Қостанайда бір уақытта 1 500 домбырашы күй шертті

0
978

1500 домбырашы 7 күйді орындап, көрерменді ерекше әсерге бөледі.


Қостанайда бір уақытта 1 500 домбырашы күй шертті

ERNUR.KZ. Ұлттық домбыра күні және Арқалық қаласының туған күніне орай "Домбыраның күмбірі - бар қазақтың бірлігі" атты мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Салтанатты шарада Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев, шара қонағы, Қостанай облысының құрметті азаматы Амангелді Садырбеков және Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов мерекемен құттықтады.Сондай-ақ ұлттық аспапты дәріптеу жолында ерен еңбегімен танылған арқалықтықтарға Қостанай облысының басшысы Құмар Ақсақаловтың алғыс хаты табыс етілді.

Бірнеше айғы дайындықтың нәтижесінде қала мен ауылдардан түрлі сала өкілдері, студенттер, мектеп оқушыларынан құралған 1500 домбырашы 7 күйді орындап, көрерменді ерекше әсерге бөледі.

Шара қорытындысында мерекелік бағдарламаның өтуіне демеушілік жасаған меценат азаматтар, "Ең жас домбырашы", "Ең қарт домбырашы", "Домбырашылар әулеті" номинацияларының иегерлері мен "1 500 домбыра" шарасының бас дирижеры Бораш Әбеновтер салтанатты түрде марапатталып, қаржылай сыйлықтар табыс етілді.

Ұлттық домбыра күні мен Құрманғазы Сағырбайұлының 205 жылдығына арналып өткізілген "Домбыра - думан" атты аймақтық домбырашылар байқауының гала концерті көрермен назарына ұсынылды.

Демеушілердің көмегімен Қуандық Рахым, Шаһаризат Сейдахмет, Аргоня, Бақытжан Желдербаев, Динара Жаңабергенова сынды эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, көрерменнің мерекелік көңіл-күйін еселеді.

Шара соңы отшашуға ұласты.