ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ: Жаңа міндеттер ел экономикасын нығайтуға және дамытуға ықпал етеді

0
521

Елімізде қолға алынған бастамалар жайлы эксперттер не айтады?


ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ: Жаңа міндеттер ел экономикасын нығайтуға және дамытуға ықпал етеді

Қазақстан Республикасының бүгінгі таңда алға қойған ең басты міндеттері – ел экономикасын көтеру және қажетті инфрақұрылымдарды дамыта отырып, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсарту. Бұл міндеттер әрдайым күн тәртібінен түспей келе жатыр. Сондай-ақ, бірер күн бұрын Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар тапсырма жүктеді. Осы орайда, экономикалық зерттеулер институтының эксперттеріне бірнеше сауал қойып, пікірлерін тыңдап көрген едік.


Ұлттық құрылтайда еліміздегі автокөлік жолдарының сапасын арттыру тақырыбы айтылып, мемлекет басшысы 12 мың шақырымға жуық жол жөнделетінін жеткізген. Одан бөлек, Үкімет тағы да 2,5 мың шақырым жолдың сапасын арттыруды жоспарлағанын хабарлаған болатын. Осы орайда «Бұл проблеманы қалай шешуге болады?» деген сауалымызға «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ-ның Өмір сапасы орталығының директоры Нұрболат Құрметұлы жауап беріп, әсіресе, жергілікті маңыздағы жолдар мен елді мекендер ішіндегі жолдардың сапасы бойынша сұрақ көп екендігін айтты. Оның сөзіне сүйенсек, жергілікті жолдардың сапасына қатысты мәселелер еліміздің барлық өңірлерінде өзекті. Дегенмен, кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш өте төмен және шұғыл шараларды қолдануды талап етеді.




«Атап айтатын болсақ, Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында жолдардың сапасы мүлдем төмен. Бұл облыстарда қанағаттанарлық емес күйдегі жолдардың үлесі өте жоғары және келесі көрсеткіштерге ие: Батыс Қазақстан – 56%, Атырау – 28%, Ақтөбе – 28%, Солтүстік Қазақстан – 19%, Қызылорда – 18%. Сонымен қатар, елімізде жергілікті маңыздағы жолдардан тыс республикалық маңыздағы жолдардың бірқатар учаскелері заманауи талаптарға сәйкес келмейді және қазіргі ахуалы сын көтермейді. Мысалы, Атырау-Астрахан, Ақтөбе-Қандыағаш, Талдықорған-Өскемен және т.б. Нәтижесінде елімізде автокөлік жолдарындағы апаттылық өте жоғары деңгейде болып отыр. Атап айтатын болсақ, 2023 жылы елімізде 15 мың жол апаты орын алып, оларда 20 мың адам жарақат алса, 3 мың адам мерт болған. Әрине, жолдар сапасының нашарлығының апаттылықтан басқа да әсерлері көп. Біріншіден, автокөлік жолдары желісінің сапасыздығы еліміздің транзиттік әлеуетін іске асыруға тікелей кедергі келтіреді. Екіншіден, өңірлер ішіндегі, сондай-ақ өңірлер арасындағы көліктік байланыстылықты орнатуға толықтау мүмкіндік бермейді. Яғни, халықтың мобильділігін төмендетеді, тасымалдау шығындарын едәуір арттырады. Республикалық және жергілікті маңыздағы жолдармен қатар маңызды мәселелердің бірі – ол елді мекендер ішіндегі жолдардың ахуалы. Мысалы, қалалар ішіндегі жолдар ұзындығы 27 мың шақырымнан астам қашықтықты құраса, соның 8 мың шақырымы немесе 29%-ы қанағаттанарлық емес ахуалда. Ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш одан да жоғары. Ауылдар ішіндегі 61,5 мың шақырым жолдардың 23,5 мың шақырымы немесе 38,2%-ы қанағаттанарлық емес күйде. Айтылған мәселені шешу үшін салада бірқатар шаралар қабылдау керек. Біріншіден, жол салу жұмыстарына біліктілігі бар, жобаны орындау үшін барлық құрал-жабдықтармен қамтылған жауапты компанияларды тарту қажет. Екіншіден, елімізде жол салуға қажет техника мен материалдар өндірісін дамыту қажет. Тек отандық өндіріс пен материалдар жеткілікті болған жағдайда жол салу құнын азайтуға болады. Үшіншіден, ең басты мәселе, жол құрылысындағы бақылауды күшейту қажет. Көп жағдайда сапасыз салынған жолдардың басты себебі дұрыс бақылаудың болмауы болып саналады», - дейді ол.


