ШЫҒАРМАЛАРЫ ЕҢ КӨП ОҚЫЛАТЫН ЖАЗУШЫ: Оралхан Бөкейдің туғанына – 80 жыл

0
1 314

Өзі туған өлкенің ғаламат табиғатын асқан шеберлікпен суреттей жүріп, қазақ прозасының өркендеуіне есепсіз үлес қосты.


ШЫҒАРМАЛАРЫ ЕҢ КӨП ОҚЫЛАТЫН ЖАЗУШЫ: Оралхан Бөкейдің туғанына – 80 жыл

Биыл қазақтың заңғар жазушыларының бірі Орал Бөкейдің туылғанына 80 жыл толып отыр. Өткен ғасырдағы қазақ әдебиетінің жарық жұлдыздарының бірі болған ол 1943 жылдың 28 қыркүйегінде Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Шыңғыстай ауылында дүние есігін ашқан. 1968 жылы ару Алматыға қоныс аударған драматург 1969 жылы ҚазМУ-да жоғары білімін аяқтаған. Десе де, еңбек жолына одан бұрын кірісіп, 1965-1968 жылдары Шығыс Қазақстан облысына қарасты Үлкен Нарын ауданындағы «Еңбек туы» газетінде корректор, аудармашы, редактордың орынбасары, «Коммунизм туы» газетінде әдеби қызметкер жұмыстарын атқарған. Сонымен бірге, әр жылдары қазіргі «Жас Алаш» бұрйынғы «Лениншіл жас» газетінде, «Жұлдыз» журналында еңбек етіп, 1983-1991 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактордың орынбасары, 1991-1993 жылдары бас редактор лауазымдарын атқарған. Өзіндік ерекше жазу стилімен қазақ әдебиетіне жаңалық әкелген драматургты дүйім жұртқа 1970 жылы жарық көрген «Қамшыгер» атты повестер мен әңгімелерінің жинағы танымал еткен.


Бүгінгі ұрпаққа тарих болып қалған деректерде болашақ жазушының мектеп бітіру кешіндегі: «Көкшетау асқан сұлу болса, одан шыққан ақын, жазушылар одан әрі сұлуландырды. Біздің Өр Алтайдың сұлулығы одан әсте кем емес. Бірақ оны жырға қосып, сұлулығын көрсететін ақын, жазушылар жоқ десек қателеспейміз. Мен Алтайдың сұлу табиғатын, сарқылмас байлығын танытуды мақсат етемін. Сондықтан да мен жазушы болуды армандаймын. Адам арманын алдына мақсат етіп қойса, оған жетуге тиісті. Мен де мақсатыма жетемін деп сенемін» – деген сөзі сақталған. Бұл сөздер бозбала Оралханның сол кезде-ақ қаламгер болуға ынталы болғандығын аңғартатындай. Осылайша, жас кезінен көркем сөзге құмар болған ол жылдар өте келе діттегеніне жетіп, өр Алтайдан шыққан қазақтың даңты тұлғаларының біріне айналды. Жазушы болып қана қоймай, өзі туған өлкенің ғаламат табиғатын асқан шеберлікпен суреттей жүріп, қазақ прозасының өркендеуіне есепсіз үлес қосты.


Оралхан өз естеліктерінде туған жеріне қатысты барлық сюжеттердің балалық шағына қатысты екенін айтып, айналасында әрдайым мінезі жайдары, жаны адал адамдар болғанын жеткізеді. «Әйтеуір, не жазсам да өз заманымды, сол заманда табан ет, маңдай терін жұмсап жүрген қарапайым еңбек адамдарын тілге тиек етуге тырыстым», - деп түйіндейді ол өз сөзін. Міне, осылайша туған жерін тіліне тиек еткен жазушы қазақ әдебиетінің алтын қорына «Үркер», «Қайдасың қасқа құлыным», «Мұзтау», орыс тіліне тәржімаланған «Жасынның ізі» – «След молний», «Ән салады шағылдар» – «Поющие барханы», «Сайтан көпір» – «Крик», «Зымырайды поездар» – «Поезда проходят мимо», «Кісікиік» – «Человек – Олень» сынды ғаламат туындыларын қосып кетті. Тағы бір айта кетерлігі – Оралханның әрбір шығармасы өзекті болғаны соншалық, көптеген еңбектері неміс, словян, болгар, ағылшын, венгер, араб, қытай, жапон және ТМД елдерінің тілдеріне аударылған. Тиісінше, Оралхан Бөкейдің шығармашылығы жоғары деңгейде бағаланып, 1976 жылы «Құлыным менің» пьесасы үшін Қазақстан Республикасы Жастар сыйлығының лауреаты, 1978 жылы «Найзағай ізі» повестері мен әңгімелері үшін Н.Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың лауреаты, 1986 жылы «Біздің жақта қыс ұзақ» повестері мен әңгімелері үшін Абай атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған. Алайда, Алаш жұртының осы бір талантты ұлы шығармашылықпен іссапармен Үндістанға барып, 1993 жылдың 17 мамырында Делиде жан тапсырды.


