«Ақынның пейілі дұрыс болмаған»: Айтыскер Сырым Әуезхан әні үшін халықтан кешірім сұрады

0
3 604

«Қиын-қыстау, қилы заманда, не болмаған байтақ даламда...»


«Ақынның пейілі дұрыс болмаған»: Айтыскер Сырым Әуезхан әні үшін халықтан кешірім сұрады

Танымал айтыскер ақын, сазгер Сырым Әуезхан «Қиын-қыстау, қилы заманда...» деп басталатын «Біз біргеміз» әні үшін халықтан кешірім сұрады.


«Құлсарыдағы су тасқынына көмектесейін деп келгелі «Біз біргеміз» әнінің көзін құрту керек» дегенді көп естідім. «Қиын-қыстау, қилы заманда, не болмаған байтақ даламда» деп басталатын әннің авторы мен едім. Халықтан кешірім сұраймын. Екіншіден, әннен басқа да себептерді қарастырып көрсеңіздер деген ұсыныс бар. Осы әннің артынан жақсы мағыналы, елге пайдалы, елдің рухын көтеретін ән жазсам ба деген ниет бар. Сондай әншілер болса, хабарласыңыздар, – деді айтыскер ақын.


Сырым Әуезханның сөзін үзеңгілес досы, айтыскер Жандарбек Бұлғақов жалғап әкетті.


«Сырымның мына әні 2019-жылы шығып еді, артынша ковид келді, Қаңтар оқиғасы болды. Енді, міне, су тасқыны келді. Бүйте берсе елдің әнұранына айналып кететін болды өзі. Керегі жоқ екен. Жазып отырған адам пейілі дұрыс болмаған соң, әні шындыққа айналып кетеді екен ғой. Қазір бұл әнді футболдан жеңілсе де қосып қоятын болды», - деп әзілдеді Жандарбек Бұлғақов.


Қос ақынның ән туралы айтқан сөзіне желі қолданушылары да ой қосты.


"Сіздің әніңіз тағдырға айналып кетеді екен. Мықты бір бақыт туралы ән жазыңызшы. Су тасқыны болмаса осы әннің авторы сіз екенін білмей кететін бе едік, кім білсін", "ӘН емес жоғарыда отырған НӘН-дерді ауыстыру керек", "Азық-түлік арзандап, айлық пен жәрдемақы өсіп кететіндей ән керек", "Дәрет алмай жазып жіберген шығар", "Депрессияға түсіріп жіберді осы ән, шыны керек" деп жазды көпшілік.