ҚАРНЫҢЫЗДЫҢ неге жиі АШАТЫНЫН білесіз бе?

0
5 414

Оның маңызды себебі бар


ҚАРНЫҢЫЗДЫҢ неге жиі АШАТЫНЫН білесіз бе?

фото: yasnodar.ru

Аштық – мидың тамақ керектігін білдіретін белгісі. Аш адамның миы да, денесі де, ойы да тың жұмыс жасай алмайды. Ойы екіге бөлініп, тірлігі өнбейді. Ал тамақтанып алып, артынан тағы да бірнәрсе жеуге аңсары ауып тұру – дұрыс емес. Бұл жағдай қандайда бір дерттің бастамасы немесе дұрыс тамақтану әдісін қолданбаудың салдарынан туындайды.

Аштықты сезіну – зат алмасудың дұрыс жұмыс істеп жатқанын айқындайды. Бұл саулығыңыздың жақсы екенін білдіреді. Ал тамақ жесеңіз де тоймағандай сезімде болсаңыз, онда терапевт, гастроэнтеролог дәрігердің кеңесін алып, қандай аурудың айналдырып жүргенін анықтаңыз. Одан бөлек, мына себеп те қарныңыздың тойғанын сездірмейді.


Көмірсу

Барлық көмірсу ағзаға жағымсыз әсер етеді деп ойламаңыз. Бірақ ұн және тазартылған қант сияқты қарапайым көмірсулар денсаулыққа зиян екені сөзсіз. Ал қарапайым көмірсуды қабылдағаннан кейін де аштық сезімі мазаласа, онда оның тез қорытылып, ас қорыту жүйесіне сіңгенін білдіреді. Нәтижесінде тамақ ішкеннен кейін бірден асқазаныңыз қайтадан тамақ іздейді. Сондықтан да қарапайым көмірсулардан толығымен бас тартып, орнына пайдалы және қоректік тағамдарға назар аударыңыз.


Калория

Иә, өзімізше калорияға сәйкес тамақтанамыз деп ойлаймыз. Бірақ қоректік заттардың арақатынасына мән бермейміз. Мәселен, калориясы жоқ диеталық газды суды ішеміз. Бұл кезде біз ешқандай калория тұтынбадым деп сенеміз. Алайда оның калориясы төмен болғанымен тағамдық құндылығы нөлге тең. Яғни калориясы төмен кез келген азықта маңызды қоректік заттар жоқ екенін ескеріңіз. Ал ағзада қоректік заттар жетіспесе, ми «тамақ ішу керек» деп белгі береді. Мәселен, 1 стақан кока-коланың орнына 1 стақан жаңа сығылған жеміс шырынын ішсеңіз, ағзаны қуантасыз.

фото: tostpost.com

Күйзеліс

Адам күйзелісте жүргенде ағзада кортизол деңгейі көтеріледі. Ал бұл зат жиі тамақтануға ықпал етеді. Әсіресе, зиян тағамдар тізімін толықтыратын чипсы, тәтті, балмұздақты іздеуге мәжбүрлейді. Ендеше, күйзеліспен тамақ жеу арқылы емес, жақын адамыңызбен сөйлесу, сырлдасу арқылы күресіңіз.


Су

Ағзаның сусыздануы ми жұмысын бұзады. Аузыңыз құрғап, қатты шөлдеген кезде су ішу – денсаулығыңызға жасаған шабуыл екенін біліңіз. Асқазаныңыз су іздесе де, «шырылдайды». Бұл белгіні түсінбей, судың орнына тамақ іздеп қателесеміз. Сондықтан да су ішіңіз. Аз уақыттан соң-ақ аштық сезімі басылады. Ұйқыдан оянғаннан кейін бірден 500 мл су ішіңіз. Содан кейін әр 1-2 сағат сайын 1-2 стақан су ішуге әдеттеніңіз. Бұл әдіс теріңіздің, шашыңыздың, тырнағыңыздың саулығын жақсартуға ықпал етеді.


Тамақ

Тамақтану уақыты болмаса да сіз қарныңыздың ашқанын байқайсыз. Бұл асқазаныңыздың белгісі емес. Өзіңіздің ойыңыз. Себебі сіз интернеттен түрлі тағамның суреттерін немесе теледидар, YouTube каналынан аспаздық бағдарламаларды қарау арқылы миыңыздағы тамақтану сигналын оятып отырсыз. Егер бұндай жағдайда әлсіздік танытсаңыз, онда бұндай бағдарламаны тамақтанып алған соң қарауға тырысыңыз.

