Тамара Дүйсенова «Серпін» бағдарламасының қайта жанданатынын айтты

0
813

Студенттерді сергелдеңге салған «Серпін» бағдарламасына ден қойылады.


Тамара Дүйсенова «Серпін» бағдарламасының қайта жанданатынын айтты

ERNUR.KZ. Бұл туралы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың секциялық жиынында премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мәлімдеді, деп жазады baq.kz.

Осыдан 10 жыл бұрын қолға алынған бағдарламаның кемшілігі мен студенттерге тудырған қиындықтары жайлы тақырыпты құрылтай қатысушыларының бірі Мұрат Әбенов көтерді. Оның сөзінше, әу баста тиімді болып көрінген жобаның, қазір түлектерге пайдасынан зияны көп.

Біз бағдарламаға екі жыл қатарынан талдау жүргіздік. Бірінші жылы бір орынға 5 адамнан, екінші жылы 7 адамнан таласты. Жақсы басталды, бірақ өкінішке қарай мемлекеттік органдардың ортасында байланыс болмай қалды. Соңында «Серпін» арқылы ешкім оқымайтын, қызықпайтын және сұранысы жоқ мамандықтарды бере салатын болды. Ол оқуын аяқтағандарды әкімдіктер қабылдағысы келмейді. Жұмыс тауып беру жағы қиын болды. Сөйтіп, студенттер өз облыстарына қайта кетті. Ең сорақысы балаларды жұмысқа орналаспағандары үшін сотқа да берді. Қазір қанша түлек сол үшін 3 млн теңгеден айыппұл төлеп жатыр. Сонда басқа грантпен оқуын аяқтағандар қай өңірге барса да жұмыс істеуге құқығы бар. Ал серпінмен оқыса, «неге оқыдың?», «кімге сендің?» деп міндеттеп, сотқа беріп, жағдайларын қиындатамыз. Қазір мысалы жыл сайын бұл бағдарламамен бөлінетін гранттар көбейіп келеді, бірақ ешкім бармайды. Қорқады баруға. Мемлекеттік деңгейде осы мәселені қайта көтерсек. Президент 2020-2021 жылдары бұл проблеманы көтерді. Бірақ сол сөз күйінше қалып қойды. Менің ойымша біз жергілікті әкімдіктермен байланысып, түлектерді жұмысқа орналастыруды міндеттейік. Гранттарды өңірлерде жетіспей жатқан мамандықтарға берейік, - деді Мұрат Әбенов.

«Серпін» ұлттық білім беру және инновация палатасының төрағасы Мұрат Әбеновтың қаузаған тақырыбын мұқия тыңдаған Тама Дүйсенова, бұл мәселе бақылауда екенін айтты.

Толық қосыламын. Жақында бұл мәселені Үкімет басшысы да көтерді. «Серпін» бағдарламасына анализ жасадық. Сіз айтқандай проблемалары бар. Сондықтан да бірлесе жұмыс істеп, жандандыруға дайынбыз, - деді Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова.

Секциялық жиында мұнайлы өңір жұртының көңілін көншітпейтін экологиялық ахуал да көтерілді. Каспий теңізі мен Жайық өзенінің жағдайы сөз болды. Қатысушылар бұл өзекті проблемаға ден қойып, дереу қолға алу қажеттігін айтты.

Ұлттық құрылтайдың секциялық жиынына қатысушылар, экономика мен медицина, кәсіпкерлік салаларына қатысты мәселелерді де тілге тиек етіп, ұсыныстарын жолдады. Тамара Дүйсенова оның бәрі жиын хаттамасына енгізілетінін айтып, рет-ретімен қолға алынатынын түсіндірді.