Елбасы туралы заңды жоюға екі депутат дауыс бермеді

0
459

Конституциялық заң жобасын қарастыру барысында депутаттар тарапынан ұсыныстар келіп түскен жоқ.


Елбасы туралы заңды жоюға екі депутат дауыс бермеді

ERNUR.KZ. Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Елбасы мәртебесін жою туралы заң жобасы мақұлданды, деп жазады baq.kz.

Мәжіліс депутаты Арман Қожахметов «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының күшi жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы бойынша қосымша баяндама жасады.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының күшi жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының жобасы жалпыұлттық референдум нәтижесінде Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілген өзгерістерді іске асыру мақсатында әзірленді.

Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады деген норманы көздейтін Конституцияның 46-бабы 4-тармағы алынып тасталды. Осыған орай, құқықтық негіздің жоқ екендігін ескере отырып, бұл заң жобасымен Конституциялық заңның күшін жою көзделеді, - деді Қожахметов Мәжілісте.

Сонымер қатар биыл 5 қаңтарда Парламент Мәжілісінің 34 депутаты – «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшелері өз құқығын жүзеге асырып, Конституциялық Сотқа өтініш жолдады.

Мәжіліс депутаттары өтініште Конституцияның 62-бабы 4-тармағына ресми түсініктеме беруді сұрады.

Осыған орай, депутаттардың өтінішіне Конституциялық Соттың биылғы 10 қаңтардағы №2 нормативтік қаулысында берген ресми түсіндіруге сәйкес: «2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумда білдірілген, Конституциядан 46-баптың 4-тармағы мен өзге де нормаларды алып тастау туралы Қазақстан халқының еркіне негізделе отырып, қазіргі уақытта Конституцияда «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы» Конституциялық заңның Қазақстан Республикасында қолданылатын құқықта сақталуына құқықтық негіздер жоқ, деп тану қажет, осыған байланысты оның күші жойылды деп танылуға жатады, - делінген.

Конституциялық заң жобасын қарастыру барысында депутаттар тарапынан ұсыныстар келіп түскен жоқ.

Парламент Палаталарының бірлескен отырысында депутаттар Қазақстан Республикасы Парламенті Регламентінің 32-6-тармағын басшылыққа ала отырып, конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасын Сенаттың 43 депутаты «қолдап» дауыс берсе, бір депутат дауыс бермеді, 92 Мәжіліс депутаты қолдаса, біреуі дауыс бермеді.