Қуандық Бишімбаевтың байлығы әшкере болды

0
231

Астанада бұрынғы министр Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.


Қуандық Бишімбаевтың байлығы әшкере болды

ERNUR.KZ. 33 жастағы Бақытжан Байжанов – Қуандық Бишімбаевтың алыс туысы. Ол қылмысты жасырды және бұл туралы хабарламады деп айыпталып отыр. 11 сәуірден бастап Бақытжан Байжанов сот отырысында сөйледі. Қылмыстық істің бағыты туысқандар арасындағы мүлік дауына ұласудың аз-ақ алдында қалды, деп жазады inbusiness.kz.

Бақытжан Байжанов Бишімбаевтар отбасының мүлкіне (ата-анасының пәтері) ғана емес, бизнесіне де иелік ететіні белгілі болды.

Ашық дереккөздерге сенсек, айыпталушы Бақытжан Байжанов 3 компанияға иелік етеді. Соның бірі – құрылыс жобаларын әзірлеумен айналысатын "SUCCESS ABN" ЖШС. Мұндағы ABN аббревиатурасы кездейсоқ таңдалмаған. Бұл компанияны Қуандықтың анасы Альмира Балтабайқызы Нұрлыбекова басқарады. Ол Қанат Ибраевпен бірге ALAWWAL PARTNERS LTD компаниясын да басқарады. Айта кету керек, Қанат Ибраев 13 сәуірден бастап "EZY PARK" ЖШС-іне иелік етеді. Осыған дейін бұл тармақта Байжановтың тегі жазылған. "EZY PARK" компаниясына Салтанат Нүкенова өлтірілген "Гастроорталық" тиесілі. Осыдан бір апта бұрын ЖШС басшылығы Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекованың құрылтайшылар қатарынан шыққанын мәлімдеген еді. Бірақ та, Бишімбаевтар әулеті аффилиирленген тұлғалар арқылы табысты бизнеске қатысуын жалғастырып отырғанын байқауға болады. Былтыр "EZY PARK" ЖШС 31 млн теңгеден астам салық төледі.

Осы тұста жоғарыда аталған барлық үш ЖШС бір уақытта, яғни 2021 жылы құрылғанына баса назар аударған жөн. Экс-министр шартты түрде бостандыққа шыққан шамамен бір жылдан соң құрылған.

Еске салайық, 2018 жылдың наурыз айында Қуандық Бишімбаев 346 млн теңге пара алып, 1,2 млрд теңге бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылған болатын.