Мәжіліс депутаты құм салынған бөгет салғандарды сынға алды

0
254

Депутаттың пікірінше, мұндай әдістер тиімсіз, өйткені үлкен еңбек, қаржы мен уақытты қажет етеді.


Мәжіліс депутаты құм салынған бөгет салғандарды сынға алды

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаттары жергілікті және атқарушы органдардың апатпен күреске дайын болмағанын айтып, парламент мүшелерінің бірі ұсынысын жеткізді, деп жазады stan.kz.

Премьер-министр Олжас Бектенов атына депутаттық сауал жолдаған мәжілісмен Мұқаш Ескендіров су тасқыны облыстардың, қалалар мен аудан әкімдерінің тиісті дайындығы жоқ екенін көрсетті деп мәлімдеді.

"Төтенше жағдайлар департаменттері, құқық қорғау органдары, ұлттық ұлан қызметкерлері су тасқынының салдарымен жанқиярлықпен күресіп жатқаны сөзсіз. Алайда олар ескірген әдістерді қолданады, құммен толтырылған қаптардан бөгет салу да соған жатады", – деді мәжілісмен.

Депутаттың пікірінше, мұндай әдістер тиімсіз, өйткені үлкен еңбек, қаржы мен уақытты қажет етеді.

"Мұндай бөгеттерді еріген су шайып кетеді. Қазір көрші Ресейде азаматтық және өнеркәсіптік нысандарды қорғау үшін аумақты судан қорғайтын, қайта пайдалануға болатын, гидротехникалық құрылым саналатын мобильдік су құю бөгеттері белсенді қолданылады", – деп атап өтті Ескендіров.

Сонымен қатар, мәжілісменнің мәліметінше, мұндай су құятын бөгеттер АҚШ, Франция, Германия, Таиланд, Аустралия, Испания және басқа елдерде қолданылады.

"Су құю бөгеттерінің ұзындығы – 100 метр, биіктігі – 1 метр. Олар салмағына қарай жүздеген тонна суды іште ұстап, суға бөгет болады. Бұл – өте тиімді шешім. Біріншіден, құм дорбалары ауыр, адамның көп күш-жігерін қажет етеді, сондықтан жұмыс өте баяу жүреді, ал су өте тез келеді. Ал бұл құрылғы суды мотопомпа секілді қуатпен сорады, бөгет тез көтеріліп, көп адамды жұмылдыруды және жұмыс күшін пайдалануды қажет етпейді", – деді Ескендіров.

Депутат бұл бөгеттер су тасқынынан қорғаудан басқа мақсаттарда да қолданылатынын атап өтті. Мәселен сулы-батпақты жерлерде құрылыс жұмыстарын жүргізуге, кабельдік және құбырлық жұмыстарға қажет.

"Екіншіден, құм салынған қаптарды су шайып кетеді. Ал бұл құрылғы толғаннан кейін салмағы жүздеген тоннаға жетеді және оны жылжыту мүмкін емес. Үшіншіден, су кеткеннен кейін қап пен құмды жинау керек, оған уақыт қажет. Ал құрылғы оңай жиналып, қоймада сақталады", - деп түсіндірді ол.

Осыған байланысты депутат су тасқынына қарсы күресте су құятын бөгеттерді пайдалануды зерттеп, су құятын жылжымалы бөгеттердің отандық өндірісін іске қосу үшін қажет жұмыстарды жүргізуді ұсынды.