Депутаттар медициналық сақтандыру төлемдерін 5 есе көтеруге қарсы шықты

0
606

Медициналық көмекке жүгінбестен ай сайын Қорға төлейтін ақшасы үшінші тұлғалардың медициналық қызметтерін төлеуге кетеді, сонымен қатар Қор оны өз қалауы бойынша пайдаланады.


Депутаттар медициналық сақтандыру төлемдерін 5 есе көтеруге қарсы шықты

ERNUR.KZ. Бұл мәселені депутат Ержан Бейсенбаев Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға жолдаған сауалында көтерді, деп жазады baq.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Жолдауында және 7 ақпандағы жаңа Үкіметтің отырысында міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің тиімсіз жұмысын сынға алып, қолданыстағы медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандыру моделі жоқ екенін атап өтті.

"Ақ жол" демпартиясының фракциясы 2022 жылғы 13 сәуірдегі сауалында салымшылардың әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында өз қаражатын бақылай алмайтыны жөніндегі проблемасын көтерді, қор атауындағы "сақтандыру" ұғымы да профанацияға айналған. Сонымен қатар табысы 850 мың теңгеден асатын тұлғалар үшін Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын бес есеге ұлғайту туралы Заң жобасы "Ашық нормативтік-құқықтық актілер" порталында орналастырылды. Олардың дерегі бойынша, 2025 жылдан бастап, бұл – жалдамалы қызметкерлердің жалпы санының 9 пайызына, яғни 502 мың адамға әсер етеді, - деп айтты мәжілісмен.

Бейсенбаевтың айтуына қарағанда, аталған порталда жобаны онлайн талқылауға бір сағат қана уақыт бөлінген. Бірақ бұл ретте жүздеген азамат бұған қарсы пікір білдірді, ал Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша аударымдарды ұлғайту жөніндегі бастама бизнес өкілдеріне ұнамай, олар да наразы екенін көрсетті.

Медициналық сақтандырудың қолданыстағы моделі экономиканың барлық қағидатына қайшы келеді, өз денсаулығы үшін дербес жауапкершілікті және емделуге дербес жинақтарды қамтымайды. Адам өз денсаулығына қалай қарайтынына қарамастан төлеуге міндетті болып шығады. Яғни жаман әдеттері жоқ, спортпен шұғылданатын және аударымдарын емдеуге жұмсамайтындар денсаулығына мән бермейтіндер, темекі шегетіндер, ішетіндер және одан үнемі дәрі-дәрмектер мен дәрігерлерге ақша жұмсайтындармен бірдей төлеуі керек. Қарттарға, мүгедектерге және төтенше жағдайларға қатысты ынтымақты қағидат жұмыс істеуі керек екені түсінікті. Бірақ толыққанды адамдар денсаулығына жауап беруі керек. Ал әрбір жарна төлеушінің өз жарналарын өз бетінше билік етуге құқығы болуға тиіс, - дейді мәжілісмен.

Әйтпесе, олардың едициналық көмекке жүгінбестен ай сайын Қорға төлейтін ақшасы үшінші тұлғалардың медициналық қызметтерін төлеуге кетеді, сонымен қатар Қор оны өз қалауы бойынша пайдаланады.

Ақиқатында, бұл сақтандыру емес, салықтың қосымша түрі. Бірақ салықтарды ашық түрде пайдалану керек, ал МӘМС қорының жұмысы – бұл бір үлкен жұмбақ және бір үлкен түбі жоқ "қара тесік". Мұндай жағдайларда алдыңғы жүздеген миллиардтардың қалай және неге жұмсалғанын түсінбей тұрып, қорға төлемдерді бес есе арттыру қоғам үшін тым қымбат және бизнеске шамадан тыс жүктеме, - деп түсіндірді Ержан Бейсенбаев.

Депутат мынадай ұсыныстарын оқып берді:

1. МӘМС төлемдерін арттырудан бас тарту.
2. Медициналық сақтандыру жүйесін монополиясыздандыру және осы салада нарықтық және бәсекелестік тетіктерді енгізу.
3. Азаматтардың сақтандыру ұйымдарындағы шоттарын ашықтық пен еріктілік негізінде дербестендіру.
4. Әрбір нақты азаматтың денсаулық жағдайы мен өмір салтына байланысты сақтандыру сыйлықақыларын төлеу сомаларын айқындау әдістемесін әзірлеу.
5. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды сақтандыру және ынтымақтастық бөліктеріне қарай бөлу.