​«Бұл жерге жиендерің жаяу келді»: Қырғыз Президентінен сыйлық алған ақын сынға қалды

0
669

«Тіленіп ат сұрағаны қазақтың намысына тиді»


​«Бұл жерге жиендерің жаяу келді»: Қырғыз Президентінен сыйлық алған ақын сынға қалды


Айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев Қырғызстанда өткен айтысқа қатысып, Қырғыз Президентінен ат мінген ақын Біржан Қалдыбаевты сынға алды.


Аманжол ақын сондай-ақ, қырғыз әріптестерін екі елдің айтыс ақындары Одағының арасындағы меморандум ережесін сақтауға шақырды.


«Мынау Біржан деген ұяты жоқ, беті қалың жігіт екен. Оның мұқым қазақ елінің атынан домбыра ұстап сөйлейтіндей жөні жоқ еді. Себебі қазақ айтыс өнерінде мұндай ақын жоқ. Мәселе бұл жігіттің танымал болмағанында емес. Егер кесек ой айтса, көркем өлең өріп, нақышын келтіре сөйлесе, тіленіп ат сұрамаса, тілеуін тілеп тек қуанар едік.


Қырғыз бауырлардың ыстық пейіліне рақмет! Бірақ, кім көрінгенді көшеден тауып алып, қазақ елінің ақыны деп ел алдына шығармауын сұраймыз. Қазақ елінің айтыс ақындары мен жыршы - термешілер одағының төрағасының бірінші орынбасары ретінде мәлімдеймін. Қазақ халқының бекзат өнерінің құнын олай түсірмеулерін талап етемін. Ақындық таланты жоқ мұндай пысықайлар ешкімге де опа әпермейді. Ендігі жерде қырғыз бауырлар біздер ұсынған ақынды ғана халық алдына шығаруларын сұраймыз. Құстың қос қанатындай бауырлас едің достығын жалған өлеңшілер емес, нағыз құрметке лайық дарынды ақындар жырласын. Біржан бауырымыз елге жеткенсін халықтан, барша айтыс ақындарынан кешірім сұрауды ұмытпасын» деп жазды Аманжол Әлтаев.


Айта кету керек, Қырғызстанның Президенті Садыр Жапаров сол жиында қазақ ақынына сыйлық табыстайтынын айтып, 20-тамыз күні ақынға тұлпар тарту еткен еді.


Айтысқа қатысты бұл мәселе көпшіліктің қызу талқысына түсіп жатыр. Аманжол ақынның бұл сын-пікірін айтыскерлердің бәрі қолдап отыр. Ал олардың бұл көзқарасын қарапайым халық түсінер емес.«Сендер қырғыздардың берген сыйын қызғанып отырсыңдар» деп реніш білдіруде.


«Шындап кіріссе бәрі ақын бізде. Не болды сонша, жан-жақтан маңырап?! Айтқыш екенсіңдер, Қаңтар қырғынында қайда қалдыңдар? Қазақ тілі төрімізден орын ала алмай, босағада, әркімнің табанының астында қор боп жатыр. Қайда, не істеп жүрсіңдер, ақындар?! Ат пен машинаны тек Жүрсіннің жүйріктері міну керек пе?», «Ақын деп жақтап отырған Біржандарың қып-қызыл халтурщик екен. Видеоны көрген адам сөздің төркінін түсінеді. Қазақтың намысын осындайлардың қолына беріп қойғанымыз өкінішті», «Айтысты патенттеп, жекешелендіріп алғансыздар ма? Мынау нағыз көреалмаушылық қой», «Не мынау, дым ұйқасы жоқ, жаяу келдім деп жылап отырғаны ұят-ай» деп пікір білдірді көпшілік.


Төмендегі сілтемеден айтыстың толық нұсқасын тамашалауға болады.