Депутат марқұм Болат Назарбаевтың қызы басқарған компанияны тексеруді сұрады

0
437

Депутаттың мәліметінше, Қазақстан Республикасының аумақтық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 50 шекара заставасын салу жоспарланған болатын.


Депутат марқұм Болат Назарбаевтың қызы басқарған компанияны тексеруді сұрады

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Бас прокурор Берік Асыловтан осы жоба бойынша «TOLAGAI-2050» ЖШС-қа қатысты тергеп-тексеру жүргізуді, деп жазады baq.kz.

Депутаттың мәліметінше, Қазақстан Республикасының аумақтық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 50 шекара заставасын салу жоспарланған болатын. 2022 жылы 20 шекара заставасын салу бойынша жұмыстарды сатып алуға тендер жарияланды және 53 млрд теңге сомасына мердігерлік ұйымдар «Kapital construction» ЖШС-мен және «TOLAGAI-2050» ЖШС-мен жалпы шарттар жасалды.

Жасалған шартқа сәйкес «TOLAGAI-2050» ЖШС 40 млрд теңге сомасындағы 15 шекара заставасын салуға тиіс еді. Жұмысты орындау мерзімі 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін. Алайда жоғарыда көрсетілген шарт бойынша мерзім өрескел бұзылды. Бұдан басқа, жүргізілетін жұмыстардың сапасына шағымдар түсіп жатыр. Қолда бар ақпарат бойынша биыл 1 қазанда «TOLAGAI-2050» ЖШС тек 13 млрд теңгені игерді, бұл шарттың жалпы сомасының 35%-ы игерілді деген сөз. Осы объектілер бойынша «TOLAGAI-2050» ЖШС шартты орындау мерзімін тағы 9 айға ұзартуды сұрайды, бұл жобаның айтарлықтай қымбаттауына алып келуі мүмкін, - дейді Сарым.

Оның сөзінше, «TOLAGAI-2050» ЖШС компаниясының атауы Алматы қаласы мен Павлодар облысындағы суару желілерін реконструкциялау, Сайрам су қоймасындағы механикалық тазарту және т.б. жобалар бойынша жаңалықтарда бірнеше рет сынға ұшыраған компания болып көрсетілді.

Компания 80-нен астам азаматтық және әкімшілік сот тергеп-тексеруіне қатысты, оның 10-нан астамы 2023 жылы өтті, оның ішінде мемлекеттік сатып алу рәсімінде міндетін адал орындамаушы деп танылды.

Бұл ретте Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті осы жобаның тапсырыс берушісі бола отырып, оған толық заңды негіздері болса да, осы күнге дейін шартты бұзу жөнінде шешім қабылдаған жоқ. 2022 жылғы 3 ақпанға дейін осы компанияның құрылтайшылар тізімінде қазіргі марқұм Болат Назарбаевтың қызы Ақбота Назарбаева болғанын атап көрсетеміз. Шекара заставаларын салу елдің аумақтық қорғанысын қамтамасыз етудің негізгі бөліктерінің бірі болып табылатынын ерекше атап айтамыз. Құрылыс мерзімдерінің бұзылуы елдің аумақтық тұтастығын бұзу, есірткі тасымалы мен басқа да тыйым салынған өнімдердің заңсыз айналымы, жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз көшіп-қону қаупінің артуына алып келуі мүмкін, - деп түсіндірді Айдос Сарым.

Депутат Бас прокурор Берік Асыловтан осы жоба бойынша «TOLAGAI-2050» ЖШС-қа қатысты тергеп-тексеру жүргізуді және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қажетті шараларды қабылдауды сұрады.