Орал қаласында үйлерге қар суы кіріп жатыр

0
380

Үйіне су кірген тұрғындар бейнежазбаларымен бөлісіп жатыр.


Орал қаласында үйлерге қар суы кіріп жатыр

ERNUR.KZ. Орал қаласында үйлерге қар суы кірді. Бұған толассыз жауған жаңбыр да әсер етті, деп жазады inform.kz.

Орал қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ресми түрде нақты анықталғаны – әзірге үш үйге су кірген. Атап айтқанда, Қасым Ахмиров көшесі 3, Қобыланды батыр көшесі 34 және Көшім көшесі 34-мекенжайында осындай оқиға болды.

«Қазіргі кезде қала әкімдігі мен Төтенше жағдай басқармасының қызметкерлері оқиға орнына барып, мәселені анықтап, қолұшын созып жатыр. Су сору және басқа жұмыстар атқарылуда», - деп хабарлады ведомстводан.

Үйіне су кірген тұрғындар бейнежазбаларымен бөлісіп жатыр. Зачаган кентінде Есет Әзербаев көшесі 13-үйде тұратын Алтынай Молдағалиеваның айтуынша, көшенің суы аулаға қарай ағып, толтырған.

«Ауланың іші, сарай, жерқойма суға толды. Су сенеге, залға кірді. Мана үш машина келіп, сорып кеткен. Тағы да күтіп отырмыз», - деді Kazinform тілшісіне А.Молдағалиева.

БҚО ТЖ департаментінің мәліметі бойынша тәулік ішінде еріген қар суын сору бойынша 696 өтінім түскен. Соның ішінде Төтенше жағдайлар департаменті және жергілікті атқарушы органдар 609 өтінімді пысықтаған, 87 өтінім бақылауда. Бір тәулікте 39 835 су сорылып, оған 370 адам жұмылдырылып, 157 техника, 85 мотопомпа тартылған. Сондай-ақ облыста су шайып кеткен жолдар саны бесеуге жетті. Бүгін Теректі ауданы Аңқаты ауылдық округінде Қандық ауылы тұсында аудандық маңызы бар Сарыөмір-Аңқаты жолының үстіне су шығып кетті. Теректі ауданының Богданов ауылы маңында облыстық маңызы бар Теректі-Ақсай автожолының 19-шақырымында осындай оқиға болды. Екі жерде де көлік қозғалысы бұзылған жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда ауласын су басқаны жөнінде тұрғындардан 600-ге жуық өтініш түскенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Батыс Қазақстанда жолды су шайып кетуіне байланысты бір ауыл қатынассыз қалды.