Олжас Бектенов Ақтөбе облысындағы су тасқыны жағдайын тексерді

0
377

Үкімет басшысы бірқатар су қоймасын тікұшақпен аралап, су тасқынынан зардап шеккен үйлерге барды.


Олжас Бектенов Ақтөбе облысындағы су тасқыны жағдайын тексерді

Қазақстан Премьер-Министрі, Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабтың басшысы Олжас Бектенов Ақтөбе облысындағы су тасқынына байланысты жағдайды тексеріп, Мемлекет басшысының тапсырмаларының жергілікті жерлерде орындалу барысымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Атап айтқанда, Үкімет басшысы бірқатар су қоймасын тікұшақпен аралап, су тасқынынан зардап шеккен үйлерге барды, сондай-ақ ахуалдық орталықтың жұмысымен танысып, республикалық штабтың отырысын өткізді.

Сол жерде Олжас Бектенов су басқан үйлердің жай-күйін қарап, тұрғындардың баспаналарын қалпына келтіру және басқа да қосымша қолдау шараларын көрсетуге қатысты сұрақтарына жауап берді. Мәселен, әкімдік тізімдері бойынша су тасқынынан зардап шеккендер санатына жатқызылған барлық азаматқа несиелер бойынша 3 айға кредиттік төлемдерін автоматты түрде кейінге шегеру мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар төлемдерді кешіктіргені үшін айыппұлдар мен өсімпұлдар салынбайды.

Жалпы облыста тасқын қаупі әлі сейілмеген. Қазір өзендердің көпшілігінде су арнасынан асып кеткелі тұр. Өңірде 792 үй су астында қалды. Облыстың 5 ауданында (Қобда, Мұғалжар, Темір, Әйтеке би, Ойыл) және Ақтөбе қаласында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Су тасқынына қарсы іс-шараларға жеке құрамнан 3 140 адам, 664 техника жұмылдырылды. Барлығы 8 978 адам қауіпсіз жерге көшірілді.