"Қатты өкінемін": сотталушы автобус қаққан үш кісінің туысынан жылап кешірім сұрады

0
695

Айыпталушы ер адам 293-бап бойынша бұзақылық жасағанын мойындайтынын айтты.


ERNUR.KZ. Алматыда үш адамның өліміне себеп болған автобус апатына қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Айыпталушы ер адам сотта соңғы сөзін сөйледі, деп жазады inbusiness.kz.

Ашуға бой алдырып, өрескел қате жібердім. Бұзақылық жасағаным үшін өте қатты өкінемін. Алдағы уақытта өзім үшін өмірлік сабақ алдым деп түсінемін. Ендігі бұзақылық жасамаймын деп өзіме сенемін және сіздердің де сенулеріңізді сұраймын", - дейді айыпталушы.

Сонымен қатар, сотталушы айыптау актінде жазылған дерекпен келіспейтінін айтты.

"Былай деп жазып кеткен екен: Өзінің наразылығын жүргізушіге білдіріп, бұзақылық ниетпен қоғамдық көлік ішінде қылмыстық ой туындап, қоғамдық тәртіпті құрметтемеуі анық көрінетін азаматтарға күш қолдану не оның қолдану қатерін төндіру мен бөтеннің мүлкін жоюмен немесе бүлдірумен немесе барынша арсыздықпен ерекшеленетін әдепсіз әрекет жасаумен ұштасқан аса қатыгездікпен бұзу туралы өзінің қылмыстық пиғылын жүзеге асыру мақсатында" деп асыра сілтеп жазып кетіпті. Анықтаушы Оразаевтың бұл жазғандарымен мүлде келіспеймін. Себебі наркологиялық диспансердің сараптамасы бойынша, алкоголь немесе есірткі затын қолданғаным анықталған жоқ және ондай нәрселерге ешқашан әуестігім болған емес. Ақыл-есім дұрыс. Бұрын психикалық есепте тұрған емеспін. Бар ойым үйге жету болған еді. Үйге асықтым", - дейді айыпталушы ер адам.

Айыпталушы бірнеше фактті ескеруді сұрады.

"Бұрын соңды тәртіп бұзушылық және қылмыстық жауапкершілікке тартылған емеспін. Жеп жүрген нанымды адал еңбекпен тауып жүрген қарапайым құрылысшымын. Үш ұл баланың әкесімін және асыраушысымын. Құрметті сот мырза, осыларды ескере отырып маған берілетін жаза минимал және жеңіл болғанын қалаймын және өтінемін. Әділ шешім қабылдайды деп үміт артамын", - дейді айыпталушы.

Сонымен қатар, айыпталушы ер адам марқұмдардың отбасынан кешірім сұрап, шын жүректен кешірім сұрады.