​«Үстіндегі шапанын шешіп, әкеме жапқаны үшін»: ақын Балғынбек Имаш кәсіпкерден ерекше сыйлық алды

0
11 307

"Үш көліктің ішінен қалағанын таңдады"


​«Үстіндегі шапанын шешіп, әкеме жапқаны үшін»: ақын Балғынбек Имаш кәсіпкерден ерекше сыйлық алды


Кәсіпкер, «q4tulpar auto» автокөлік салондарының иесі Талғат Сақан айтыскер-ақын Балынбек Имашқа «Lexus RX-350» көлігінің кілтін табыс етті. Кәсіпкер азамат ақынның алдына үш түрлі машинаны шығарып, қалаған түрін таңдауды ұсыныпты.


«Ассалаумағалейкум, Қазақ елі! Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың «Бес мың ауылдан бес мың кәсіпкер шығып, өз ауылын көртерсе екен» деген тілегіне өз үлесімізді қосайық деп, туған жерім Таскескенде дүбірлі той өткізіп, бес-алты жыл бойы басы қосылмаған ең мықты ақындардың басын қосып, аламан бәйге өткізген едім. Сол дүбірлі айтыста Сара Тоқтамысова қарындасымыз бас жүлдені жеңіп алып, көлікті тізгіндеген. Сосын Балғынбек ағамыз керемет айтыс жасап, менің әкеме өзінің үстіндегі шапаны мен тақиясын кигізген болатын. Оның осы ниетіне риза боп, сол жердегі ақындардың көзінше «Аға, сізге де бір көлігім бар, қалағаныңызды аласыз» деп уәде етіп едім. Уәде – Құдай сөзі. «Ой мен істің арасында кеңістік аз болу керек» деген қағиданы ұстанатын адаммын. Сондықтан уақытты созбай, уәде еткен көлікті Балғынбек ақынға тапсырып тұрмын», - деді кәсіпкер Талғат Сақан.


Өз кезегінде Балғынбек Имаш «Ақын боп талай жерден ат та мініп жүрміз, талай жерден үй де, көлік те алып жүрміз ғой. Бірақ мынау қаншама көліктің арасынан таңдап алудың өзі қызық екен. Туған жерін көркейтем деп жүрген Талғаттай азаматтар аман болсын! Елінің, ата-анасының разылығын алсын, жолы ашық болсын!» деп тілек қосты.


Айта кетейік, кешегі аптада Абай облысының Үржар ауданындағы Таскескен ауылында кәсіпкер Талғат Сақанның ұйымдастыруымен ел айта жүретін ерекше думан болды. Ол тойға елімізге белгілі эстрада жұлдыздары, Айнұр Тұрсынбаева, Бекарыс Шойбек, Балғынбек Имаш бастаған азулы ақындар, палуандар арнайы шақыртылып, халыққа қуаныш сыйлаған болатын.