Сондай-ақ, Атыраудағы маңызды жиында Қасым-Жомарт Тоқаев елді мекендерді газбен қамту көрсеткішін көтеру үшін 1700 шақырым болатын құбырларды жаңғыртуды міндетеген. Аталған жұмыстар іске асырылса, үш жүз мыңнан астам тұрғын табиғи газ тұтынатын болады. Оған қоса, ел Үкіметі биыл газ кіргізу жоспарланған елді мекендер санын 46-дан 87-ге дейін көбейтпек. Бұл жоспарға 195 миллиард теңге бөлінеді екен. Өз кезегінде, бұл бастамаға қатысты Өңірлерді зерттеу орталығының директоры пікір білдіріп, қосымша пысықтауды қажет ететін бірқатар мәселе бар екенін айтты. Мысалы, оның айтуынша, Қазақстанда газ генерациясы электр энергиясының тек 20%-ын құрайды екен. Бұл жағдай, ең алдымен, көмірді отын ретінде арзан пайдаланумен, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушыларға көгілдір отынды ішкі нарыққа жеткізуге экономикалық ынталандырудың болмауымен байланысты көрінеді.


«Жер қойнауын пайдаланушылар мұнай өндіруді ұлғайту үшін ілеспе газды қайтадан пластқа еңгізуде. Осыған байланысты, ұзақ мерзімді перспективада газды ішкі нарыққа жеткізу проблемасы туындауы мүмкін. Алайда, Қазақстанның солтүстік өңірлерін газдандыру үшін қосымша мүмкіндіктер бар. Мәселең ЕО елдері ресейлік газ импортына тыйым салған, соның нәтижесінде шамамен 140-150 миллиард текше метр газға жаңа нарықтарды іздеу қажет. Қазақстан мен Қытай ресейлік газды тұтынатын нарыққа айналуы мүмкін. Қазақстан шамамен 4 миллиард текше метрден 10 миллиард текше метрге дейін жылына тұтыну әлеуеті бар. Алайда Ресеймен келіссөздерде тежегіш фактор газдың құны болып тұр, өйткені Ресейде газдың ішкі тарифтері Қазақстанға қарағанда екі-үш есе жоғары», - дейді орталық директоры Ерлан Кәрімов.


Ұлттық құрылтайда өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында отандық кәсіпорындардың жүктемесін орта есеппен 65%-ға дейін арттыру бойынша қосымша шаралар әзірленетіні де айтылған болатын. Макроэкономикалық зерттеулер мен болжамдау орталығының директоры Таутенов Ерділда Ибадуллаұлының ойынша, қайта өңдеу индустриясында өндірістік мүмкіндіктерді пайдалануды кеңейту экономиканы нығайтуға және дамытуға ықпал етеді.


«Мұндай іс-шаралар елдің сыртқы жеткізілімдерге тәуелділігін азайтып, жергілікті өндірісті ынталандыруы мүмкін, нәтижесінде экспорттың өсуіне және жаңа жұмыс орындарының құрылуына әсер етеді. Өндіріс жүктемесінің артуы сектордағы технологиялық прогреске әкеледі және тауарлардың жаһандық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін жақсартады. Алайда, бұл бастамада жетістікке жету үшін бірқатар аспектілерді ескеру қажет. Ең алдымен, шикізат тапшылығы, сұраныс пен инфрақұрылымның шектелуі, қаржыландырудың әлсіз мүмкіндіктері немесе технологиялық артта қалушылықты қамтуы мүмкін өндірістік қуаттардың Қазіргі төмен жүктемесінің себептерін зерттеу маңызды. Осыны ескере отырып, анықталған проблемаларды шешу үшін кешенді іс-шаралар жоспарын әзірлеу және іске асыру қажет», - дейді ол.


