"Димашты бекер шығардым": Белгілі журналист шығармашылығында тосқауыл көбейгенін айтты

0
1 328

"Талай бассыздыққа шыдасам да, мұндайды намысым көтермеді" деген журналист басынан өткен әділетсіздіктер туралы ашық жазды.


Көпшілікке таныс журналист Ертай Нүсіпжанов өзінің "Димаш Құдайбергенді шығарғанына өкінетінін" жеткізді. Себебі оның бұл еңбегін иеленгісі келетіндер, шығармашылығына тосқауылдар қойған. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Ертай Нүсіпжанов: "Мені танитын адамдар «Неге телеарнадан көрінбейсің?» «Неге кеттің?» «Қайдасың?» деп жиі сұрайды. Көпшілікке түсінікті болу үшін басынан жаза кетуді жөн көрдім.

Журналистикаға 2-курс аяқтаған жылы 19 жасымда келдім. Қазақ радиосына конкурспен қабылдандым. Қара шаңырақ қабырғасында жүріп «Жас алаш», «Айқын», «Алаш айнасы» сынды республикалық басылымдарға әлеуметтік, қоғамдық тақырыптарда тұрақты түрде мақала жаздым. Шыңдалдым. Үш жылдан соң «Қазақстан» телеарнасына ауыстым. Сөйтіп, басы-аяғы 7 жылдың ішінде редактор, сценарист, бағдарлама жүргізуші, продюсер қызметтерін атқардым. Телеарнада тікелей эфирде айтыс ұйымдастырып, «Аламан айтысты» 2 жыл жүргіздім. 26 жасымда телеарнадан аларым, үйренерім қалмады. Іштей тоқырауды сездім. Сөйтіп, басшылыққа жағдайымды айтып Қытайға «Әкімшілік басқару» мамандығына магистратураға Қытайдың грантын ұтып алып оқуға түстім.
Басынан тіл үйрендім. Басқа ортада, басқа жүйеде білім алдым. Ірі мегаполистерін аралап, Қытайдың тұрмыс-тіршілігімен араластым, жіті таныдым. Сөйте жүріп «Алаш айнасы» газетінің Қытайдағы меншікті тілшісі ретінде мақалалар жазып тұрдым. Қытайдың мемлекеттік арналарында тәжірибеден өттім. Медиа холдингтердің жұмысымен таныстым. Оқып жүріп Сыртқы істер министрлігінде өндірістік тәжірибеден өттім. Қытай тілінің халықаралық бағалау көрсеткіші бойынша 5-дәрежесін алдым. Қытайда түрлі компанияларда жұмыс істеу мүмкіндіктері болды. Жеке кәсіппен айналысу үшін есіктер айқара ашылды. Алайда, алған білім, жиған тәжірибемді еліме, өзім еңбек еткен салаға арнаймын деп шешім қабылдадым. Осылайша, 3 жылдан соң аталған салада магистр атанып, елге оралдым. "Ұлттық арнаға бұрыңғы жұмысыма келдім. Бірақ Қытайдан алған білімім мен тәжірибемді пайдалануға онда мүмкіндік берілмеді. Бір орында тұруға болмайды деп 2 жылдан соң өз еркіммен жұмыстан кеттім" дей келе, әрі қарай Димаш Құдайбергеннің Қытайда өткен "Мен әншімін" жобасына қатысуына себепкер болғанын жазған.
"Сөйтіп Қытай нарығын пайдаланудың тетіктерін өз бетімше іздедім. Ол үшін тағы 2 жыл уақытым кетті. Бірақ еңбегім зая болмады. Қытайға Димаш Құдайбергенді шығардым. Өкінішке орай, ол туралы елде қауесет тарады. Күмән келтіргендер шықты. Жалғыз өзім атқарған еңбегімді сол кезде мәдениет министрі болған А.Мұхамедиұлы бүкіл бір министрліктің жұмысы етіп көрсеткісі келді. Ол туралы сұхбаттар берді. Сол аралықта мені Димашты танытқан журналист деп таныстырып Пекин қаласына Орталық телеарнаға арнайы сұхбатқа шақырды. Қытай тілінде сұхбат бердім. Бұл туралы бүкіл Қытай медиасы айтты, жазды. Қытай елеп, мені көтермелеп, ал өз елімде еңбегіме күмән келтіргені жаныма қатты батты...
