«Танымалдылығымды пайдаланды»: Мейіржан Төребаев тағылған айыптарға жауап берді

0
1 125

«Полиция департаментінің бір шендісі мені құртқысы келеді»


 «Танымалдылығымды пайдаланды»: Мейіржан Төребаев тағылған айыптарға жауап берді

Үш блогер қаржы пирамидасын құрды және оны жарнамалады деген күдікке ілініп отыр. Солардың бірі –Мейіржан Төребаев қаржы пирамидасына қашан келгенін, жалпы, осы іске қатысты өз шындығын айтты.

«Ол жердің өз директоры, басқарма төрағасы, штаттағы қызметкерлері болды. Мен ол жерде жұмыс істеген жоқпын! Менің өз бизнесім бар, қаржы туралы түсінігім аз болған соң, сеніп, алдандым. Анығы, серіктестері достарым болғандықтан әрі «Халал» өнім болғандықтан алданып қалдым», - деді белгілі блогер «Айтарым бар» бағдарламасына берген сұхбатында.

Ол Азим Саидбаевпен соңғы рет қазан айында хабарласқанын айтты. Ал Мейірханмен байланыста екенін жеткізді.

«Басында Mudarabah Capital компаниясында Азим және Мейірхан сияқты достарым істейтінін білдім. Мамыр айында құрылыпты. Маған «Нағыз мұсылмандарға арналған халал инвестициялар. Сауд Арабиясының сертификаты бар» деп сендірді. Арасында кеңселеріне бас сұғып тұратынмын. Сол кезде бәрі намаз оқитынын, хиджап киіп жүретінін көрдім. Намазханасы да бар екен. Нұрлан деген заңгері де өте сауатты екен. Мен кешегі күнге дейін бұның пирамида екеніне сенбей келдім. Қазір тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Сөйтсем, бізден бірнәрселерді жасырып келіпті. Жәй ғана өзімнің 10 млн теңгемді салдым, болды. Құрылтайшы не қатысушы болмадым. Екі ай өзіме тиесілі 20 пайыз дивидентімді алдым. Сосын сендім», - деп ағынан жарылды ол.



Сонымен бірге аталған компанияның Нұрлан деген заңгерін жақсы танитынын, ал ол кісі барынша сендіргенін алға тартты.

«Нұрлан, бәрі дұрыс па? Менің бір рет аузым күйген, тағы сол отқа түскім келмейді» дедім. Ол: «Бәрі дұрыс. Қорықпа! Мен инвестициямды 3 айдан кейін салдым. бұл компанияны тендерлер берілгенше 3 ай бойы соңына дейін тексердім», - деді. «Қанша салымшы бар?» деп едім, «2 миллиардқа жуық салымшы бар», - деді.

Күндердің күнінде маған дивидент берілмей қалды. Сұрағанымда, «Сен өзімізсің ғой, кейін береміз» деп айтты. Содан бері олардың былығы ашыла бастапты.

«Біз мұсылмандарға халал инвестиция құюға көмектесеміз. Пайыз беру харам. Барлық мұсылмандар осындай халал дивиденттер алуға құқылы», - деді.

Мен 3 айдан кейін: «Жігіттер, менің өз шаруаларым басымнан асады, мен шығамын» дедім.

Олар «Жарайды, жарайды, біз сені шығарамыз» деген соң мен шығып кеттім. Сөйтсем, олардың өз жоспары болыпты. Мені тізімнен шығармапты. Түсінгенім бойынша мен олардың Еговында тұрыппын. Клиенттерге «Мейіржан да бізбен бірге!» деп алдаған көрінеді», - деді ашығын айтқан блогер.

– «Егер сен құрылтайшылардың қатарында болсаң, 7-10 пайыз емес, 20 пайыз аласың» деген соң мен «Жарайды» дедім. Сосын олар «Жарнама түсіру керек» деді. Мен бас тарттым. Араласатын достарым сол компанияда болғаны және «Халал өнім» болғаны үшін сеніп, сол сенімім басыма таяқ болып тиіп отыр. Бұл компания жағдайы жоқтарға үй әперіп, мешіт салып бергенін көрдім. Сосын бар болғаны екі имидждік ролигіне түстім.

Қазір тек Мейірханмен сөйлесіп тұрамын. Ал Азим қараша айынан бері ізім-ғайым жоғалып кетті, - деді ол.

Блогердің сөзінше, отбасы, жақындары бәрі уайымдап отырғанға ұқсайды. «Мен ешқайда қашпаймын. Бәріне жауап беремін», - деді өзінің алданғанын айтқан Мейіржан.

Сонымен бірге түрлі қауесет пен әңгіменің бәрі неге ол туралы ғана айтылып жатқаны басқа да себептерге байланысты екен.

«Компания 25 мамырда құрылды. Ал мен 8 қарашада кірдім. Енді келіп бар айыпты маған артуда. Алайда, дәлелді айғақтар жоқ. Ешкім бетпе-бет келіп «Сен кінәлісің!» деп айтып жатқан жоқ. Біреуі қашып жүр, үшеуі тергеу абақтысында, біреуі бостандықта жүр. Ал енді жалғыз өзім құрғандай бәрі маған төнуде. Мен компания құрылған кезде мүлде болмадым. Тек соңында кірдім.

Мұның бәріне тек менің танымалдылығым емес, жарты жылдан бері Полиция департаментінің бір шендісінің мені құртқысы келетіні себеп болып отырған сияқты. «Мен сені отырғызамын, барыңнан айырамын!» деп қорқытып, үркітумен келе жатыр. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Барлық пабликтерді сатып алып, менің түрімді қойып, қаралап жазуға барынша атсалысып жатыр. Бірақ, мен үнсіз қалмаймын. Сұхбат беріп, өз құқығымды қорғаймын. Бір түсініксіз жағдайлар орын алуда», - деді Мейіржан Төребаев.