фото: www.cabothealth.com.au


Гипертиреоз

Қарныңыздың жиі ашуына қалқанша безі қызметінің бұзылуы себеп болады. Гормоналды бұзылу кезінде үнемі аштық сезімі мазалайды, семіздік, салмақ жоғалту секілді жайсыздықтар орын алады. Сондықтан қалқанша безінің гормонының деңгейін тексеріп, дұрыс тамақтану және үнемі жаттығулар жасау арқылы өмір салтыңызды өзгертіңіз.


Ақуыз

Сіз тұтынатын кез келген тамақта ақуыз көзі болуы керек. Өйткені ақуыз сіздің денеңіздің құрылыс материалы болып табылады. Сіздің шашыңыз, гормондарыңыз, ферменттеріңіз және жасушалық мембраналар ақуыздан тұрады. Егер денеңіздегі ақуыз қорын толтырмасаңыз, онда үнемі әлсіздік пен аштықты сезінесіз. Ақуыздардың қорытылуы ұзағырақ уақытты алатындықтан, ұзақ уақыт қанықтырады. Ағзаны ақуызбен толықтыру үшін балық, саңырауқұлақ, тауықтың төс еті, күркетауық, бұршақ және бұршақ дақылдарын, брокколиді көбірек жеңіз.


Май

Көмірсу сияқты, барлық май зиянды болмайды. Біз ағзаны май басады деп майдан бас тартамыз. Шын мәнінде, ағзаға қажетті жақсы майлар бар. Олар жасуша қабықшасының құрылымының ажырамас бөлігі болып табылады әрі денедегі қабынуды және аштықты азайтады, оған қоса, дененің әртүрлі функцияларына көмектеседі. Сондықтан майдан толығымен бас тартпаңыз. Зәйтүн, авокадо, зығыр, күнбағыс майлары мен грек жаңғағын, бадам, пістені көбірек тұтыныңыз.


Қант диабеті

Қарныңыздың жиі ашуы – диабет ауруының белгісі болуы мүмкін. Өйткені, қант диабетімен ауыратын науқас инсулинге тәуелді болады. Инсулин – ұйқы безінің бета-клеткалары шығаратын гормон, ол глюкозаны жасушаларға жылжытуға көмектеседі, онда ол пайдалы энергияға айналады. Артық тамақтанған кезде инсулин деңгейі үнемі жоғарылайды, бұл инсулинге төзімділікті тудырады. Нәтижесінде глюкоза молекулалары жасушаларға кіре алмайды. Бұл кезде денеңіздің энергиясы таусылады да миыңыз сізге көбірек жеу керек екендігі туралы сигнал береді.


Тәртіп

Ешқашан тамақтану тәртібін бұзбаңыз. Міндетті түрде таңғы, түскі және кешкі асты ішіңіз. Тамақтануға уақыт таппау, артық салмақтан арылу үшін тамақтанбау өрескел қателік екенін ескертеміз. Тамақтануға мүлде уақытыңыз болмаса, құрамы ақуызбен байытылған сусын ішіңіз. Әсіресе таңғы астан бас тартпаңыз. Таңғы асты жемеген адамның миы мен денесі летаргия (бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін созылатын ұзақ ұйқыға ұқсас, ерекше ауру хал) режиміне өтуі мүмкін. Салдарынан үнемі шаршау, жиі күйзеліске ұшырау болады.


Ұйқы

Ұйқы – мидың, сүйектердің және бұлшықеттердің босаңсуына және жасаруына көмектесетін табиғи әдіс. Егер дұрыс демалмай, ұйқыңыз қанбай жүрсе, стресс деңгейі жоғарылайды. Мұның бәрі сізді үнемі аштық пен күйзеліске ұшыратады. Ендеше 6-7 сағат ұйықтауға әдеттеніңіз.


Иә, аштықпен күресу оңай шаруа емес. Қарныңыздың неге жиі ашатынын білсеңіз, шешімін табу әлдеқайда жеңіл болады. Егер сіз су ішу тәртібін орындамасаңыз, жеткілікті мөлшерде су ішіңіз. Бір орнында отырып жұмыс істейтін болсаңыз, онда белсенді жаттығуларды жасаңыз. Әрбір мәселенің шешімі бар, кез келген дерттің де емі бар. Тек қана қадағалап, анықтап, қажетті емді қабылдау керек.


Дереккөз: fishki.net


Л.АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Ағзаны ШЛАКТАН қалай ТАЗАЛАУДЫ білесіз бе?


СІҢІРДІҢ ТАРТЫЛУЫ қандай ДЕРТТЕН дерек береді?


СҮЙЕЛШӨП тұнбасы ПСОРИАЗДЫ емдейді