​ӘЙЕЛДЕРДІ мазалайтын 7 ҚАУІПТІ ауру

0
5 444

Біле жүріңіз


​ӘЙЕЛДЕРДІ мазалайтын 7 ҚАУІПТІ ауру

фото: kartinkin.net

Бүгінде аурудың түрі көп. Кейбірі тіпті байқалмай дамиды. Олар бірнеше ай, кейде жылдар бойы белгі бермеуі мүмкін. Мұндай ауруды анықтау үшін тұрақты медициналық тексеруден өтіп тұру керек.

Мойындайықшы, біз яғни, қыз-келіншектер ешқашан өзімізді алдыңғы орынға қоймаймыз. Өзімізге уақыт та, қаржы да таппаймыз. Ай сайын емес, жылына 2 рет медициналық тексеруден өтуге ерінеміз. Жүріп-тұруға шама келмей, ауру әбден асқынғанда барып, қимылдаймыз. Негізінде, денсаулығын бағалайтын адам жылына 2 рет гинеколог, маммолог дәрігеріне міндетті түрде баруы тиіс. Өйткені тап осы дәрігерлер анықтайтын ауру әйелдер қауымына өте қауіпті әрі ешқандай да белгі бермей, қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Ендеше, сыр бермейтін сырқаттар туралы бәріміз бірге білейік...


Сүт безінің қатерлі ісігі

Осыдан 20 жыл бұрын сүт безі қатерлі ісігі 50-60 жастағы әйелдерде анықталса, қазір 30-40 жастағы жас әйелдерде кездеседі. Мұның нақты себептері әлі анықталған жоқ. Бірақ дәрігерлер мен ғалымдар аталған аурудың белең алып, жасаруына әйел өміріндегі стресс, қоршаған ортаның нашарлауы және бала емізуден бас тарту деп болжайды.

Ең қауіптісі бұл тұқымқуалайды. Егер сіздің анаңызда, әпкеңізде, әжеңізде сүт безі қатерлі ісігі болса, онда жылына бір рет гинеколог пен маммологқа қаралу қажет. Ісік процесі басталса да, уақтылы тексеру оны тез анықтауға және емдеуді бастауға мүмкіндік береді.


Жатыр мойнының қатерлі ісігі

Бұл жыл сайын жүздеген мың адамның өмірін қиятын қауіпті дерт. Аурудың дамуына адам ағзасындағы папиллома вирусы себеп болады. Оның алдын алуды өте ерте жастан бастау керек. Яғни, бойжете бастаған кезде-ақ арнайы маманның кеңесін алуға асығыңыз. Ал егер тұрмысқа шыққан келіншекте байқалса, онда ауруды асқындырмаудың бірнеше ережелерін орындауы керек:

  • Әр 6 ай сайын гинекологқа тексерілу;
  • Папиллома вирусын анықтау үшін жағынды тапсыру;
  • Салауатты өмір салтын ұстану және жыныстық қатынас кезінде сақтану. Бұл ережелер сіздің денсаулығыңызды сақтауы мүмкін.


Анабездегі жылауық (киста)

Әйелдердің көпшілігінің анабезінде жылауық кездеседі. Оны дәрігерлер өмірге қауіп төндірмейді деп санайды. Өйткені бірнеше ай ішінде оның көлемі кішірейеді. Функционалды жылауықтан басқа, хирургиялық жолмен жоюды қажет ететін қауіпті түрлері бар. Ал оны анықтау үшін 3 ай сайын УДЗ-ден өтуіңіз керек.

Егер жылауық жарылып кетсе, онда адам өміріне айтарлықтай қауіп төндіреді. Бұл жағдайда әйелге жедел түрде ота жасалынады.

фото: orenfoms.ru


Жыныстық жолмен жұғатын аурулар

Мұндай аурулар (Мерез немесе Сифилис, Соз ауруы немесе Гонорея, Гениталдық ұшық, Хламидиоз, Вагинит және ЖИТС) әйелдің денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді. Олардың кейбіреулерінің жұққаны белгісіз болып табылады. Вирус ағзаға енгеннен кейін 3-4 айдан кейін ғана белгі береді. Бұл кезде өте кеш болуы мүмкін. Сондықтан саулығыңызға кері әсер ететін инфекцияны жұқтырудан сақ болыңыз. Мейлінше:

  • Серіктесіңіздің саулығына сенімді болмасаңыз, жыныстық қатынасқа түспеңіз;
  • Жыныстық жолмен берілетін инфекцияларға 6 ай сайын бір рет тест тапсырыңыз;
  • Алты айда бір рет гинеколог дәрігерге тексеріліңіз;
  • Жыныстық гигиенаны сақтаңыз.