Одан бөлек, Сауда саясаты орталығының директоры Ернар СЕРІК жоғары экономикалық өсімге қол жеткізу үшін бинестің қай бағытына инвестиция құйған дұрыс екендігіне қатысты ойымен бөлісті.


"Менің ойымша, Қазақстанда экономикалық өсудің жоғары қарқынына қол жеткізу үшін инновациялардың, еңбек өнімділігін арттырудың және экспорттық әлеуетті дамытудың катализаторы бола алатын салаларға назар аудару маңызды. Осындай негізгі секторлардың бірі – энергетика, әсіресе жаңартылатын энергия көздерін дамыту саласында. Бұл саладағы инвестициялар қазба байлықтарына тәуелділікті азайтып қана қоймай, сонымен қатар экологиялық тұрақты өсуге ықпал ете алады. Сонымен қатар, инфрақұрылым секторы, оның ішінде көлік-логистикалық саласындағы бизнес-климатты жақсарту және ол салаға инвестицияны ынталандыру маңызды. Көлік инфрақұрылымын жаңарту және кеңейту Қазақстанның халықаралық нарықтарға неғұрлым тиімді интеграциялануына және сыртқы нарықтарға қолжетімділігін жақсартуға ықпал етеді", - деді сарапшы.


Сонымен бірге, Өмір сапасы орталығының директоры Нұрболат Құрметұлы Президенттің 55 жылу көзін жөндеуді және кемінде 6,5 мың шақырым инженерлік желілерді жаңғырту жөніндегі тапсырмасына қатысты пікірін білдірді. Оның айтуынша, қазіргі таңда еліміздегі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның жай-күй өте өзекті мәселе болып тұр.


"Елдегі жылу электр орталықтарының, жылу желілерінің, жалпы барлық желілерді жаңарту қажеттілігі туралы президентіміз бекерден айтып келе жатқан жоқ. Әр саланы алып қарайтын болсақ, әрқайсысында шұғыл шешілуі қажет мәселелер баршылық. Мысалы, жылумен жабдықтау саласындағы маңызды мәселе ол желілер мен өндірістік қорлардың шектен тыс тозуы. Қолданыстағы жылу желілерінің 14 мың шақырымының тозу дәрежесі 50%-дан асқан.Өңірлер бөлінісінде алып қарайтын болсақ, тозу дәрежесінің жоғары көрсеткіштері Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында тіркеліп отыр. Яғни, соңғы жылдарда елімізде орын алып отырған үлкен апаттар дәл осы өңірлерде болып отыр. Атап айтқанда, Екібастұз қаласының жылу жүйесінде болған апат, Риддер жылу электр орталығында болған апат және т.б. Жылу электр орталықтарындағы ахуалы да мәз емес. Елімізде қолданыстағы жылу электр орталықтарының жартысының тозығы жеткен. Кейбірінің тозу дәрежесі критикалық шегіне дейін жеткен. Атап айтатын болсақ, Екібастұз, Арқалық, Ақтау, Орал, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларындағы жылу электр орталықтарының тозу дәрежесі 80%-дан асып кеткен. Әрине, бұндай жағдай өте орынсыз болып табылады және шұғыл шараларды талап етеді. Президент бұл мақсаттарға 650 млрд. теңге инвестиция тартылатыны туралы айтты. Қол жеткізу уақыты туралы айтатын болсақ, модернизация шаралары неғұрлым жедел іске асырылатын болса, соғырлым жақсы болатыны сөзсіз", - деді ол.


Қорыта айтсақ, Ұлттық құрылтайда жүктелген міндеттер мен бағыт-бағдарлар елімізді экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамытуға серпін бермек. Тек іске асыру тетіктерін әзірлеп, жан-жақты талқылап, жұмысты жүйелі түрде жүргізген абзал.


Бауыржан Мейірханұлы,

ERNUR.KZ