«Сайтансақал-текелер»: Арқалы ақын Мұхамеджан Тазабекті сынап жазды

0
2 501

«Қонаевтың батасын алдым, Назарбаевтың назарында болдым, Тоқаев орден тақты.


 «Сайтансақал-текелер»: Арқалы ақын Мұхамеджан Тазабекті сынап жазды

Белгілі ақын Светқали Нұржан әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстанда 5 маусым күні өткен референдумға байланысты жазған Мұхаметжан Тазабектің өлеңін сынап жазды, - деп хабарлайды malim.kz сайты.

«Төмендегі бетпақ шатқан шатпақ әлем-жәлемде “хит” болып жатыр екен. Нәйеті, осы адамнан азған пәлекеттерге сөз шығындау аузыма қаншалықты ылайық деп ойлауға да болар еді, бірақ бұлардың Отанымызға салған 30 жылдық ылаңы және шексіз арсыздығымен тағы да қазақты ақымақ көріп, алдамақ болып, сөйтіп әр жер, әр жерден жылтыңдап көрінгісі, жағынғысы, тағы санатқа енгісі, сапқа кіргісі келеді» .

Бұдан ары ақын Тазабектің ұйқасына салып, бірер жол өлең жазады. Өлеңінде әнші, экс-депутат, Түркиядағы бүкіләлемдік этноспорт федерациясының бірінші вице-президенті Бекболат Тілеуханның да аты аталады. Ақын бұл екеуін Қазақстандағы діни ағым салафизм ағымы үшін кінәлапты.

“Азанмен әтірленіп, кофелендің”,

Тифлиске Боржомиден жеке келдің.

Әуелден уын жалап бөтен елдің,

Қазақтың қасиетіне “шекелендің”!

Ұлтыңның уызынан безіп, малғұн,

“Сайтанның мүйізіне” некелендің!

Отарын аранға айдап, арам теке,

Тып-тыныш келіп пе еді кете бергің?

Төгілген Сирияда тамшы қаным,

Келеді қу жаныңмен өтелер күн!

Боқболат екеуіңнен құнын алам,

Жат жерде арам өлген бөпелердің!

R.S. Жәдігөй мекіренгені кімге дәрі -

Салафит “сайтансақал-текелердің”!!!"

Жалпы, Светқали Нұржан Қазақстанда 2000 жылдардың басында кең жайылған тағы бір діни ағым – суфизмнің (сопылық) белді өкілі ретінде жиі аталады. Ол осы ағымның Қазақстандағы негізін салушы Исматулла Мақсымның қасынан жиі көрініп қалады.

Еске сала кетейік, 5 маусым күні Мұхаметжан Тазабек Конституцияға өзгеріс енгізу үшін өткен бүкілхалықты референдумға барып, дауыс бергенін өлеңмен жазып, әлеуметтік желіде сынға ұшыраған. Ол қазір шетелде жүр. Ел арасында «осы ағымның серкесі Қайрат Сатыбалды қамауға алынған соң, Тазабектер шетелде бой тасалап жүр» деген болжам айтылады.

Өз кезегінде Мұхамеджан Тазабек те үнсіз қалмады.