Жатыр миомасы

Бұл – жатыр қуысындағы қатерсіз ісік. Ауру көбінесе 30 жастан кейін дамиды және симптомсыз болуы мүмкін. Миоманың қауіптілігі жақын орналасқан органдардың жұмысын бұзуы мүмкін. Нақтырақ айтқанда, іш қату, қуықпен проблемаларды тудыруы және бедеулік болуы мүмкін.

Егер миома тез өсіп, науқастың қалыпты өміріне кедергі келтірсе, оны хирургиялық жолмен алып тастайды. Бірақ бұл ота гинекологтың бақылауымен жүзеге асырылады. Миоманы халық әдісімен, емдік шөптермен немесе жаттығумен емдеу мүмкін емес. Мұндай тәуекел қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.


Эндометриоз

Жатырдың ішкі қабатынан тыс эндометриялық жасушалардың өсуі нәтижесінде дамитын гинекологиялық қауіпті ауру. Бұл жамбас органдарының тіндерінде қабынуды тудырады. Бел аймағында ауырсыну мен етеккір уақытының проблемаларына әкеледі. Эндометриоз көбінесе бедеулікті тудырады.

Ауру эндометриоз ошақтарының орналасуына байланысты медициналық және хирургиялық жолмен емделеді.


Аналық бездің және жатыр түтігінің қабынуы

Бұл ауру суық тиіп ауырғанда, ағзада қабыну кезеңі жүргенде, түсік тастағанда жыныстық гигиена сақталмаған жағдайда пайда болады. Ауру белең алғанда іштің төменгі бөлігі, сегізкөз аймағы және арқаның төменгі тұсы ауырады әрі жағымсыз иісі бар бөлінді пайда болады. Осы белгілер байқалғанда дереу ем бастаңыз. Болмаса ауру созылмалы түрге ауысып, түрлі асқынуларға әкелуі мүмкін. Салдарынан бедеулік, жатырдан тыс жүктілік мазалайды.

фото: odamah.ru


Гинекологиялық аурулардың негізгі белгілері:

  • Кез келген сипаттағы іштің төменгі бөлігіндегі ауырсыну (тарту, ауырсыну);
  • Етеккір уақытының өзгеруі (етеккірдің болмауы, кешігуі, бұзылуы):
  • Бала тууға байланысты проблема;
  • Шап аймағындағы күйдіру, қызару және қышу;
  • Жағымсыз иісті бөлінді;
  • Зәр шығару проблемалары;
  • Жыныстық қатынас кезінде ауырсыну;
  • Жыныстық қатынасқа құмарлықтың күрт төмендеуі;
  • Кеудедегі және сүт бездеріндегі ауырсыну.

Осы жоғарыда келтірілген қандай да бір белгі мазаласа, дереу гинеколог дәрігердің қабылдауына жазылыңыз. Ауруыңызды анықтап қажетті ем-шараларын жүргізеді. Бүгінгі таңда кез келген ауруды анықтайтын заманауи аппараттар бар.


Әйелдерде кездесетін аурулардың алдын алу

Сырқаттан сақтайтын сиқырлы дәрі жоқ. Сондықтан саулығыңызды сау қалпында сақтағыңыз келсе, жылына 2 рет арнайы маманның қабылдауына жазылыңыз. Одан бөлек:

  • Темекіні тастаңыз. Темекі шегу әртүрлі аурулардың дамуына ықпал етеді;
  • Белсенді өмір салтын ұстаныңыз. Тұрақты белсенділік жамбастағы тоқыраудың дамуын болдырмайды, семіздік қаупін айтарлықтай төмендетеді және жалпы тонусты жақсартады.
  • Салауатты жыныстық белсенділікті сақтау. Серіктесіңіздің саулығына сенімді болмасаңыз, жыныстық қатынастан сақтаныңыз;
  • Дұрыс тамақтану және су ішу тәртібін ұмытпаңыз. Жеміс-жидек, көкөніс, сүт өнімдері, балық және теңіз өнімдері дені сау бала сүю кепілі ғана емес, жалпы денсаулықты да жақсартады;
  • Әр алты ай сайын жүйелі түрде тексеріліп тұрыңыз. Бұл көп уақыт пен күш-жігерді қажет етпейді, бірақ осылайша сіз ауыр дерттің даму қаупін азайта аласыз.


Дереккөз: medcentr.biz


Л.АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


САУ болғыңыз келсе СУ ішіңіз – дәрігер


ҚАРНЫҢЫЗДЫҢ неге жиі АШАТЫНЫН білесіз бе?


МАСТОПАТИЯНЫ емдеу үшін ГРЕК ЖАҢҒАҒЫН жеңіз