​АВИТАМИНОЗДЫҢ маңызды ТОҒЫЗ белгісі

0
8 139

Мұндағы кеңестер КӨКТЕМГІ ӘЛСІЗДІКТЕН арылу үшін керек болады


​АВИТАМИНОЗДЫҢ маңызды ТОҒЫЗ белгісі

фото: charming-face.ru

Авитаминозға шалдығуға ең алдымен дұрыс тамақтанбау себеп болады. Одан бөлек асқазан, ішек жолдарының ауруы, дәрументапшылығы да авитаминозға шалдықтырады.

Мұны дер кезінде емдемесе, ағза түрлі дертке шалдығады. Әсіресе көктем мезгілінде авитаминоздан мейлінше сақтану керек.


Авитаминозға кімдер шалдығады?

  • тәттіқұмарлар;
  • мал өнімдерін жемейтіндер;
  • жүкті әйелдер;
  • ішегінде құрты барлар;
  • темекі мен ішімдікке әуес жандар авитаминозға тез шалдығады.


Авитаминоз балаларда қандай көрініс береді?

  • оқуы нашарлайды;
  • қатарынан кеш дамиды;
  • мәліметтерді жаттау қиынға соғады;
  • тез шаршайды;
  • буындары ауырады;
  • жиі суықтайды.

фото: moysimptom.com


Ал үлкендерде қалай білінеді?

  • тері құрғап, босаңсиды әрі түрлі дақ басады;
  • тісі ауырып, қызыл иек қанайды. Тілдің үстін қақ басады;
  • шаш әлсізденіп, қайызғақ түседі;
  • бетке ұшық шығады;
  • бет, қол мен аяқ ісінеді;
  • дененің иісі өзгереді;
  • тырнақ сынғыш келеді;
  • көзінен жас ағып, қызарады;
  • асқорыту жүйесі нашарлайды;
  • есте сақтау қабілеті төмендейді;
  • ашуланшақ келеді әрі түнгі ұйқысы бұзылады;
  • бұлшық ет пен буындар ауырады.


Авитаминоздың алғашқы белгілері:

Ағза дәрументапшылығына ұшыраудан қатты қорқады. Сондықтан да оған жол бермеу қашанда маңызды. Денсаулығын жоғары бағалайтындар әр мезгіл басталатын кезде қажетті ем-шараларын жүргізіп, дәрумен қабылдауы тиіс. Әйтпесе, жоғалтқан дәруменнің орнын толтыру оңайға соқпайды. Жалпы, авитаминозға шалдыққан адамды қалай білеміз. Оны анықтау үшін мына 9 түрлі белгіге назар аударыңыз...


ТЕРІНІҢ ҚАБЫРШАҚТАНУЫ

Дәруменнің жетімсіздігі теріні құрғатып, қабыршақтандырады. Тіпті ерін де кезеріп, жарылады. Езулікке жара пайда болып, мазаңызды алады. Бір жеріңізді жырып алсаңыз да көгеріп, ауырсынып жүреді. Міне, мұның бәрі дәрументапшылығын білдіреді.


ТЫРНАҚТЫҢ СЫНҒЫШТЫҒЫ

Дәрументапшылығынан тырнақтың түсі өзгеріп, саулығы нашарлайды. Тіпті жұқарып, сынғыш келеді. Мұны емдеу үшін түрлі майлар мен қымбат жақпалардың күші жетпейді. Мұндай жайсыздықтан дәрумен қабылдау арқылы құтыла аласыз.


ШАШТЫҢ ТҮСУІ

Дәрументапшылығының негізгі белгілерінің бірі – шаш. Оның саулығы мен көрінісі сіздің денсаулығыңыз туралы айтып береді. Егер шашыңыз өңін жоғалтып, жұқарып, түсетін болса, онда ағза қандай да бір дәруменге зәру болып жатыр деген сөз. Ал, шаштың бірден ағаруы, қайызғақ басуы, терісінің қышуы бұл асқынған авитаминоздың белгісі болып табылады.

фото: medaboutme.ru


КӨЗДІҢ ҚЫЗАРУЫ

Көру қабілетінің төмендеуі, жасаурауы, қызаруы шаршағанның белгісі емес. Тиісінше, дәрументапшылығының көрінісі. Егер уақытылы ем-шараларын жүргізбесеңіз қолыңыз көзіңізді уқалаудан босамайтын болады. Өйткені, асқынып кеткен жағдайда көз қышып, қабақ ісінеді.