«Светқали ағам күн сайын таң қалдырып, сәт сайын сүйсіндіретін, ең мықты ақыным ғой. Ұрсып жатса да, төпелеп жатса да, мәтіннің мәнісінен гөрі ағамның ақындық жүрегі маңызды.
Екі дүниенің мазмұнын таразыға сап, қазақтың қасиетті қара өлеңімен рухыңды тербеп, пәндауи ортаның қасаңынан басқа әлемнің шуағына қарай жетелеп кететін илаһи жолдағы мінезді ағама құрметім бөлек.
Соңғы шыққан кітаптарын үңіле оқып, жантақ тамырлы, сексеуіл бұтақты, жусан иісті қазақы өлеңдермен құшырлана қауышып, біразға дейін әсерінен арыла алмай жүрдім.
Аға, аман болыңыз!
Құл Қожа Ахмет Яссауиден бүгінгі Өзіңізге дейін түркінің түбіт тілінде Мұхаммед (ғ.с.ғ) ның ұлы насихатын мына маң далада шырақтай жаққан дарындарға Алланың нұры жаусын!
Айтысатын жерде айтысқанбыз. Кәсіби сахынада майталман ақын боп, сөз таластырудың майын ішкенбіз.
Әлі де талантым таусылып қалған жоқ. Бірақ, үміттеріңіз ақталмайды-ау, ағамның жағасына жармаспаймын, сөзінен ілік іздемеймін.
Інісіне ренжісе, реті солай болған шығар.
Ештеңе етпейді. Аға зордан, іні бордан.
Бір жақты ақпарат кімге жетпей жатыр?
Мемлекет басшысының да аузына “он мыңды” ойланбай сап жіберген қоғам желдің өтінде жүрген жәй адамдарды аясын ба?!
Жылдар бойы теріс пікірлер естіп, арандатушы жандардың анализін жүрекке қабылдаған шығар.
Ақын жүрек сенген шығар, сенгенін сезініп, маған екі ауыз сөз арнаған шығар.
Әйтпесе, кесіп айтатындай, құрметті ағамызбен көрші тұрғанымыз жоқ, сапарлас болмадық, алыс-беріс те жасамадық.

Сирияға кеткендерге еш қатысым жоқ екенін, қаңтар оқиғасына түрткі болмақ түгілі, түбегейлі ондай бүлікке қарсы екенімді көзі қарақты кез-кез келген тұлға біледі.



Аққа Құдай жақ!
Назарбаев кезеңінде де жаладан қорыққан жоқпын, Тоқаев тұсында да жүрегім тыныш, жолым айқын.

Қонаевтің батасын алдым, Назарбаевтің назарында болдым, Тоқаев орден тақты.
Бірақ, ешқайсының партиясында болғам жоқ, отбасы мүшелерімен бизнес жасағам жоқ, қызмет сұрағам жоқ. Өзім дұрыс деп санаған тұсына жылы сөз айтсам, ол менің азаматтық көзқарасым. Жағымпаздық деп ойласаңыз - ол сіздің көзқарасыңыз.

Құзырлы орындар мен өкілетті мекемелердің де назарынан тыс қалған жеріміз жоқ. Көбісі мені туған анамнан, жанымдағы жарымнан жақсырақ біледі. Аллаға шүкір, артық сұрақ қойылып, әділетсіз айып тағылған емес.
Ал, қоғам болған соң, ел таныған соң мың түрлі пікір, жүз түрлі жүрек қалауы айтыла береді.

Светқали ағама да еш ренішім жоқ.
Уақыт өтер, жүздесіп, сұхбаттасармыз, күмәні болса қисынын айтармыз, қателескен жерім болса түзетер, жалған ақпарат жеткен болса, жауабын айтармыз.
Аға- бауырлармен түсініспей, кейін ұғынысып кетен оқиға көп.
Алла ғана - мінсіз!

Ол да, мен де, сіз де пендеміз!
Ағаның айтуы - заңды, інінің сабыр етіп, тыңдауы - міндет!
Ағамның жүрегі кең, ар жағы даладай даңғайыр, мейірімі Қарағиядай терең адам ғой.

“Менің кеудем — жылылықтың Отаны,
Түнсіз таңдар алма-кезек атады.
Алатаудың мәңгі ерімес мұз-қары
Жүрегімде еріп кетіп жатады…”
деген өлеңді ардақты ағамыз бекер жазған жоқ қой.
Аға, жазарыңыз таусылмасын. Біз сүйсініп, жаттап, жүре берейік.

Акаунты ақылды, сайты сапалы ағайынға айтарым, сырттан тұрып май шашып, шоқ үрлеуді, аз қазақтың арасына ши жүгіртуді қою керек.

Қазір терезенің жақтауында тұрып, қызды құтқарған Сәбит батырдай бір-бірімізге қол үшін беріп, ынтымақтаса ғұмыр кешетін уақыт.

Жаңа Қазақстан жауласып, дауласып жүретіндермен емес, бірлесіп, бітімгершілікпен жүретіндердің тұғыры болу керек!» - деді М.Тазабек.