Ендігі кезекте талай адамды рухани байлықпен азықтандырған жазушының шығармашылығын қазіргі буын қалай оқып жатыр, қаншалықты құрмет көрсетіліп келеді және биылғы 80 жылдық мерейтойы қалай атап өтіледі деген мәселелерге тоқталсақ.


Бүгінгі таңда Өскемендегі қалалық кітапхана 2016 жылдан бері Оралхан Бөкейдің есімімен аталып келеді. Сол кезде бері бұл нысандағы әрбір іс-шара заңғар жазушының өмірі және шығармашылығымен тығыз байланыстырылып келе жатыр екен. Тіпті, оның шежіресін тану мақсатында «Ататек» деген жоба арнайы қолға алынған. Сондай-ақ, кітапанаға бас сұққан адам кіреберістен бастап жазушының қанатты сөздерін оқып, барлық кітабы және шетел тіліне аударылған еңбектерімен танысып, суреттерін, аудио және видеосұхбаттарын тыңдай алады. Ал, келуге мұршасы болмағандар осының барлығын Bokey.kz деп аталатын сайт арқылы көре алады. Одан бөлек, мұнда жазушы шығармаларының желісі бойынша салынған суреттер және «Оралхантану» бөлімінде жазушының бүкіл өміріне қатысты деректер қамтылған.


Одан бөлек, Оралхан Бөкейдің шығармашылығын жастар арасында кеңінен насихаттау бағытында «Мұзтау» деп аталатын әдеби клуб жұмыс істеп келеді. Жазушының барлық туындылары жүйелі түрде оқылып, ашық талданатын бұл клубқа жастар ғана емес, барлық жастағы азаматтар да ерекше қызығушылық танытады екен. Осылайша, көпшілік Оралханның қаламынан туған дүниелермен танысып жатыр.


Сондай-ақ, елімізде еңбегі ерен жазушының шығармашылығын дәріптеу мақсатында жыл сайын Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауы өткізіліп келе жатыр. Алғаш рет 1998 жылы Астана шаһарында өткен байқау жеңімпаздары бүгінгі таңда түрлі салада еңбек етіп, ел руханиятының деңгейін көтеруге үлес қосып жүр.


Ал, биылғы мерейтойға орай, шығысқазақстандықтардың бастамасымен әлеуметтік желілер арқылы жазушы еңбектері насихатталып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл бойы жалғаса бермек. Ал, мерейтойға орай Өскеменде ұйымдастырылатын негізгі шара – «Неткен ғажап дүние!» тақырыбында көркем очерк жазудан өтетін Оралхан Бөкей атындағы республикалық ІІ-әдеби публицистикалық байқау. Оған шфғармасына ауылдағы еңбек адамдарын арқау ететін 25-40 жас аралығындағы кез келген жазушы мен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері қатысатын болады. Аталған байқаудың қорытынды кезеңі 28 қыркүйек күні, яғни Оралхан Бөкейдің туған күнінде Катонқарағай ауданында өткізіледі. Бұдан да бөлек, жыл соңына дейін республикалық конференциялар мен іс-шаралар өткізу жоспарланған.


Мәселен, мамыр айында Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада қаламггердің 80 жылдығына арналған республикалық конференция өтті. Абай, Түркістан, Жамбыл, Ақтөбе, Павлодар, Шығыс Қазақстан өңірлері мен Астана қаласының делегаттары қатысқан жиында Оралхан Бөкей жайлы естеліктер айтылып, оның рухани мұрасының маңызы жайлы пікірлер тыңдалды. Сонымен қатар, конференцияға қатысушылар қазіргі уақытта елімізде Оралхан Бөкейдің туындылары ең көп оқылатынына, жазушы стилінің ерекше екендігіне, оның қара жұмыс істеп жүріп, шығармашылыққа дайындалғанына және т.б. көптеген жағдайға тоқталды.


Тағы бір маңызды оқиға – Оралхан Бөйкейдің мұражай-үйі биыл мемлекет меншігіне берілді. Бұған дейін жеке адамның меншігінде болған бұл ғимаратта жазушының жастық шағы өткен. Осылайша, мәдени-тарихи нысанды күтіп ұстауды мемлекет өз қарауына алмақ. Катонқарағай ауданы әкімінің сөзіне сүйенсек, ғимаратты «Катонқарағайды тұрақты дамыту қоры» сатып алып, енді үйді қалпына келтіру жұмыстарын бастағалы отыр. Себебі, бұл ғимараттың ауласынан бастап, ішіне дейін қалыпқа келтіру қажет. Содан соң, облыстық өлкетану мұражайының бір филиалы ретінде іске қосылмақ. Қазір музей қорында мыңнан астам дерек болу керек деген сынды талаптарға сәйкес, жәдігерлер жинақталу үстінде. Осы жұмыстың барлығы аяқталғасын, келушілер үшін нысан есігі айқара ашық болғалы тұр.

Расында, елімізде Оралхан Бөкейге көрсетіліп жатқан құрмет аз емес. Әсіресе, Өскемендіктер бұл іске шындап кіріскен. Дегенмен, Оралхан Шығыстың ғана емес, күллі қазақтың перзенті болғандықтан, оның мол мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу жолында аянып қалмағанымыз жөн болар.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