ҚЫЗЫЛ ИЕКТІҢ ҚАНАУЫ

Ешқандай себепсіз тісіңіз қанаса, ұртыңыз жарылып, ойылып мазаласа, тісіңіз жылы мен салқынға сезімтал болса, онда стоматологтан бұрын, терапевт дәрігерінен кеңес алғаныңыз абзал. Өйткені бұл авитаминоздың басты белгілері екенін ескеріңіз.


БЕТТІҢ ІСУІ

Кейде таңертең қолыңыз бен бетіңіз ісінеді. Мұның себебін жатар кезде су ішіп жатқаннан немесе бүйрек ауырғаннан іздейміз. Бұл өте қате шешім. Өйткені ісіну – авитаминоздың негізгі белгілері екенін біліңіз.

Сонымен қатар, бауынның ісуі, қол мен аяқтың ұюы, бұлшықеттің ауырсынуы да дәрументапшылығынан дерек береді.

фото: vashnarkolog.com


ИІСТІҢ ӨЗГЕРУІ

Соңғы кездері денеңізден өзіңізге беймәлім иіс шығып жүргендей сезіле ме? Бұл моншаға бармағаннан, жуынбағаннан немесе ас үйде көп жүргеннен емес, керісінше ағзаның әлсізденіп, дәрументапшылығына ұшырағанынан болады.


СЕЛҚОСТЫҚ

Дәрументапшылығы жүйке жүйесіне де кері әсер етеді. Мінезіңізді, болмысыңызды өзіңізге бағындыра алмасаңыз, ұйқысыздыққа тап болсаңыз, депрессия, селқостық, ашуланшақтық, сабырсыздық, әлсіздік, үнемі көңілсіз жүру – дәруменнің жетіспеуінен орын алады. Жайдары мінез бен байсалдылықпен дос болу үшін қажетті дәрумендерді қабылдаңыз.


АСҚОРЫТУ ЖОЛДАРЫНЫҢ НАШАРЛАУЫ

Іш қату, іш өту, дәм сезбеу, салмақ жинау, қандағы холестерин деңгейінің көтерілуі, құсу, лоқсу ішекке қажетті нәрлік заттардың жетіспеуінен болады. Мұның ең тиімді әрі маңызды емі – дәрумендер екенін ескеріңіз.


Не істеу керек?

  • Тері, шаш пен тырнақ саулығының нашарлауы А, Е, С және В тобындағы дәруменнің жетіспеуінен болады. Мұның алдын алу үшін ет және сүт өнімдерін көбірек тұтыныңыз. Оған қоса, өсімдік майы мен дақылдарды жеуге тырысыңыз.

Ал егер бұл тағамдарды шетке ысырып қойып, дәріханадағы дәруменді іше салуды ойласаңыз, асықпаңыз! Алдымен дәрігеріңізбен кеңесіп, қанға биохимиялық сараптама жасатыңыз. Сараптама нәтижелері сізге қандай дәрумен ішу керектігін айтып береді.

  • Таза ауаға көбірек шығыңыз. Бөлмелерді де пердесін жауып, қараңғыламай, керісінше жарықтың көптеу түсуіне ықпал етіңіз.
  • Спортпен шұғылданыңыз. Таңғы жаттығу жасауға әдеттеніңіз. Салауатты өмір салтын ұстануды мақсат еткен дұрыс. Сонда иммунитетіңіз көтеріліп, авитаминоз ауруынан алыстайсыз.
  • Ас мәзіріңізден бауыр мен миды, жаңғақты, жарма мен бұршақты өнімдерді, ет пен балықты, балғын жеміс-жидектерді, көкөністерді, кебектен дайындалған нанды, балық майын үзбеңіз.


Бұл тағамдар сіздің ағзаңызды қажетті дәрумендермен, минералды заттармен қамтиды. Авитаминоз ауруының алдын алады, көктем мезгілінде әлсіздікті сезінбейсіз. Тәніңіз бе, теріңіз де жасарып, жаңарады.


Материал түрлі дереккөздерінен алынды


Дайындаған - Л.АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


СТРЕСТЕН мына ТОҒЫЗ түрлі АУРУ пайда болады


СҰЛЫ қайнатпасы қандағы ҚАНТТЫҢ мөлшерін түсіреді


Балаңыздың ИММУНИТЕТІН көтеретін СЕГІЗ әдіс