Үш облыста балық аулауға тыйым салынады

0
630

Акция аясында браконьерлік фактілерінің ең ықтимал көрінетін жерлерінде жылжымалы бекеттер мен мобильді рейдтік топтар ұйымдастырылды.


Үш облыста балық аулауға тыйым салынады

Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында "Бекіре-2023" кең ауқымды балық қорғау акциясы өткізіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап

"Уылдырық шашу кезеңінде табиғатты қорғау және құқық қорғау органдарының қызметкерлері балықтардың, оның ішінде бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашатын орындарға қоныс аударуына жағдай жасау мақсатында жыл сайын балықтың заңсыз аулануы мен айналымына қарсы іс-қимыл бойынша күш біріктіреді", - деп еске салды министрлік мамандары.


Балық қорғау іс-шараларының тиімділігін арттыру үшін экология және табиғи ресурстар, ішкі істер министрлері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы "Бекіре-2023" балық қорғау акциясын өткізу туралы бірлескен бұйрыққа қол қойды.

Осы бұйрықпен балық қорғау акциясын өткізу кезінде құқық қорғау және табиғат қорғау органдарының өзара іс-қимылы жөніндегі үйлестіру штабының құрамы, сондай-ақ акция кезінде бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілді. Үйлестіру штабына басшылық жасау Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитетіне жүктелген.
Акция аясында браконьерлік фактілерінің ең ықтимал көрінетін жерлерінде жылжымалы бекеттер мен мобильді рейдтік топтар ұйымдастырылды.
"Бұл ретте негізгі күштер мен құралдар Каспий теңізінің жағалауы мен акваториясында және Жайық пен Қиғаш өзендерінің сағалық кеңістігінде шоғырланған. Осыған сәйкес, акция кезеңінде әуежайларда, вокзалдарда және автотрассаларда балық өнімдерін әкетуге бақылау күшейтілді".
Сонымен қатар Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Ішкі істер министрлігі 2023 жылғы 1 наурызда Жайық-Каспий бассейні акваториясында браконьерлікке қарсы күрес жөніндегі 2023-2024 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын бекітті.
Осы жоспар шеңберінде Жайық-Каспий бассейнінің су айдындарында бүгінде табиғат қорғау заңнамасын 129 бұзушылық анықталды, 2 қылмыстық іс қозғалды, 2 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды, заңсыз айналымнан 500 кг астам балық, оның ішінде 184 кг бекіре, 186 бірлік тыйым салынған балық аулау құралдары алынды.