Бұдан кейін шығармашылығымда түсініксіз тосқау көбейді. Алдымнан кедергілер шыға бастады. 2017 жылы әйгілі Джеки Чан Астанаға келген уақытта аудармашы болдым. Телеарна басшысы Е.Қарин еді. Актер ұшақтан түскеннен бастап, кеткенге дейін қызметімді атқардым. Д.Чан сахнаға шығар алдында «Сіз сахнаға шықпаңыз, басқа жүргізуші шығады. Сахна артында тұрып аударып тұрасыз» деген жоғарыдан тосыннан бұйрық түсті. Аяқтан шалу қанға сіңген ғой бізде. Талай бассыздыққа шыдасам да, мұндайды намысым көтермеді. Бас тартып кері бұрылдым. Сол-ақ еді артымнан қайта шақыртты…
2019 жылы бір әріптесім шақырып «Хабар» арнасының Қытайдағы меншікті тілшісі болуға келістім. Сөйтіп, Астанадан арнайы тәжірибеден өттім. Жаңалық алаңына шықтым, шетел жаңалықтарын аудардым, мәтін оқып, хабар дайындадым. 2 аптада бұл қызметті де меңгердім. Уақыты жетіп, соңғы құжатқа қол қойылатын кезде, сол кездегі «Хабар» басшысы Р.Кертаев қол қоймапты. Құжат қалды сол жерде. Маған ешкім себебін түсіндірме алмады…
Қытайда Орта Азияны зерттейтін 20-дан астам институттар бар. Бізде оның біреуі де жоқ. Осы идеяны қағазға түсіріп, жоғарыға ұсыныс жасадым. Кері жауап та келген жоқ…
Осындай жағдайлардан соң елге еңбек ету үмітім үзілді. Уақыт орнында тұрмайды. Шапқылаудың бекер екенін түсіндім. Өз саласында еңбегі ақталмаған мықты мамандар көп-ақ. Өкінішке орай, олардың потенциалын пайдаланғысы келетін жүйе жоқ бізде.
Мұның бәрін бірдеңеден үміттеніп жазып жатқан жоқпын. Ескі жүйеге өзгеріс керек. Жағымпаздық пен мансапқұмарлықты қою керек. Білімді, қолынан іс келетін жастарға жол ашылсын. Әділдікке жол берілуі тиіс.
Мен өз қызметімді адал атқардым. Біреуге арқа сүйеп қызметке орналасқан жоқпын. Шүкір, еңбегі ақталған адаммын. Соның арқасында қазақты жарты әлем таныды. Қазір ұл мен қыз тәрбиелеп отырмын. Енді соларды елін ойлағандардың көшіне қоссам деген арманым бар. Аллаға шүкір отбасымды асырайтын жағдайым бар. Қызметке, мансапқа мұқтаж емеспін. Қазіргі қызметім – дубляж саласында. Ауылда жеке шаруақожалығымыз бар. Қытаймен жұмыстарым бар.

Журналист болған соң елдің, қоғамның жайын ойламай қоймайсың. Азаматтық көзқарасымды айтып, жазып тұрамын. Осы!

Айтпақшы, осы Димашты бекер шығардым ба деп қоямын кейде", - дейді журналист.

Журналистің бұл жазбасына пікір білдіріп, өз парақшасында бөліскендер саны өте көп. Олардың барлығы дерлік "Біздің мәдениет саласында осындай әділетсіздің көп болады" деген пікірде.

Сондай-ақ желі қолданушылары оған қолдау білдіріп, игі ісіне өкінбеуге шақырған, керісінше "Димашты бекер шығардым демеңіз, әркімнің өмірінде биік шыңға шығуға бір себепкер болады, бұрынғы Димаштың қазіргі Димаш атануына үлес қоссаңыз, бұл сіздің жетістігіңіз, жемісіңіз. Оған еш өкінуге болмайды, қайта қуану керек" деген пікірлерін жазған.