Қазақстанда қаңтардан бастап педагогтерді аттестациялау жеңілдейді

0
2 623

Педагогтерді аттестациялаудың жаңартылған жүйесі пилоттық режимде 2024 жылы қаңтарда басталады.


Қазақстанда қаңтардан бастап педагогтерді аттестациялау жеңілдейді

ERNUR.KZ. Енді мұғалімнің кәсіби деңгейі мен жетістігі оқушылардың жетістіктерімен тікелей бағаланады. Министрлік аттестациялау жүйесіне өзгерістер енгізілетінін мәлімдеді, деп жазады stan.kz.

Педагогтерді аттестациялаудың жаңартылған жүйесі пилоттық режимде 2024 жылы қаңтарда басталады. Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев жүйенің қалай өзгеретінін түсіндіріп берді.

Комитет төрағасының айтуынша, педагогтердің білім деңгейі бойынша жеке лауазым санаты үшін бағалау критерийлері мен тиімділік көрсеткіштері әзірленді. Әр біліктілік санаты үшін белгіленген критерийлер қолмен тексеріліп, сараланды.

Сонымен қатар жұмыс тобының мүшелері сабақты бақылаудың автоматтандырылған түрін әзірлеп, оны сабақ барысында сынақтан өткізіп көрді.

"Атестатталатын педагог платформадағы өзінің жеке кабинеті арқылы аттестациядан өтуге өтінімді өз бетінше бере алады, мұнда интеграциялық әдіс қолданыла отырып, мұғалімнің жеке деректері, білім алушылардың оқу үлгерімі мен білім сапасы, олимпиадалар мен жобалардағы нәтижелері, біліктілікті арттыру курстары, ПББ нәтижелері және т.б. ақпараттар жинақталған. Сондай-ақ, педагогика мен оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алынып тасталды. Педагогтің кәсіби шеберлігі тек оқытылатын пәні бойынша және ол өз санатын модератор мен сарапшы дәрежесіне көтеруге өтініш бергенде ғана бағаланатын болады. Жоспарланған жаңа өзгерістерге сәйкес, педагогтің жоғары кәсіби деңгейі мен табысты қызметі оқушыларының жетістіктеріне тікелей байланысты болмақ", - деді орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев.

Педагогтерді аттестациялаудың жаңартылған жүйесі келесі жылдың қаңтарынан бастап Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында пилоттық режимде іске қосылады. Аталмыш жоба көктемде толықтай іске қосылады.