкентай нәрестелерде қорылдаудың 95%-ы – аденоидтар болып табылады. Яғни, тыныс алудың нашарлауы, тамақ, көмей бездерінің ісінуі. Тыныс жолдарының тарылуынан баланың демалуы қиындап, қорылға басады.


Кеңсіріктің қисаюы. Мұрын кеңсірігінің қисаюы да тыныс алуды қиындатады. Дәрігерлер бұл қиындықтың орнын толтыруға болады дейді. Баланы кішкентай күнінен дәрігерге көрсетіп, ем қабылдауды қолға алу керек.


Май басу. Артық салмақтың әсерінен дененің барлық жерін май басып, мойын да қалыңдай түседі. Соның әсерінен жұтыну қиынға соғып, тыныс алу жолдарына ауа дұрыс таралмайды. Содан соң бала түні бойы қорылдап, ұйқысы бұзылады.


Неврологиялық аурулар. Жоғарғы тыныс жолдарындағы иннервация бұзылысы ондағы бұлшықеттерді үйлестірілмеген әрі жетімсіз күйге түсіреді. Осыдан келіп тыныс алу қиындайды. Бала түні бойы қатты дауыс шығарып, тынымсыз күй кешеді. Бұлайша ұйқының бұзылуына неврологиялық аурулар себеп болып отыр.


Эндокриндік аурулар да қорылдаудың басты себептерінің бірі болуы ғажап емес. Мысалы, қалқанша безіндегі зоб ауруы мен шанышқы безінің салдарынан қорыл пайда болады.

фото: medaboutme.ru

Қорыл мазалағанда баланы қандай дәрігерге апарған дұрыс?

Ең алдымен ата-ана баласының ұйқысы мен оның тамақтануын 1-2 күн бойы бақылауда ұстауы тиіс. Содан соң педиатр дәрігердің қабылдауына жазылып, себебін анықтауға кірісесіз. Бірақ баланың қорылдауының себебін анықтау оңайға соқпайды. Ол үшін лабораториялық және аспаптық тексеруден өту керек. Ол үшін баланы ЛОР-дәрігер тексереді. Дарігердің тексерулерінен кейін қандай да бір патология анықталса, жедел түрде ем тағайындалып, көмек көрсетіледі.

  • Риноскопия, фарингоскопия секілді диагностикалық тәсілдер арқылы балалардағы қорылдың себебін анықтайды. Тексеру барысында мұрын жолдарының бітелген-бітелмегені, созылмалы аденоидтардың бар-жоғы анықталады. Бұдан бөлек, риноскопиялық тексеруден кейін аллергиялық тұмаудың болу-болмауын да анықтай алады.
  • Полисомнография – бұл тәсіл тыныс алудың жиілігін, демнің дұрыс таралуын, баланың түнгі ұйқысының тыныштығын толықтай айтып береді. Осылайша дәрігер блаланың денсаулығы жайлы диагноз жасап, тыныс жолдарында бұзылыстардың бар-жоғын айтады.
  • Бас пен мойынды компьютерлік томографияға түсіру. Рентген сәулелерінің көмегімен қорылдың анатомиялық себебі анықталады. Мұндай тексеруден кейін баланың тыныс жолдарына хирургиялық коррекция жасалуы мүмкін.
  • Лабораториялық талдау жасату. Көбіне артық салмағы бар балаларға липидограмма жасалып, метаболикалық белгілер анықталады, дейді Роза Наурызқызы.


Ата-аналарға кеңес

Егер тексеру барысында ешқандай потологиялық аурулар анықталмаса баланың тыныс алуын жеңілдету үшін мынадай кеңестерге құлақ түріңіз:

  • Күн сайын баланың жатын бөлмесін желдетіп, ылғалдандырып отыру керек. Құрғақ ауа мұрынның шырышты қабығын құрғатып жібереді. Бөлменің ауа температурасын ылғалдандыру үшін арнайы ылғалдандырғыш құралдарды пайдаланасыз. Ыстық батарейкалардың үстіне ыдыстарға су құйып қоюға да болады.

  • Аптасына екі рет баланың бөлмесіне тазалық жасап, ойыншықтарын жуып тазалау қажет. Сонымен қатар, төсек-жаймаларды жуып, барынша тазалыққа мән беру керек.

  • Баланың бір иығымен жатуын қадағалаңыз. Себебі шалқалап жату баланың қорылын күшейтіп, тыныс алуын нашарлатады.

  • Балаңыздың басына ыңғайлы жастық қойыңыз. Ең дұрысы ортопедиялық жастық алыңыз.

  • Ал, артық салмағы бар бала болса, оның дұрыс тамақтануын қадағалап, спортпен шұғылдануына кеңес беріңіз.

Дайындаған - Л.АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Балаңыздың ИММУНИТЕТІН көтеретін СЕГІЗ әдіс


КҮКІРТІ жоқ СІРІҢКЕ терідегі СҮЙЕЛДІ кетіреді


АВИТАМИНОЗДЫҢ маңызды ТОҒЫЗ белгісі